Салтбасты өмірлеріңнің игілігін барынша көріңдер!
“Кім осылай өмір сүре алатын болса, солай етсін” (МАТ. 19:12 ЖД).
1, 2. а) Иса, Пауыл және өзгелер салтбасты болуға қандай көзқарас танытқан? ә) Неліктен кейбіреулер салтбасты болуды сый деп қарастырмауы мүмкін?
НЕКЕ Құдайдың адамзатқа берген ең бағалы сыйларының бірі екендігі шүбәсіз (Нақ. с. 19:14). Алайда көптеген салтбасты мәсіхшілер де толыққанды әрі қанағаттандырарлық өмір кешуде. Ешқашан отау құрмаған тоқсан бес жастағы Харольд бауырлас былай дейді: “Адамдармен араласқанды және қонақ шақырғанды ұнатқаныммен, оңаша қалғанымда, ешқашан жалғыздықты сезінбеймін. Менде шынында да салтбасты болу сыйы бар деп ойлаймын”.
2 Иса Мәсіх те, елші Пауыл да салтбастылықты некелік өмір сияқты Құдайдың сыйы деп қарастырған (Матай 19:11, 12 ЖДa; Қорынттықтарға 1-хат 7:7 оқы). Алайда бір айта кетерлік жайт, некеде емес адамдардың барлығы өз қалауы бойынша салтбасты бола бермейді. Кей жағдайларда лайықты жар табу қиын болып жатады. Я болмаса кейбіреулердің жалғыз қалуына біраз жыл некеде тұрып, ойда-жоқта жұбайымен ажырасуы немесе жарының өмірден өтуі себеп болуы ықтимал. Олай болса, салтбастылық қалайша сый болуы мүмкін? Сондай-ақ некеде емес мәсіхшілер қалай салтбасты өмірлерінің игілігін барынша көре алады?
Теңдесі жоқ сый
3. Салтбасты мәсіхшілердің жиі қандай мүмкіндіктері бар?
3 Әдетте салтбасты адамның некедегі адамға қарағанда уақыты мен еркіндігі көбірек болады (Қор. 1-х. 7:32—35). Осының арқасында олардың қызмет аясын кеңейтуге, өзгелерге сүйіспеншілік танытуда пейілді кең жаюға және Ехобаға жақындай түсуге мүмкіндіктері бар. Сондықтан көптеген мәсіхшілер салтбасты болудың қаншалықты пайдалы екенін түсініп, біраз уақыт болса да, “солай өмір сүруді” шешті. Өзгелер алғашында салтбасты болуды жоспарламағанымен, жағдайлары өзгергенде, дұға ете отырып ой жүгірткендерінің арқасында Ехобаның көмегімен қанағаттандырарлық өмір сүре алатындарын түсінді. Осылайша өзгерген жағдайға бейімделіп, салтбастылық өмір кешуде (Қор. 1-х. 7:37, 38).
4. Неліктен салтбасты мәсіхшілер өздерін Құдайдың құрметіне лайықты сезіне алады?
4 Салтбасты мәсіхшілер Ехобаның немесе оның халқының көзінде құрметке ие болу үшін міндетті түрде неке құрудың қажет емес екенін біледі. Құдай жеке әрқайсымызға сүйіспеншілік танытады (Мат. 10:29—31). Ешкім де, ешнәрсе де бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды (Рим. 8:38, 39). Некеде тұрайық не салтбасты болайық, өзімізді Құдайдың көзінде құрметке лайықты сезінуге келелі себептер бар.
5. Салтбасты болудың игілігін толықтай көру үшін не қажет?
5 Адамға музыкалық не спорттық дарынын барынша шыңдай түсу үшін көп күш салу керек болатынындай, салтбасты болу сыйының игілігін толықтай көру үшін де көп еңбектену қажет. Бүгіндегі отау құрмаған мәсіхшілер — әйел не ер бауырлас, жас не жасы ұлғайған, өз шешіміне сай не бір жағдайға байланысты болсын — салтбастылық өмірдің қалай толық пайдасын көре алады? Олай болса, ертедегі мәсіхшілер қауымының мүшелері қалдырған жігерлендірерлік мысалдарды және олардан не үйрене алатынымызды қарастырайық.
Жас кездегі салтбастылық жылдар
6, 7. а) Філіптің тұрмысқа шықпаған қыздары қандай мәртебеге ие болды? ә) Қалайша Тімоте салтбасты жылдарының игілігін толықтай көрді және жас кезінде қызмет етуге дайын болғандығы қандай бата әкелді?
6 Уағыздаушы Філіптің тұрмысқа шықпаған төрт қызы әкелері сияқты құлшынысты уағыздаушылар болған (Ел. іс. 21:8, 9). Жоел 2:28, 29-дағы сөздерге сай, бұл төрт қызда киелі рух беретін керемет дарындардың бірі — пайғамбарлық ету дарыны болған.
7 Тімоте салтбасты өмірінің игілігін барынша көре білген жас жігіт еді. Анасы Әунике мен әжесі Лойда оны нәресте кезінен “Киелі жазбалармен таныстырған” болатын (Тім. 2-х. 1:5; 3:14, 15). Олар б. з. 47 жылы өздері тұрған қалаға, Лүстраға, Пауыл алғаш рет келген кезде ғана мәсіхшілікті қабылдаған болса керек. Екі жылдан кейін Пауыл екінші рет келгенде, Тімотенің жасы жиырмалар шамасында болғанға ұқсайды. Тімотенің жас болғанына және шындыққа жақында ғана келгеніне қарамастан, Лүстра және оның маңында орналасқан Қония қаласындағы ақсақалдар ол туралы “жақсы пікірде” еді (Ел. іс. 16:1, 2). Сонда Пауыл Тімотені сапарлас серігі болуға шақырды (Тім. 1-х. 1:18; 4:14). Тімотенің кейін отау құрған-құрмағаны белгісіз. Бірақ жас кезінде Пауылдың шақыруын қуана қабыл алғаны, сондай-ақ көп жыл бойы салтбасты болып миссионер және бақылаушы ретінде қызмет еткенінің игілігін көргені белгілі (Філіп. 2:20—22).
8. Жохан Марқаны рухани мақсаттарға ұмтылуға не талпындырды және бұл оған қандай баталар әкелді?
8 Жохан Марқа да жас кезіндегі салтбастылық жылдарын барынша пайдаланды. Оның өзі, анасы Мәриям және Барнаба есімді жиені Иерусалимдегі қауымның алғашқы мүшелері болған. Қалада өз үйлері және қызметшісі болғанына қарағанда, олар бақуатты тұрғанға ұқсайды (Ел. іс. 12:12, 13). Алайда осындай тұрмыс жағдайы мен жас болғанына қарамастан, Марқа тек өзінің қамын ойлап өмір кешкен емес. Сондай-ақ отбасын құрып, бірқалыпты өмір сүруді көздеген жоқ. Елшілермен жастайынан араласқаны оның бойында миссионерлік қызметке деген ықылас дамытқан болса керек. Сөйтіп, ол Пауыл мен Барнабаның алғашқы миссионерлік сапарына дайындықпен қосылып, оларға қолғабыс етіп жүрді (Ел. іс. 13:5). Кейін ол Барнабамен сапарлас болды, сондай-ақ Петірмен Бабылда қызмет етті (Ел. іс. 15:39; Пет. 1-х. 5:13). Марқаның қанша уақыт бойдақ болғаны белгісіз. Дегенмен сол уақытта атқарған істерінің арқасында ол өзгелерге және Құдайға көп қызмет етуге дайын адам ретінде жақсатқа ие болды.
9, 10. Бүгіндегі жас салтбасты мәсіхшілерде қызмет аясын кеңейтудің қандай мүмкіндіктері бар? Мысал келтір.
9 Бүгінде де қауымдағы көптеген жас мәсіхшілер салтбастылық жылдарын Құдайға көбірек қызмет етуге арнайды. Олар да Марқа мен Тімоте сияқты салтбасты өмір “әрдайым Иемізге берілгендік танытуға” мүмкіндік беретінін жете түсінеді (Қор. 1-х. 7:35 ЖД). Бұл шынымен де артықшылық. Бойдақтарда қызмет аясын кеңейтудің көптеген мүмкіндіктері бар. Мысалы, ізашар болу, жариялаушылар жетіспейтін аумаққа көшу, өзге тілді үйрену, Патшалық сарайлары мен филиалдарды соғуға атсалысу, Қызметті жетілдіру мектебінде білім алу және Бетелде қызмет ету. Егер сен жас әрі салтбасты болсаң, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланып жүрсің бе?
10 Марк есімді ер бауырлас жасөспірім кезінде ізашар болып, Қызметті жетілдіру мектебінен өткен соң, дүниежүзі бойынша әрқилы қызмет түріне қатысты. Ол толық уақытты қызметте өткізген 25 жылын есіне алып, былай дейді: “Мен қауымдағы барлық бауырластарды жігерлендіруге тырыстым. Мысалы, бірге қызметке шығатынмын, бақташылық сапар жасайтынмын, үйге қонаққа шақыратынмын және бауырластарды рухани нығайтатын отырыстар ұйымдастыратынмын. Мұның бәрі маған зор қуаныш сыйлады”. Марктың сөздерінен көретініміздей, өмірдегі ең үлкен қуаныш беруден келеді және өмірімізді қасиетті қызметке толықтай арнағанымыз бұған көп мүмкіндік ашады (Ел. іс. 20:35). Бізді қызықтыратын нәрселер, сондай-ақ қабілеттеріміз бен өмірлік тәжірибеміз қандай болмасын, бүгінде жастар үшін Иеміздің ісінде атқаратын жұмыс көп (Қор. 1-х. 15:58).
11. Некеге тұруға асықпаудың қандай пайдалы жақтары бар?
11 Жастардың көбісі ертелі-кеш неке құруды шешіп жатса да, асықпауға себептер бар. Пауыл жастарды ең болмаса “албырт шақтан” өтуге, яғни тәндік қалауларын жүгендей алатын кезге дейін күте тұруға шақырды (Қор. 1-х. 7:36 ЖД). Өз-өзімізді біле түсуге және лайықты жар таба алу үшін, өмірлік тәжірибе жинауға уақыт қажет. Неке антын беру бүкіл өмірімізге әсер ететін маңызды шешім болып табылады (Екк. 5:2—5).
Жас ұлғайған кездегі салтбастылық өмір
12. а) Жесір Анна өзінің өзгерген жағдайымен қалай күресті? ә) Ол қандай мәртебеге ие болды?
12 Лұқа жазған ізгі хабарда аты аталған Аннаның тұрмысқа шыққанына жеті-ақ жыл болғанда, күйеуі мезгілсіз көз жұмған кезде етегі жасқа толған шығар. Олардың балалары болған-болмағанын және Анна кейін қайтадан тұрмысқа шығу туралы ойланды ма, жоқ па, белгісіз. Алайда Киелі кітапта оның сексен төрт жасқа келгенде әлі де жесір болғандығы жазылған. Киелі кітаптан Анна өзгерген жағдайын Ехобаға жақындай түсу үшін қолданғанын көруге болады. Ол “ораза тұтып, күні-түні Құдайға сиынып мінажат етіп, ғибадатханадан шықпайтын” (Лұқа 2:36, 37). Осылайша Құдайға ғибадат ету оның өмірінде бірінші орында тұрды. Бұл өз шешіміне берік болуды және көп күш салуды талап еткенімен, Анна молынан жарылқанды. Ол нәресте Исаны көру және Мәсіхтің адамдарды азаттыққа жеткізетіні туралы куәлік беру мәртебесіне ие болды (Лұқа 2:38).
13. а) Дорка қауымның белсенді мүшесі болғаны қандай істерінен көрінеді? ә) Кеңпейіл және қайырымды болғаны Доркаға қандай баталар әкелді?
13 Иерусалимнен солтүстік-батысқа қарай орналасқан Иоппе деп аталатын ежелгі портты қалада Дорка (Табита) деген әйел тұратын. Киелі кітапта оның күйеуі болғаны туралы жазылмағанына қарағанда, сол кезде ол салтбасты болған болса керек. Дорка “кәріп-қасерлерге көмектесіп, көптеген игі істер жасайтын”. Ол мұқтаждық көріп жүрген жесірлерге және басқаларға киім-кешек тіккенге ұқсайды және сол үшін оны бәрі қатты жақсы көрген. Сөйтіп, ол аяқ астынан науқастанып қалып, қайтыс болғанда, бүкіл қауым Петірден бұл қымбатты бауырласты қайта тірілтуді өтініп, адам жібереді. Оның қайта тірілгені туралы хабар Иоппеге тарағанда, көп адам сенуші болды (Ел. іс. 9:36—42). Солардың кейбіріне де Дорка қайырымды істер жасаған шығар.
14. Салтбасты мәсіхшілерді Ехобаға көбірек арқа сүйеуге не талпындырады?
14 Бүгінде де жасы ұлғайған көптеген бауырластар Анна мен Дорка сияқты салтбасты өмір кешуде. Кейбіреулер лайықты жар таппаған болар. Басқалары ажырасқан не жұбайы қайтыс болған шығар. Сенім артатын жары жоқ салтбасты мәсіхшілер жиі Ехобаға көбірек арқа сүйеуді үйреніп жатады (Нақ. с. 16:3). Отыз сегіз жылдан астам уақыт бойы Бетелде қызмет етіп келе жатқан Сильвия есімді бауырлас ішіндегісін ақтарып былай деді: “Кейде мен басқалар үшін жігердің көзі болудан шаршаймын. Сол кезде көкейімде: “Ал мені кім жігерлендіреді?”— деген сұрақ туындайды”. Бірақ салтбасты болғанын бата ретінде қарастыратынын айтып, ол былай деп қосты: “Неге мұқтаж екенімді Ехобаның менен жақсы білетініне сенімді болғаным оған көбірек арқа сүйеуге көмектеседі. Осындай кездері мен үнемі, тіпті мүлдем күтпеген жерден, жігер алып тұрамын”. Ехобадан қашан көмек сұрамасақ та, ол жұмсақтық танытып, нығайтуға дайын.
15. Қалай салтбасты мәсіхшілер сүйіспеншілік танытуда “пейілдерін кең жая” алады?
15 Салтбасты болу сүйіспеншілік танытуда “пейілді кең жаюға” ерекше мүмкіндік береді (Қорынттықтарға 2-хат 6:11—13 оқы). Соңғы 34 жыл бойы толық уақытты қызмет етіп келген Джолин есімді салтбасты бауырлас былай дейді: “Мен тек құрдастарыммен ғана емес, әртүрлі жастағы адамдармен жақын қарым-қатынас дамытуға тырыстым. Салтбасты болу Ехобаға қызмет етуге, сондай-ақ отбасыңа, бауырластарыңа, тіпті көршілеріңе көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Жылдар өткен сайын салтбасты болғаным маған одан бетер қуаныш әкелуде”. Қауымдағы қарттар, науқас адамдар, жалғыз басты ата-аналар, жастар және тағы басқалар салтбасты бауырластардың жанқиярлықпен көрсетіп жатқан қолдауын бағалайтындары сөзсіз. Шынында да, өзгелерге сүйіспеншілік танытқан сайын, өзіміздің рухымыз одан бетер көтеріледі. Сендер де өзгелерге сүйіспеншілік танытуда “пейілдеріңді кең жая” аласыңдар ма?
Өмір бойы салтбасты болу
16. а) Неге Иса салтбасты болуды шешті? ә) Пауыл өзінің салтбасты болғанын қалай пайдаланды?
16 Иса ешқашан үйленбеген, ол өзіне берілген тапсырмаға дайындалып, қызметін атқаруға тиіс еді. Таңның атысынан күннің батысына дейін ел аралап, ерен еңбек етті, ал соңында өз өмірін құрбандыққа берді. Оның салтбасты болғаны берілген тапсырмасын орындауға көмектесті. Елші Пауыл да мыңдаған шақырым жерді жүріп өтті және қызметінде үлкен қиындықтарды бастан кешірді (Қор. 2-х. 11:23—27). Пауыл бұрын үйленген болуы мүмкін, бірақ елші болып тағайындалғаннан кейін салтбасты болып қалуды шешті (Қор. 1-х. 7:7; 9:5). Иса мен Пауыл мүмкіндігі барларды қызмет үшін өздерінің үлгісіне еліктеуге талпындырды. Алайда ешқайсысы салтбасты болу Құдайдың қызметшісіне қойылатын талап деп айтпаған (Тім. 1-х. 4:1—3).
17. Бүгінде кейбіреулер Иса мен Пауылға қалай еліктейді және Ехоба мұндай құрбандықтарға баратындарды бағалайтынына неге сенімдіміз?
17 Бүгінде де кейбіреулер көбірек қызмет ете алу үшін салтбасты болып қалуды шешкен. Жоғарыда есімі аталған Харольд 56 жылдан аса уақыт Бетелде қызмет етуде. Ол былай дейді: “Бетелде қызмет еткен алғашқы он жылдың ішінде өздері ауырып қалып не қарт ата-аналарына қамқорлық көрсету үшін, бетелдік қызметін тоқтатқан талай ерлі-зайыптыларды көрдім. Менің ата-анам қайтыс болған. Алайда Бетелдегі қызметті жақсы көргенім сонша, некеге тұрып, одан айырылып қалғым келмеді”. Сол сияқты, ұзақ уақыт ізашар болып келген Маргарет есімді бауырлас бірнеше жыл бұрын былай деген болатын: “Менің тұрмысқа шығуыма мүмкіндіктерім болды, бірақ оған аса мән бермедім. Мұның орнына салтбасты болғанымды пайдаланып, қызметтен қол үзбедім. Ал бұл маған зор бақыт әкелді”. Әрине, Ехоба шынайы ғибадат үшін жанқиярлықпен құрбандықтарға барғандарды ешқашан ұмытпайды (Ишая 56:4, 5 оқы).
Мүмкіндіктеріңді барынша пайдаланыңдар
18. Қалайша өзгелер салтбасты мәсіхшілерді жігерлендіріп, қолдау көрсете алады?
18 Ехобаға жан сала қызмет етіп жүрген салтбасты мәсіхшілердің бәрін шын жүректен мақтағанымыз және жігерлендіргеніміз орынды. Біз оларды танытып жүрген қасиеттері мен қауымда атқарып жатқан игі істері үшін жақсы көреміз. Егер біз солар үшін рухани “аға-іні, апа-қарындас, әке-шеше, бала-шаға” бола білсек, олар өздерін ешқашан жалғыз сезінбейді (Марқа 10:28—30 оқы).
19. Салтбасты өмірді қалай барынша пайдалана аласыңдар?
19 Қандай да бір жағдайдың себебінен салтбасты болсаңдар немесе неке құрмауды өздерің шешсеңдер, Жазбалардағы және бүгінгі таңдағы мысалдар сендерді бақытты әрі толыққанды өмір сүре алатындарыңа сендірсін! Кейбір сыйларға ие болуды аңсап жүрсек, өзгелеріне күтпеген жерден ие болып жатамыз. Кейбіреулерін бірден бағаласақ, өзгелерінің құндылығын уақыт өте келе түсінеміз. Демек, көп нәрсе көзқарасымызға байланысты. Салтбастылық өмірлеріңді барынша пайдалану үшін не істей аласыңдар? Ехобаға жақындай түсуге, Құдайдың қызметінде көп еңбектенуге және өзгелерге сүйіспеншілік танытуда пейілдеріңді кең жаюға ұмтыла беріңдер. Бұл сыйға Құдайдың көзімен қарасақ және барынша пайдалансақ, некелік өмір сияқты, салтбасты болу да көп баталар әкелетіні сөзсіз.
[Сілтеме]
a Матай 19:11, 12: “Иса былай деді: “Бәрі бірдей бұлай өмір сүре алмайды, Құдайдан осындай сый алғандар ғана солай ете алады. Өйткені кейбіреулер некеге жарамайтын болып туылған, басқа біреулерді адамдар солай еткен, ал тағы біреулер Көк патшалығы үшін некеге тұрудан бас тартқан. Кім осылай өмір сүре алатын болса, солай етсін”.
Естеріңде ме?
• Салтбасты болғанымыз қалайша сый бола алады?
• Жас кезде салтбасты болу қандай баталар әкеледі?
• Салтбасты мәсіхшілердің Ехобаға жақындай түсуге және сүйіспеншілік танытуда пейілдерін кең жаюға қандай мүмкіндіктері бар?
[18-беттегі суреттер]
Қолда бар мүмкіндіктеріңді Құдайға қызмет ету үшін барынша пайдаланасыңдар ма?