“Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші!”
“Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші! Күні бойы сол туралы ойланам да толғанам” (ЗАБУР 118:97).
1, 2. а) 118-ші Забур жырын жазушы қандай жағдайға кезікті? ә) Ол бұған қалай қарады және неліктен?
ЗАБУР жырының 118-ші тарауын жазған адам ауыр сынаққа кезіккен болатын. Құдай заңын құрметтемейтін паң жандар оны келеке-мазақ етті және жалған айып тақты. Әкімдер оған қарсы кеңес құрып, қудалады. Зұлымдар айналасын шырмап, өміріне қауіп төндірді. Осының бәрі оны ‘қайғыға батырды’ (Забур 118:9, 23, 28, 51, 61, 69, 85, 87, 161). Дегенмен осы сынақтарға қарамастан, забур жыршысы: “Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші! Күні бойы сол туралы ойланам да толғанам”,— деп жырлады (Забур 118:97).
2 Бәлкім, өзімізден: “Қалайша Құдай заңы забур жыршысы үшін жұбаныштың көзі болды?”— деп сұрайтын шығармыз. Оны қолдап-қуаттаған Ехобаның өзіне қамқор болатынына деген сенімділігі еді. Құдайдың сүйіспеншілікпен беріп отырған заңының қандай пайдасы бар екенін білгені қарсыластарынан көрген қиындықтарына қарамастан, забур жыршысын бақытты етті. Ол Ехобаның өзіне жақсылық жасап келгенін түсінген. Сонымен қатар Құдай заңындағы басшылықты қолданғаны жауларынан парасаттырақ етті және тіпті өмірін аман сақтады. Заңға бағынғаны тыныштыққа кенелтіп, таза ар-ұждан сыйлады (Забур 118:1, 9, 65, 93, 98, 165).
3. Неге бүгінде мәсіхшілерге Құдайдың нормаларына сай өмір сүру оңай емес?
3 Бүгінде Құдайдың кейбір қызметшілерінің де сенімі қатты сыналуда. Бәлкім, забур жыршысы сияқты өмірімізге қауіп төніп тұрған жоқ шығар, бірақ біз ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүрудеміз. Күнде рухани құндылықтарды сүймейтін көптеген адамдарды кездестіреміз. Олардың көздегендері — тек өз басын ойлау мен дүние-мүлікке ие болу. Сондай-ақ олар өздерін менмен ұстап, өзгені құрметтеу дегенді білмейді (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Ал жас мәсіхшілерге болса құлықтылық жағынан мінсіз болып қалу үшін үнемі күресуге тура келеді. Осындай ортада Ехобаға және дұрыс нәрсеге деген сүйіспеншілігімізді жоғалтып алмау қиын. Олай болса, өзімізді қалай қорғай аламыз?
4. Забур жыршысы Құдай заңына деген ризашылығын қалай көрсеткен және неге бүгінгі күні мәсіхшілер де солай ету керек?
4 Забур жыршысына қысымдарға төтеп беруге көмектескен нәрсе — ризашылықпен Құдай заңын терең зерттеп, ой жүгіртуге уақыт бөлгені. Осының арқасында ол Құдай заңын сүйе білді. Шынында да, 118-ші Забур жырының әрбір тармағында дерлік Ехобаның заңының қандай да бір қыры айтыладыa. Әрине, бүгінгі күні мәсіхшілер Құдайдың ежелгі Исраил халқына берген Мұса заңын ұстанбайды (Қолостықтарға 2:14). Дегенмен де сол Заңдағы принциптер әлі де құнын жоғалтқан жоқ. Бұл принциптер забур жыршысына жұбаныш берген. Олар қиындықтармен күресіп жүрген қазіргі Құдайдың қызметшілеріне де жұбаныш береді.
5. Қазір Мұса заңының қандай үш қырын қарастырамыз?
5 Қазір Мұса заңының үш қырын қарастырып, олардан қалай жігер алатынымызды көрейік. Олар: діни демалыс күні мен масақ теруге қатысты заң және сұқтанбауға қатысты өсиет. Осының әрқайсысын қарастырғанда, қазіргі қиындықтарды жеңе білуіміз үшін осы заңдардың астарындағы принциптерді түсінгеніміздің маңызды екенін көреміз.
Рухани мұқтаждығымызды қанағаттандыру
6. Барлық адамның қандай негізгі қажеттіліктері бар?
6 Адам баласы бірқатар қажеттілікпен жаратылған. Мысалы, денсаулығы жақсы болу үшін оған ас-су, баспана қажет. Алайда адам ‘рухани мұқтаждығын’ да ойлау керек. Мұнсыз ол нағыз бақытқа қол жеткізе алмайды (Матай 5:3, ЖД). Ехоба туа біткен осы қажеттілігімізді қанағаттандыруды аса маңызды деп есептегені сонша — халқына рухани нәрселерге көңіл бөлуі үшін әр аптада толығымен бір күнді күнделікті істерден босатуды бұйырды.
7, 8. а) Құдай діни демалыс күнін басқа күндерден қалай ерекшелендірді? ә) Діни демалыс күнінің мақсаты қандай еді?
7 Діни демалыс күн рухани істердің маңыздылығына баса назар аударды. Киелі кітапта діни демалыс күні, немесе сенбі күні, деген тіркес алғаш рет Құдай айдалада исраилдіктерге манна берген жайтпен байланысты кездеседі. Оларға осы керемет түрде беріліп отырған нанды алты күн қатарынан жинау керектігі айтылды. Ал алтыншы күні олар “екі күнге бір-ақ” жинап алулары керек-тін, өйткені жетінші күні манна берілмейтін. Жетінші күн ‘Тәңір Иеге арналған демалыс күні’ болу керек еді. Сол күні әркім тұрған мекенінде қалу керек болатын (Мысырдан шығу 16:13—30). Ал Он өсиеттің бірінде діни демалыс күні ешқандай жұмыс істемеу керектігі бұйырылды. Ол қасиетті күн болатын. Оны ұстанбағандар өліммен жазаланатын (Мысырдан шығу 20:8—11; Руларды санау 15:32—36).
8 Діни демалыс күніне қатысты заң Ехобаның өз халқының тәндік те, рухани да игілігін ойлайтынын көрсетті. Иса: “Демалыс күні адам үшін жаратылған!”— деді (Марқа 2:27). Бұл күн исраилдіктерге тек демалуға ғана емес, Жаратушыларына жақындауға әрі оған деген сүйіспеншіліктерін көрсетуге де мүмкіндік берді (Заңды қайталау 5:12). Бұл отбасымен бірге ғибадат ету, дұға ету және Құдай Заңы жайлы ой жүгірту сынды тек рухани істерге арналған күн еді. Қарастырылған осы шара исраилдіктерді бүкіл уақыты мен күш-қуатын материалдық нәрселерге жұмсаудан қорғады. Сонымен қатар Ехобамен қарым-қатынастары өмірлеріндегі ең маңызды нәрсе екенін естеріне салды. Иса: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді” деп жазылған ғой!”— дегенде, сол бұлжымас принципті қайталаған болатын (Матай 4:4).
9. Діни демалыс күнінен мәсіхшілер қандай сабақ алады?
9 Әрине, бүгінде Құдай халқынан 24 сағаттық діни демалыс күнін ұстану талап етілмейді. Дегенмен діни демалыс күні жай қызықты тарихи жайт қана емес (Қолостықтарға 2:16). Ол рухани істерді бірінші орынға қою керектігін есімізге салады. Дүние-мүлік пен көңіл көтерудің соңына түсіп, рухани істер тасада қалып кетпеу керек (Еврейлерге 4:9, 10). Сондықтан өзімізден: “Өмірімде бірінші орында не тұр? Жеке зерттеу, дұға ету, мәсіхшілер кездесулеріне қатысу мен Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауды бірінші кезекке қоям ба? Әлде басқа істер бұларды ығыстырып тастай ма?”— деп сұрағанымыз жөн. Рухани істерді бірінші орынға қоятын болсақ, Ехоба ең қажетті нәрселерден мұқтаждық көрмейтінімізге сендіреді (Матай 6:24—33).
10. Рухани нәрселерге уақыт бөлгеніміздің қандай пайдасын көреміз? Мысал келтіріңдер.
10 Киелі кітап пен оған негізделген басылымдарды оқуға, сондай-ақ ондағы айтылғандар жайлы терең ойлауға уақыт бөлгеніміз Ехобаға жақындай түсуге көмектеседі (Жақып 4:8). 40 жылдай уақыттан бері үнемі Киелі кітапты зерттеуге уақыт бөлген Сюзан алғашқыда мұның қызық болмағанын мойындады. Оған бұл ауыртпалық болып көрінетін. Бірақ көбірек оқыған сайын, ұнай түскен. Қазір қандай да бір себеппен жеке зерттеумен айналыса алмай қалса, көңілі толмай тұрады. Ол: “Киелі кітапты зерттегенім Ехобаға Әкем ретінде қарауға көмектесті. Мен оған сенім артып, арқа сүйеп және емін-еркін дұға айта аламын. Ехобаның өз қызметшілерін қаншалықты сүйетінін, жеке менің қамымды қалай ойлайтынын және мен үшін не істегенін көріп, шынында да, қатты тебіренем”,— дейді. Рухани мұқтаждығымызды ойлайтын болсақ, біз де зор қуанышқа кенелеміз.
Құдайдың масақ теруге қатысты заңы
11. Масақ теру қалай жүзеге асатын?
11 Құдай өз халқының игілігін ойлайтынын көрсететін Мұса заңының екінші қыры масақ терумен байланысты. Ехоба исраилдік диқаншыға егістігіндегі өнімін жинағанда, қалып қойған масақтарды мұқтаждардың теріп алуына рұқсат етуді бұйырған. Диқаншылар егістігін шетіне дейін толығымен орып алмауы, сондай-ақ қалып қойған жүзімдерін не зәйтүн жемістерін жинап алмаулары керек еді. Егістікте қалып кеткен масақты қайта термеулері керек болатын. Бұл кедейлер, келімсектер мен жетім-жесірлер үшін сүйіспеншілікпен қарастырылған шара еді. Рас, масақты теру үшін олар өз тарапынан біраз тер төгулері керек-тін, бірақ осының арқасында қайыр сұрап жүрмес еді (Леуіліктер 19:9, 10; Заңды қайталау 24:19—22; Забур 36:25).
12. Масақ теруге қатысты шара диқаншыларға қандай мүмкіндік берді?
12 Масақ теруге қатысты заң диқаншылардың мұқтаждарға өнімінің қаншасын қалдыру керектігін нақты көрсетпеген. Егістіктің шетінен қанша жерді ормай қалдырып кететінін, аз ба, көп пе, мұны өздері шешетін. Осылай масақ теруге қатысты шара оларды жомарт болуға үйретті. Бұл оларға өнім Беруші Құдайға деген ризашылықтарын көрсетуге мүмкіндік берді, өйткені ‘кедейге қамқор болған Жаратушысын қастерлегені’ (Нақыл сөздер 14:31). Осылай еткендердің бірі Боғоз болатын. Ол мейірім танытып, егіндігінен масақ теріп жүрген жесір әйел Руттың көп мөлшерде дән теріп алғанына көз жеткізді. Ехоба жомарттығы үшін Боғозды молынан жарылқады (Рут 2:15, 16; 4:21, 22; Нақыл сөздер 19:17).
13. Ежелдегі масақ теруге қатысты заң бізді неге үйретеді?
13 Масақ теруге қатысты заңның астарындағы принцип өзгерген жоқ. Ехоба өз қызметшілерінен жомарттықты, әсіресе мұқтаждарға жомарттық танытады деп күтеді. Неғұрлым жомарт болсақ, соғұрлым баталарға кенелеміз. Иса: “Беріңдер, сонда сендерге де беріледі: шайқап, нығыздап толтырып, тасып-төгілген мөлшерде салып беріледі. Қандай өлшемді қолдансаңдар, Құдай сендерге де сонымен өлшеп береді”,— деген (Лұқа 6:38).
14, 15. Қалай жомарттық таныта аламыз және мұның өзімізге де, көмектескен адамдарымызға да қандай пайдасы бар?
14 Елші Пауыл бізді ‘барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей беруге’ шақырған (Ғалаттықтарға 6:10). Сондықтан сынақтарға кезіккен шақтарда бір сенімдегілерге міндетті түрде рухани жағынан көмектесуіміз керек. Бірақ олар іс жүзіндегі көмекке де зәру емес пе екен? Мысалы, Патшалық Сарайына баруға немесе керек-жарағын сатып әкелуге көмектесу керек шығар. Қауымдарыңда үйлеріне келіп жігерлендіргендеріңе немесе қандай да бір көмек көрсеткендеріңе риза болатын қарт, ауру не үйден шыға алмайтын бауырластар бар ма? Егер олардың қажеттіліктеріне мұқият болуға тырыссақ, Ехоба көмек сұраған адамның дұғаларына жауап беру үшін бізді қолдануы мүмкін. Бір-бірінің қамын ойлау мәсіхшілердің міндеті болғанымен, мұның қамқорлық көрсетушіге де берер пайдасы зор. Ол бір сенімдегілерге шынайы сүйіспеншілік көрсеткеннен зор қуаныш пен терең қанағат сезіміне бөленеді, ал бұдан Ехобаның ықыласына ие болады (Нақыл сөздер 15:29).
15 Мәсіхшілердің өзгелердің қамын риясыз ойлайтынын көрсетуінің тағы бір маңызды жолы — уақыттары мен күш-қуаттарын Құдайдың ниеті жайлы айтуға жұмсауы (Матай 28:19, 20). Өзгелерге өмірлерін Құдайға бағыштауға көмектесуден қуаныш тапқан адам Исаның: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген сөздерінің рас екенін өз өмірлерінен біледі (Елшілердің істері 20:35).
Сұқтанудан сақ болу
16, 17. Оныншы өсиет не нәрсеге тыйым салды және неліктен?
16 Құдайдың Исраилге берген Заңының қарастырылғалы отырған үшінші қыры — өзгенің иелігіне сұқтануға тыйым салатын оныншы өсиет. Заңда: “Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба! Оның әйеліне, құл-күңіне, өгіз-есегіне, не басқа да ешқандай нәрсесіне сұқтанба!”— делінген (Мысырдан шығу 20:17). Ешбір адам бұл өсиеттің орындалуын қадағалай алмайтын, өйткені ешкім де жүректегіні оқи алмайды. Бұл өсиет Құдай Заңының дәрежесін адамдардың заңынан жоғары етті. Ол әрбір исраилдікке ішкі ниетті оқи алатын Ехобаның алдында тікелей жауапты екенін түсінуге көмектескен (Патшалықтар 1-жазба 16:7). Сонымен қатар бұл өсиет көптеген заңсыздықтардың түп тамыры қайда жатқанын көрсетті (Жақып 1:14).
17 Сұқтанудан сақ болу туралы заң Құдай халқын дүниеқұмар, ашкөз және өмірлеріне налудан аулақ болуға талпындырды. Сондай-ақ оларды ұрлық жасаудан не азғындықтан сақтандырды. Бүгінде дүние-мүлкімен не қандай да бір нәрсесімен бізді таңғалдырып, бізден әлдеқайда табысты болып көрінетін адамдар бар. Осындай кезде ой қалпымызды қадағаламасақ, өзімізді бақытсыз сезініп және өзгелерге қызғанышпен қарай бастауымыз мүмкін. Киелі кітап сұқтануды ‘бұзық пейілге’ жатқызады. Сондықтан бұдан аулақ болғанымыз әлдеқайда артық емес пе?! (Римдіктерге 1:28—30)
18. Бүгінде дүниеде қандай рух басым және оның қандай зияны болуы мүмкін?
18 Бүгінде осы дүниеде басым болып отырған рух адамдарды дүниеқорлық пен бақталастыққа итермелейді. Жарнамалар арқылы сауда-саттық жүйесі жаңа тауарларды алуға деген ықылас оятып, жиі оларды алмасаң бақытты емессің деген ой салады. Ал мұндай рух Ехобаның Заңында айыпталады. Сонымен қатар Заңда қалай да жұрттың алды болу және байлық жинау да айыпталады. Елші Пауыл: “Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті”,— деп ескерткен (Тімотеге 1-хат 6:9, 10).
19, 20. а) Құдайды сүйетіндер үшін не нәрселер шын мәнінде құнды? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
19 Құдай заңын сүйетіндер дүниеқор болудың қауіпті екенін біледі, әрі одан сақтанады. Мысалы, забур жыршысы Ехобаға: “Жанымды пайдакүнемдікке емес, Ережелеріңе құштар ете гөр. Мыңдаған алтын-күміс ақшалардан аузыңнан шыққан тәлім қымбат маған!”— деп дұға еткен (Забур 118:36, 72). Осы сөздердің рас екеніне сенімді болғанымыз дүние-мүліктің соңына түсу, ашкөздік пен барға қанағат етпеу сияқты тұзақтардан сақтануға көмектеседі. Зор рухани байлыққа жетудің кілті — дүние-мүлік жинау емес, ‘Құдайға ұнамды өмір сүру” (Тімотеге 1-хат 6:6).
20 Ехобаның ежелгі Исраил халқына берген Мұса заңының астарында жатқан принциптер сол кездегідей қазіргі қиын уақытта да құнды. Осы принциптерді өмірімізде көбірек қолданған сайын, көбірек бағалай түсеміз. Сондай-ақ оларды көбірек жақсы көріп, бақытымыз да арта түседі. Заңда біз үшін көптеген құнды сабақтар бар. Олардың құндылығын көрсететін әсерлі ескертулерді Киелі кітап кейіпкерлерінің өмірі мен оқиғаларынан көреміз. Мұның кейбірі келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтеме]
a Осы Забур жырының 4 тармағынан басқа 176 тармағында Ехобаның сөзі, бұйрықтары, әділ шешімдері, заңы, ережелері, өсиеттері мен тура жолдары деген сөздер келтірілген.
Қалай жауап берер едіңдер?
• 118-ші Забур жырын жазушы неге Ехобаның заңын жақсы көрген?
• Мәсіхшілер діни демалыс күнінен не нәрсеге үйрене алады?
• Құдайдың масақ теруге қатысты заңының қандай құндылығы бар?
• Сұқтанудан аулақ болуға қатысты өсиет бізді қалай қорғайды?
[13-беттегі сурет]
Діни демалыс күні не нәрсеге баса назар аударды?
[15-беттегі сурет]
Масақ теруге қатысты заңнан неге үйренеміз?