‘Иеміздің құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер’
“Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер!” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 6:10).
1. а) Шамамен 3 000 жыл бұрын қандай ерекше ұрыс болды? ә) Неліктен Дәуіт жеңіске жетті?
ШАМАМЕН 3 000 жыл бұрын ұрыс майданында қарсыласқан екі әскер ортаға екі жауынгерді жекпе-жекке шығарды. Оның жасырағы Дәуіт есімді қойшы бала еді. Ал оның қарсыласы болса орасан күш иесі әрі денесі ерекше биік біткен Ғолият еді. Оның сауыты шамамен 57 келі, найзасы зілдей, семсері де үлкен болды. Ал Дәуітте мұның біреуі де болған жоқ, оның алғаны сақпан ғана еді. Філістірлік алып Ғолият өзіне қарсы шыққан исраилдіктің жап-жас жігіт екенін көргенде, қорланып қалады (1 Патшалықтар 17:42—44). Бұларға қарап тұрған екі жақтың адамдарына да бұл шайқастың тағдыры шешіліп қойғандай көрінді. Алайда жеңіске әрқашан күшті жете бермейді (Екклесиаст 9:11). Жеңіске Дәуіт жетті, себебі ол Ехоба берген күшпен күресті. ‘Соғысты Жаратқан Иенің Өзі жүргізеді’,— деді Дәуіт. Киелі кітапта ‘Дәуіттің філістірді тек сақпан және кесек таспен ғана жеңіп шыққаны’ жазылған (1 Патшалықтар 17:47, 50).
2. Мәсіхшілер қандай соғысқа қатысуда?
2 Мәсіхшілер тура мағынада соғысқа қатыспайды. Олар барлық адамдармен тату болғанымен, өте күшті қарсыластармен рухани күрес жүргізуде (Римдіктерге 12:18). Ефестіктерге жазған хатының соңғы тарауында Пауыл әрбір мәсіхші қатысып жүрген күресті суреттейді. Ол: “Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне — аспан астындағы зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”,— деп жазды (Ефестіктерге 6:12, сілтемені қараңдар).
3. Ефестіктерге 6:10-ға сәйкес, рухани күресте жеңіске жету үшін бізге не қажет?
3 ‘Зұлым рухтар’ — біздің Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзғысы келетін Шайтан мен оның жындары. Олар бізден әлдеқайда күшті болғандықтан, өзімізді Дәуіттің орнында тұрғандай сезінеміз және егер Құдайдан күш алмасақ, оларға төтеп бере алмаймыз. Сондықтан Пауыл бізді: “Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер!” — деп шақырған (Ефестіктерге 6:10). Ол осы кеңесті берген соң жеңіске жетуімізге септігін тигізетін рухани көмек пен мәсіхшілерге қажет қасиеттерді суреттейді (Ефестіктерге 6:11—17).
4. Бұл мақалада қандай екі нәрсені қарастырамыз?
4 Жауымыздың күші мен тәсілдері жайлы Жазбаларда не айтылғанын қарастырайық. Одан соң өзімізді қорғаудың әдістерін қарастырамыз. Ехобаның басшылығымен жүретін болсақ, жауларымыздың бізді жеңе алмайтынына сенімді бола аламыз.
Зұлым рухтарға қарсы күрес
5. Ефестіктерге 6:12-де қолданылған күрес деген сөз Шайтанның әдісін түсінуге қалай көмектеседі?
5 Пауыл біздің ‘аспан астындағы зұлым рухтарға қарсы күресіп’ жүргенімізді түсіндірген. Басты зұлым рух — әрине, жындардың әміршісі Шайтан Ібіліс (Матай 12:24—26). Түпнұсқада Киелі кітап біздің шайқасымызды балуандардың күресімен салыстырады. Күреске қатысқан әр балуан бәсекелесін жығу үшін оны тепе-теңдіктен айыруға тырысады. Сол сияқты Ібіліс те бізді рухани тепе-теңдігімізден айырғысы келеді. Бұл үшін ол не істеуі мүмкін?
6. Сенімімізден айыру үшін Ібілістің қандай тәсілдерді пайдаланатынын Жазбадан көрсетіңдер.
6 Шайтан жылан, ақырған арыстан, тіпті нұрлы періште сияқты әрекет етуі мүмкін (2 Қорынттықтарға 11:3, 14; 1 Петір 5:8). Ол бізді қудалап немесе ұнжырғамызды түсіру үшін адамдарды пайдалануы ықтимал (Аян 2:10). Шайтан бүкіл дүниені билеп тұрғандықтан, бізді тұзаққа түсіру үшін осы дүниенің құмарлықтары мен көз тартатын нәрселерін пайдалануы мүмкін (2 Тімотеге 2:26; 1 Жохан 2:16; 5:19). Ол Хауаны алдағандай, бізді де алдау үшін осы дүниелік және жолдан тайғандардың ой-қалпын пайдалануы мүмкін (1 Тімотеге 2:14).
7. Жындардың күштері қай жағынан шектеулі, ал біздің қандай артықшылықтарымыз бар?
7 Шайтан мен оның жындарының қарулары мен күштері айбынды көрінгенімен, шектеулі. Зұлым күштер бізге көктегі Әкемізге ұнамсыз зұлым істерді зорлықпен жасата алмайды. Біздің ерік бостандағымыз бар, әрі ойларымыз бен істерімізді қадағалай аламыз. Оның үстіне, біз жалғыз күресіп жатқан жоқпыз. Біздің күніміздегі жағдай да Елішәнің кезіндегідей: “Олардың жанындағылардан гөрі, біздің жанымыздағылар көп” (4 Патшалықтар 6:16). Киелі кітап Құдайға мойынсұнып, Шайтанға қарсы тұратын болсақ, оның бізден безіп кететінін айтады (Жақып 4:7).
Шайтанның зымиян ниеттерін біліп алыңдар
8, 9. Шайтан Әйүпті адалдығынан айыру үшін қандай қиындықтарға душар етті және бүгінде біз қандай рухани қауіп-қатерге кезігудеміз?
8 Біз Шайтанның зымиян ниеттерінен бейхабар емеспіз, себебі Жазбаларда оның негізгі тәсілдері жазылған (2 Қорынттықтарға 2:11). Әділ адам Әйүпке қарсы Шайтан қаржылай қиындықтарды, жақындарының өлімін, отбасының қарсылық білдіруін, ауруды және жалған жолдастарының тарапынан келген әділетсіз айыпты қолданды. Әйүптің еңсесі түсіп, өзін Құдай тастап кеткендей сезінді (Әйүп 10:1, 2). Бүгінде мұндай қиындықтар тікелей Шайтаннан келіп жатқан жоқ шығар, дегенмен олар көп мәсіхшілердің басына түсуде және Ібіліс осы қиындықтарды өз мақсатына жету үшін пайдалануы мүмкін.
9 Рухани қауіп-қатер осы соңғы күндері жылдам өсуде. Біз дүниеқорлық, рухани мақсаттарды ысырып тастайтын дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдары азғындықты қайғыға емес, бақытқа кенелтетін нәрсе ретінде көрсетіп жатады. Көпшілігі “Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін” болып барады (2 Тімотеге 3:1—5). Егер ‘сеніміміз үшін табандылықпен күреспесек’, мұндай ой-қалпы рухани күйімізге нұқсан келтіруі мүмкін (Яһуда 3, ЖД).
10—12. а) Диқан туралы астарлы әңгімесінде Иса қандай ескерту айтқан? ә) Рухани құндылықтарымыз қалай тұншықтырылуы мүмкін екенін мысалмен түсіндіріп беріңдер.
10 Шайтанның ең тиімді әдістерінің бірі — бізді осы дүние мен дүниеқорлықтың шырмауында қалдыру. Өзінің диқан туралы астарлы әңгімесінде Иса кей жағдайларда ‘бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алдану [Патшалық туралы] Ізгі хабарды тұншықтырып, өнім бергізбейтінін’ ескерткен (Матай 13:18, 22, сілтемені қараңдар). Мұндағы “тұншықтыру” деп аударылған грек сөзі “мүлдем басып тастау” деген мағына береді.
11 Тропик ормандарында фикус ағашының басқа ағаштарды тұншықтыратын бір түрі өседі. Ол бөтен ағаштың діңгегін орай отырып, жайлап өсе береді. Сөйтіп, күннен-күнге күшейіп келе жатқан тамырларымен біртіндеп ағашты шырмай бастайды. Келе-келе фикус көптеген тамырларымен ағаш түбіндегі топырақ құнарының көбісін сіңіріп ала отырып, күн түсірмей ағашты мүлдем бүркеп қалады. Ақырында, ағаш қурап қалады.
12 Сол тәрізді осы дүниенің тұрмыс қамын ойлау және байлық пен жайлы өмірге талпыну күннен-күнге көбірек уақытымыз бен күшімізді ала бастауы мүмкін. Көңіліміз дүниедегі нәрселерге ауғанда, Киелі кітапты жеке зерттеуге оп-оңай немқұрайды қарап, қауым кездесулеріне бармай қалуды әдетке айналдырып алуымыз мүмкін, сөйтіп өзімізді рухани аш қалдырамыз. Осылайша осы дүниелік істерге талпынғанымыз рухани істерді ысырып тастайды да, ақырында, Шайтанның жеңіл олжасына айналамыз.
Тойтарыс беруіміз керек
13, 14. Шайтанның қарсылығына кезіккенде не істеуіміз керек?
13 Пауыл бауырластарды ‘Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс беруге’ шақырған (Ефестіктерге 6:11). Әрине, біз Шайтан мен оның жындарын жоя алмаймыз. Құдай бұл тапсырманы Иса Мәсіхке жүктеген (Аян 20:1, 2). Алайда Шайтанның құрбаны болып қалмау үшін оған ‘тойтарыс беруіміз’ керек.
14 Елші Петір де Шайтанға тойтарыс беру керек екеніне ерекше назар аударған. “Салауатты да сергек болыңдар! — деп жазды Петір,— Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр. Сенімдеріңе берік болып, оған төтеп беріңдер! Дүниенің төрт бұрышындағы құрбы қауымдастарыңның да дәл сондай азаптарды шегуге мәжбүр екенін білесіңдер ғой” (1 Петір 5:8, 9). Шынында да, Шайтан ақырған арыстандай шабуыл жасағанда, оған тойтарыс бере алуымыз үшін бауырластарымыздың сүйеніш болғандары өте маңызды.
15, 16. Жазбадан Шайтанға тойтарыс беруімізге бауырластардың қалай көмектесе алатынын көрсететін мысал келтіріп беріңдер.
15 Африка саванналарында жақын жерден арыстанның ақырған даусы естілсе, әдетте бөкен қауіпсіз аймаққа қарай көз ілеспес жылдамдықпен зыта жөнеледі. Ал пілдер болса өзара тірек болудың үлгісін көрсетеді. Бір кітапта былай деп түсіндіріледі: “Қауіп төнгенде ересек пілдер жүздерін сыртқа беріп, шеңбер құрып, жас пілдерді шеңбердің ішінде ұстау — пілдердің отарына тән қорғану тәсілі” (“Elephants — Gentle Giants of Africa and Asia”). Осылайша бір-біріне қуат беріп, нығайтып тұрғанын көргенде, әдетте, арыстандардың тіпті жас пілдерге шабуыл жасауы сирек кездеседі.
16 Шайтан мен оның жындарынан қауіп төнгенде, біз де сенімі берік бауырластарымызбен иық тіресіп бірге жүруіміз керек. Пауыл Римде қамауда отырғанда кейбір бауырластардың өзіне “тірек” болғанын мойындаған (Қолостықтарға 4:10, 11, ЖД). “Тірек” деген грек сөзі мәсіхшілердің Грек жазбаларында бір мәрте ғана кездеседі. Вайнның “Жаңа Өсиет сөздерінің түсіндірме сөздігіне” сәйкес, “етістіктен туындаған бұл сөз ауырсынуды басатын дәріні білдіреді”. Ауырсынуды басатын жақпа май тәрізді рухани толысқан бауырластардың қолдау көрсеткені жан қайғысы мен тән қайғысын жеңілдете алады.
17. Құдайға адалдық сақтауымызға не көмектеседі?
17 Бауырластардың жігерлендіріп тұрғаны Құдайға адалдықпен қызмет етуге деген шешімімізді нығайтады. Әсіресе мәсіхші ақсақалдар рухани көмек беруге дайын (Жақып 5:13—15). Жүйелі түрде Киелі кітапты зерттеп, қауым кездесулері мен конгрестерге қатысқанымыз да адалдығымызды сақтауға көмегін тигізеді. Құдаймен тығыз қарым-қатынасымыз оған адал болып қалуға көмектеседі. Шынында да, не ішіп-жесек те, не істесек те, бәрін Құдайды дәріптегіміз келген ықыласпен істеуіміз керек (1 Қорынттықтарға 10:31). Әрине, Ехобаға ұнамды жолмен жүре беру үшін оған дұға ету арқылы арқа сүйегеніміздің маңызы зор (Забур 36:5).
18. Неге тіпті қиын жағдайлар бізді әлсіретсе де, берілмеуіміз керек?
18 Кейде Шайтан рухани әлсіреп жүрген кезімізді пайдаланып шабуыл жасайды. Арыстан әлсіреген жануарды бас салады. Ал отбасындағы қиындықтар, жетіспеушілік немесе сырқат бізді рухани әлсіретуі мүмкін. Алайда берілместен Құдайға ұнамды істерді жасай берейік, себебі Пауыл: “Өзім күшсіз болғанымда... күштімін”,— деген (2 Қорынттықтарға 12:10; Ғалаттықтарға 6:9; 2 Салониқалықтарға 3:13). Оның сөзін қалай түсінуге болады? Пауыл дұға айтып сұрайтын болсақ, Ехобаның берген күші әлсіздігіміздің орнын толтыратынына нұсқаған. Дәуіттің Ғолиятты жеңіп шыққаны — Құдайдың өз қызметшілерін нығайта алатынының және нығайтып жатқандығының дәлелі. Бүгінде де Ехоба Куәгерлері аса қиын жағдайларда Құдайдың күш-қуат беріп, нығайтқанын растай алады (Даниял 10:19).
19. Ехобаның қызметшілеріне қуат беріп, нығайтатынын көрсететін мысал келтіріңдер.
19 Құдайдың өздерін қалай қолдағаны жайлы бір ерлі-зайыпты кісілер былай деп жазған: “Көп жыл бойы Ехобаға ерлі-зайыптылар ретінде қызмет етіп жүріп, көптеген батаға ие болдық және көптеген керемет адамдармен таныстық. Сонымен қатар Ехоба бізді қиыншылықтарға төтеп беруге үйретіп, күш-қуат берді. Әйүп тәрізді біз жағдайдың неге бұлай болып жатқанына үнемі түсіне бермейтінбіз, бірақ Ехобаның көмектесу үшін әрқашан жанымыздан табылатынын білетінбіз”.
20. Ехоба өз қызметшілерін әрқашан қолдайтынын қандай Жазба орындары көрсетеді?
20 Өзінің адал қызметшілерін қолдап, нығайта алмайтындай Ехобаның қолы қысқа емес (Ишая 59:1). Забур жыршысы Дәуіт: “Тәңір жығылып бара жатқандардың бәрін сүйемелдеп, құлағандардың бәрін тұрғызады”,— деп жырлаған (Забур 144:14). Көктегі Әкеміз ‘әр күні біз үшін ауыртпалығымызды көтереді’ де, керекті нәрсенің бәрімен қамтамасыз етеді (Забур 68:19, ЖД [67:20]).
‘Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталуымыз’ керек
21. Пауыл рухани қару-жарақтың қажет екеніне қалай ерекше көңіл аударды?
21 Біз Шайтанның кейбір әдістерін қарастырып, оның шабуылдарына тойтарыс беру үшін не істеу керек екенін көрдік. Енді сенімімізді сақтап қалуға тағы не көмектесетінін қарастыруға тиіспіз. Ефестіктерге жазған хатында елші Пауыл Шайтанның қулық-сұмдығына тойтарыс беріп, зұлым күштерге қарсы күресімізді сәтті аяқтау үшін қажетті факторды екі қайтара айтады. Ол былай деп жазды: “Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталыңдар!.. Құдай берген “рухани қару-жарақтың” бәрін асыныңдар, сөйтіп, зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар” (Ефестіктерге 6:11, 13).
22, 23. а) Біздің рухани қару-жарағымызға не жатады? ә) Келесі мақалада нені талқылайтын боламыз?
22 Иә, ‘Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталуымыз’ керек. Ефестіктерге хат жазғанда Пауыл қамауда отырған. Оны күзететін Рим сарбазы кейде қару-жарағын түгел асынып келетін болса керек. Алайда Ехобаның әрбір қызметшісіне қажетті рухани қару-жарақ жайлы сөз қозғауға Пауылды киелі рух жетелеген болатын.
23 Бұл Құдай берген қару-жараққа мәсіхшілер танытатын қасиеттер мен Ехоба жасап отырған рухани шаралар жатады. Келесі мақалада рухани қару-жарақтың әрқайсысын жеке-жеке алып қарастырамыз. Бұл өзіміздің рухани соғысқа қаншалықты дайын екенімізді анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар Шайтан Ібіліске тойтарыс беруге Иса Мәсіхтің керемет үлгісі қалай көмектесетінін көреміз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Барлық мәсіхшілер қандай соғысқа қатысуда?
• Шайтанның кейбір әдістерін атаңдар.
• Бауырластардың қолдау көрсеткені бізді қалай нығайта алады?
• Біз кімнің нығайтқанын қажет етеміз және неге?
[9-беттегі суреттер]
Мәсіхшілер ‘зұлым рухтарға қарсы күресуде’
[10-беттегі сурет]
Осы дүниенің қамын ойлап абыржу Патшалық жайлы сөзді тұншықтырып тастауы мүмкін
[11-беттегі сурет]
Бауырластар “тірек” бола алады
[12-беттегі сурет]
Сен Құдайдың қуат беріп, нығайтуын сұрап дұға етесің бе?