ТҮСІНДІРМЕЛЕР
1. ЕХОБА
Ехоба — Құдайдың есімі. Оның мағынасы “ол болғызады” дегенді білдіреді. Ехоба — Құдіреті шексіз Құдай, барлығын жаратқан да — сол. Оның құдіреті кез келген ниетін жүзеге асыруға жетеді.
Еврей тілінде Құдай есімі төрт әріппен жазылған. Бұл әріптер қазақ тілінің ЙХВХ деген әріптерімен берілді. Құдай есімі Киелі кітаптың еврей тіліндегі түпнұсқасында 7000-ға жуық рет кездеседі. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі адамдар Ехоба деген есімді өз тілдеріне бейімдеп түрліше айтады.
2. КИЕЛІ КІТАП “ҚҰДАЙ РУХЫНЫҢ ЖЕТЕЛЕУІМЕН ЖАЗЫЛҒАН”
Киелі кітапты адамдар жазғанмен, оның авторы — Ехоба Құдай. Бұны бастықтың хатшысына хат жаздыруымен салыстыруға болады. Құдай өз күші, яғни киелі рухы арқылы Киелі кітап жазушыларына өз ойын жеткізіп отырған. Олар аян алу, түс көру арқылы алған хабарларын Киелі кітапқа түсірген.
3. ПРИНЦИПТЕР
Киелі кітаптың принциптері деп Құдайдың Сөзіндегі негізгі шындықтарды айтады. Мысалы, “жаман орта жақсы әдеттен айырады” деген принциптен араласатын ортамыз бізге жақсы не жаман жағынан әсер ететінін білеміз (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Ал “адам не ексе, соны орады” деген принцип жасаған бұрыс әрекеттеріміздің салдарынан қашып құтыла алмайтынымызды көрсетеді (Ғалаттықтарға 6:7).
4. ПАЙҒАМБАРЛЫҚ
Бұл Құдайдың хабарын білдіреді. Пайғамбарлықтарға Құдайдың еркін түсіндіретін хабарлар, өнегелік тәлім-тәрбие және бұйрықтар мен үкімдер жатады. Сондай-ақ бұған болашаққа қатысты хабарлар да кіреді. Киелі кітаптағы көп пайғамбарлықтар орындалып қойды.
5. МӘСІХ ЖАЙЛЫ ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАР
Киелі кітаптағы Мәсіхке қатысты көп пайғамбарлық Исаның ғана өмірінде орындалған. “Мәсіх жайлы пайғамбарлықтар” деген қоршауды қараңыз.
▸ 2-тар., 17-абз., сілт.
6. ЕХОБАНЫҢ ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МАҚСАТЫ
Ехоба жерді жұмақ болу үшін жаратты. Онда Ехобаны сүйетін адамдар өмір сүру керек еді. Құдайдың бұл ниеті өзгерген жоқ. Жақын арада ол зұлымдықты түптамырымен жойып, өз қызметшілеріне мәңгілік өмір сыйлайды.
7. ШАЙТАН ІБІЛІС
Шайтан — Құдайға қарсы шыққан бірінші періште. “Шайтан” деген сөз “қарсылас” дегенді білдіреді, өйткені ол Ехобаға қарсы әрекет етуде. Шайтанның “Ібіліс” деген де аты бар. Оның мағынасы — “жалақор”, себебі ол Құдай туралы өтірік айтып, адамдарды адастырып жүр.
8. ПЕРІШТЕЛЕР
Ехоба періштелерді жерді жаратпастан ұзақ уақыт бұрын жаратқан. Олар аспанда өмір сүреді, әрі олардың саны жүз миллионнан асады (Даниял 7:10). Періштелердің әрқайсысының өз есімі бар әрі олардың болмыстары әртүрлі. Олардың да ерік бостандықтары бар. Адал періштелер кішіпейілділік танытып, адамдардың өздеріне табынуына жол бермейді. Періштелердің дәрежелері мен міндеттері әртүрлі. Мысалы, олар Ехоба отырған тақтың алдында қызмет етеді, оның хабарын жеткізеді, оның жердегі қызметшілерін қорғап, оларды жетелейді, Құдайдың үкімдерін жүзеге асырады, уағыз ісіне қолдау көрсетеді (Зәбүр 34:7; Аян 14:6; 22:8, 9). Болашақта олар Исамен бірге Армагеддон шайқасына қатысады (Аян 16:14, 16; 19:14, 15).
9. КҮНӘ
Ехобаға және оның еркіне қарсы келетін кез келген ой, сезім мен іс-әрекет күнә болып табылады. Күнә Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзады. Сондықтан күнә жасаудан аулақ болуымыз үшін, Ехоба бізге заңдар мен принциптер берген. Әуел баста Ехоба барлық нәрсені мінсіз, кемелді етіп жаратты. Бірақ Адам мен Хауа Ехобаға мойынсұнбай күнә жасады. Осылай кемелді өмірден айырылып қалғандықтан, олар қартайып, ақыр соңында өлді. Күнә бізге де өткендіктен, біз де қартаямыз және өлеміз.
10. АРМАГЕДДОН
Бұл — Шайтанның қол астындағы дүние мен ондағы барлық зұлымдықты жоятын Құдайдың соғысы.
11. ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ
Құдай Патшалығы — Ехобаның көкте орнатқан үкіметі. Бұл үкіметтің Патшасы — Иса Мәсіх. Ехоба осы Патшалық арқылы болашақта зұлымдықты толығымен жояды. Сосын осы үкімет жер бетіне билік етеді.
12. ИСА МӘСІХ
Иса — Ехобаның ең алғашқы жаратылысы. Ехоба оны бүкіл адамзат үшін жанын қиюға жіберді. Иса өлтірілді, бірақ Ехоба оны тірілтті. Қазір ол — көктегі Құдай Патшалығының Патшасы.
13. 70 АПТА ТУРАЛЫ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ
Киелі кітапта Мәсіхтің қашан келетіні туралы алдын ала айтылған. Ол 69 аптаның соңында келмек еді. 69 апта б. з. б. 455 жылы басталып, б. з. 29 жылы аяқталды.
Нақты б. з. 29 жылы аяқталды деп айтуға қандай негіз бар? 69 апта б. з. б. 455 жылы, яғни Нехемия Иерусалим қаласына оралып, қаланы қайта тұрғыза бастаған уақытта басталды (Даниял 9:25; Нехемия 2:1, 5—8). Апта 7 күннен тұрады. Бірақ Киелі кітаптың пайғамбарлықтарында бір күн бір жылды білдіреді (Мұсаның 4-жазбасы 14:34; Езекиел 4:6). Осыған сай, әлгі 69 аптаның күндерін жылдармен есептейміз. Сонда 69 аптамыз 483 жылға тең болады (69 х 7). Б. з. б. 455 жылдан бастап 483 жылды санасақ, б. з. 29 жылына келіп тірелеміз. Дәл осы жылы Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіх болған! (Лұқа 3:1, 2, 21, 22).
Мәсіхтің келуіне байланысты осы пайғамбарлықта келесі апта туралы, яғни тағы бір 7 жыл туралы айтылады. Бұл жеті жыл б. з. 29 жылы басталып, б. з. 36 жылы аяқталды. Осы уақыт аралығында, яғни б. з. 33 жылы Мәсіх өлтірілмек еді. Ал б. з. 36 жылынан бастап Құдай Патшалығы туралы хабар тек еврейлерге емес, өзге ұлт өкілдеріне де уағыздала бастады (Даниял 9:24—27).
14. ҚҰДАЙ — ҮШ ТҰЛҒА ЕМЕС
Киелі кітапта Ехобаның Жаратушы екені, ал Исаның оның алғашқы жаратылысы екені айтылады (Қолостықтарға 1:15, 16). Иса — Құдіреті шексіз Құдай емес. Ол ешқашан Құдаймен теңмін демеген, қайта: “Әкем менен ұлы”,— деп айтқан (Жохан 14:28; Қорынттықтарға 1-хат 15:28). Алайда кейбір діндер Құдай үш тұлғадан, яғни Әкеден, Ұлдан және киелі рухтан тұрады деп үйретеді. Бірақ бұл — жалған ілім.
Киелі рух дегеніміз — Құдайдың өз ниетін іске асыру үшін қолданатын күші. Ол — тұлға емес. Мысалы, Киелі кітапта ертедегі мәсіхшілердің “киелі рухқа кенелгені” және Ехобаның “рухымды әрбір адамға төгемін” деген сөзі жазылған (Елшілердің істері 2:1—4, 17).
15. АЙҚЫШ
Шынайы мәсіхшілер Құдайға ғибадат еткенде айқыш қолданбайды. Неге?
Айқыш (крест) жалған дінде ұзақ уақыт қолданылған. Ежелде табиғат күштеріне табынғанда және пұтқа табынушылардың жыныстық қатынаспен байланысты рәсімдерінде айқыш қолданылған. Иса өлгеннен кейінгі 300 жыл аралығында мәсіхшілер ешқандай айқыш қолданбаған. Бірақ кейіннен Рим императоры Константин айқышты мәсіхшіліктің рәмізі етіп белгіледі. Бұл рәміз мәсіхшілікті әйгілі ету үшін қолданылды. Бірақ айқыштың Иса Мәсіхке еш қатысы болмаған. Бір энциклопедияда былай делінген: “Айқыш мәсіхшілікке дейін және мәсіхшілікті ұстанбайтындарда ғана болған” (“New Catholic Encyclopedia”).
Иса айқышта өлмеген. “Айқыш” деп аударылған грек сөзі тік тұрған бөрене, бағана, ағаш дегенді білдіреді. Бір еңбекте: “Жаңа Өсиетте кездесетін осы грек сөзі тіпті екі бөренеге де нұсқамайды”,— делінген (“The Companion Bible”). Иса айқышта емес, тік тұрған бөренеде көз жұмған.
Ехоба біздің ғибадат еткенде суреттер мен мүсіндерді қолданғанымызды қаламайды (Мұсаның 2-жазбасы 20:4, 5; Қорынттықтарға 1-хат 10:14).
16. ЕСКЕ АЛУ КЕШІ
Иса шәкірттеріне өзінің өлген күнін еске алып тұруды айтқан. Олар Исаны жыл сайын 14 нисан күні, яғни ежелгі исраилдіктер Құтқарылу мейрамын тойлаған күні атап өтеді. Еске алу кешіне келгендер Исаның құрбан еткен денесі мен қанын бейнелейтін нан мен шарапты қолма-қол өткізеді. Бұл екі рәмізден тек Исамен бірге көкте билік ететіндер ғана дәм татады. Еске алу кешіне жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер де қатысады, бірақ нан мен шараптан дәм татпайды.
17. ЖАН
“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” “жан” деген сөз 1) адамды, 2) жануарды, 3) адамның не жануардың өмірін білдіреді. Осының мысалдарын көрейік.
Адам. “Нұх пайғамбардың заманында... азғана адам, сегіз жан, топан судан аман қалған болатын” (Петірдің 1-хаты 3:20).
Жануар. Құдай: “Суларда тіршілік иелері [сілтемеде “тірі жандар”] қаптап, ал жер үстіндегі аспан кеңістігінде қанаттылар ұшып жүрсін!”— деді (Мұсаның 1-жазбасы 1:20, 24).
Адамның не жануардың өмірі. Ехоба Мұса пайғамбарға: “Мысырға қайта орал, өйткені сенің жаныңды іздегендердің бәрі өлді”,— деді (Мұсаның 2-жазбасы 4:19). Иса жерде болған кезінде: “Мен ізгі бағушымын. Ізгі бағушы қойлары үшін жанын қияды”,— деген (Жохан 10:11).
Сондай-ақ Киелі кітапта “бүкіл жан-тәнімен” деген тіркес бар. Ол адамның бір нәрсені бар ынтасымен, бар күш-қуатымен істеуін білдіреді (Матай 22:37; Мұсаның 5-жазбасы 6:5). Сондай-ақ Құдайдың Сөзінде жанның өлетіні анық айтылған (Езекиел 18:20; Жақып 5:20).
18. РУХ
“Рух” деп аударылған еврей және грек сөздері Киелі кітаптың түпнұсқасында әртүрлі мағынаны білдіреді. Бірақ барлық жағдайда бұл сөз көзге көрінбейтін нәрселерге қатысты қолданылады. Мысалы, періштелерге, жын-перілерге және Құдайдың күші киелі рухқа қатысты (Матай 12:43; Лұқа 11:13). Киелі кітап адамның өлгеннен кейін өмір сүретін рухы бар деп үйретпейді.
19. ЖАҺАННАМ
“Жаһаннам” сөзі Иерусалимнің жанындағы аңғардың атауынан шыққан. Ол жерде қоқыс өртелетін болған. Исаның уақытында бұл аңғарда адамдар мен жануарлардың тірідей өртелгені жайында ешқандай айғақ жоқ. Сондықтан бұл сөз өлген адам жанатын немесе мәңгіге азапталатын тозақты білдірмейді. Иса “жаһаннам” сөзін біржолата жойылуды түсіндіру үшін айтқан (Матай 5:22; 10:28).
20. ИСА МӘСІХТІҢ ДҰҒАСЫ
Иса шәкірттеріне не туралы дұға ету керектігін үйреткен. Көпке танымал болып кеткен бұл дұға “Үлгілі дұға” деп те аталады. Сол дұғаның мазмұнына тоқталып өтейік.
“Сенің есімің киелі тұтылсын”
Ехобаға есімінің киелі тұтылуы жайлы дұға еткенде, есімін барлық жалған айыптан тазартуын сұраймыз. Оның есімі толығымен ақталғанда, көк пен жердегі әрбір тұлға Құдай есімін қасиетті тұтып, құрметтейтін болады.
“Сенің Патшалығың келсін”
Біз Құдай Патшалығының келуі жайлы дұға айтқанда, Құдайдан бұл үкіметтің Шайтан әкелген зұлымдықты жойып, жер бетіне билік еткенін әрі жерді жұмаққа айналдырғанын сұраймыз.
“Сенің еркің жер бетінде де орындалсын”
Құдайдың еркі жерде орындалсын дегенде, біз Ехобаның о бастағы мақсаты жүзеге асып, тілалғыш әрі кемелді адамдардың жұмақта мәңгі өмір сүргенін тілейміз.
21. ТӨЛЕМ
Ехоба адамдарды күнә мен өлімнен азат ету үшін төлем берді. Яғни Ехоба түп атамыз Адам айырылып қалған кемелді өмірді қайтару үшін құн төледі. Осының арқасында адамзаттың Ехобамен үзілген қарым-қатынасын қалпына келтіру мүмкін болды. Бұл үшін Құдай Исаны жерге жіберді. Иса барлық күнәкар пенделер үшін өмірін қиды. Оның өлімі бүкіл адамзат үшін жерде мәңгі өмір сүруге және кемелді болуға жол ашты.
22. 1914 ЖЫЛ НЕСІМЕН МАҢЫЗДЫ?
Даниял кітабының 4-тарауындағы пайғамбарлықтан Құдай өз Патшалығын 1914 жылы орнатқанын білеміз.
Пайғамбарлық. Ехоба Навуходоносор патшаға пайғамбарлық мәні бар түс көрсетеді. Патша түсінде үлкен бір ағашты көреді. Ағаш шабылып тасталады да, түбіріне темір мен мыс бұғау салынып, өсуі “жеті уақытқа” тоқтатылады. Жеті кезеңнен кейін ағаш қайта өспек еді (Даниял 4:1, 10—16).
Пайғамбарлықтың мәні. Әлгі алып ағаш Құдайдың билігін білдіреді. Ехоба Исраил халқына билік жүргізу үшін көп жыл бойы патшаларды қолданды (Шежірелер 1-жазба 29:23). Иерусалимнен билік еткен бұл патшалар Құдайға адал болып қалмады, сондықтан тақтарынан айырылды. Иерусалим б. з. б. 607 жылы күйреді. Әлгі “жеті уақыт” осы жылы басталды (Патшалар 2-жазба 25:1, 8—10; Езекиел 21:25—27). Иса: “Иерусалимді басқа ұлттар өздеріне белгіленген уақыт біткенше, аяқтарымен таптайды”,— дегенде, осы “жеті уақытқа” нұсқаған (Лұқа 21:24). Демек, “жеті уақыт” Иса жерде болған кезде әлі аяқталмаған еді. Ехоба “жеті уақыттың” соңында Патша тағайындайтынын айтқан. Осы жаңа Патша, яғни Иса билік еткен уақытта Құдайдың күллі халқы мәңгілік бойы жарылқанбақ еді (Лұқа 1:30—33).
“Жеті уақыт” қанша уақытты қамтиды? “Жеті уақыт” 2520 жылды қамтиды. Б. з. б. 607 жылдан бері 2520 жыл санасақ, 1914 жылға келіп тірелеміз. Осы жылы Ехоба Иса Мәсіхті көктегі Патшалығының Патшасы етіп тағайындады.
Ал 2520 деген сан қалай шықты? Киелі кітапта үш жарым уақыттың 1260 күнге тең екені айтылған (Аян 12:6, 14). “Жеті уақыт” одан екі есе көп болғандықтан, ол 2520 күнге тең. Егер бір күн бір жылға тең деген пайғамбарлық есепті ескерсек, 2520 күн 2520 жылға тең болады (Мұсаның 4-жазбасы 14:34; Езекиел 4:6).
23. БАС ПЕРІШТЕ МИКАЙЛ
Киелі кітапта бір ғана бас періште бар екені айтылған. Оның есімі — Микайл (Даниял 12:1; Яһуда 9).
Микайл — Құдайдың адал періштелерден тұратын әскерінің басы. Бұл Аян 12:7-ден көрінеді. Онда: “Микайл мен періштелері айдаһармен соғысты. Айдаһар да өз періштелерімен бірге олармен соғысты”,— делінген. Аян кітабында Құдайдың әскерінің басы Иса екендігі айтылған. Демек, Микайл — Исаның өзге бір есімі (Аян 19:14—16).
24. СОҢҒЫ КҮНДЕР
Бұл — Құдайдың Патшалығы Шайтан билеген дүниені жойғанға дейінгі уақыт аралығын білдіреді. Осы уақыт аралығында дүниежүзі бойынша ерекше оқиғалар орын алады. Киелі кітаптағы “заманның ақыры”, “заманның аяғы”, “Адам Ұлының осында болатын кезі” деген тіркестер де “соңғы күндерге” нұсқайды (Матай 24:3, 27, 37). “Соңғы күндер” Құдайдың Патшалығы 1914 жылы көкте билік ете бастаған уақытта басталды және Армагеддонда Шайтанның қол астындағы дүние жойылғанда аяқталады (Тімөтеге 2-хат 3:1; Петірдің 2-хаты 3:3).
25. ТІРІЛУ
Құдай адамды өмірге қайтара алады. Киелі кітапта тоғыз кісінің тірілгені жазылған. Ілияс пен Еліше пайғамбар және Петір мен Пауыл өлгендерді тірілткен. Олар бұл кереметтерді Құдайдың күшімен ғана жасай алған. Ехоба болашақта “әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтеді” (Елшілердің істері 24:15). Сондай-ақ Киелі кітапта кейбір адамдардың тірілген соң көкке баратыны айтылған. Құдай оларды Исамен бірге көкте өмір сүру үшін таңдап алған (Жохан 5:28, 29; 11:25; Філіпіліктерге 3:11; Аян 20:5, 6).
26. ЖЫНДАРМЕН БАЙЛАНЫСУ (СПИРИТИЗМ)
Спиритизм — жындармен тікелей байланысуды немесе аруақ шақырушы, тәуіп, бақсы-балгер арқылы байланысуды білдіреді. Спиритизммен айналысатындар адам өлген соң аруаққа айналады деген жалған ілімге сенеді. Жындармен байланысудың тағы бір қаупі — жындар адамдарды Құдайға қарсы шығуға итермелейді. Жұлдызжорамал, сиқырлық, сәуегейлік, ырымдау, оккультизм, тылсым күшке жүгіну де спиритизмге жатады. Бүгінде жын-перілерді, сиқырлықты және тылсым дүниені қызықты әрі зиянсыз етіп көрсететін кітаптар, газет-журналдар, жұлдызнамалар, фильмдер, плакаттар, әндер көп. Көптеген жерлеу рәсімдері мен марқұмның асын беру сияқты салт-жоралар да жындармен байланысуға жатады. Жындардан күш алу үшін есірткі қабылдайтындар да бар (Ғалаттықтарға 5:20; Аян 21:8).
27. ЕХОБАНЫҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК БИЛІГІ
Ехоба — бүкіл әлемді жаратқан Құдіреті шексіз Құдай (Аян 15:3). Ол барлық жаратылыстың Иесі болғандықтан, олардың үстінен билік етуге толық құқылы (Зәбүр 24:1; Ишая 40:21—23; Аян 4:11). Құдай әрбір жаратылысы үшін заңдар орнатқан. Сондай-ақ ол басқаларға билік беруге құқылы. Біз Ехобаны жақсы көріп, оған мойынсұнсақ, оның бүкіләлемдік билігін қолдаймыз (Шежірелер 1-жазба 29:11).
28. ТҮСІК ЖАСАТУ
Түсік жасату іштегі баланы әдейі өмірден айыру болып табылады. Мұнда әйелдің жазатайым оқиғаның салдарынан не өздігінен түсік тастауы туралы айтылып тұрған жоқ. Бала жатырда ұрықтанған уақыттан бастап тірі адам болып есептеледі. Сондықтан әлі туылмаған баланы алдыртып тастау кісі өлтірумен тең.
29. ҚАН ҚҰЙДЫРУ
Бұл адамға біреудің қанын не өзінің сақталған қанын құюды білдіреді. Қанның плазма, эритроцит (қызыл қан түйіршіктері), лейкоцит (ақ қан түйіршіктері) және тромбоцит (қан табақшалары) деген төрт негізгі бөлігі бар. Мәсіхшілер қанның өзін де, оның осы төрт бөлігінің ешқайсысын да құйдырмайды.
30. БАЛАНЫ ЖӨНГЕ САЛУ
Біз балаларымызға тәлім-тәрбие, ақыл-кеңес беруіміз және дұрыс емес әрекет еткен кездерінде мейіріммен жөнге салуымыз қажет. Ехоба да басқаларды жөнге салып тәрбиелегенде ешқашан қатыгездік көрсетпейді (Нақыл сөздер 4:1, 2). Оның берген тәрбиесі адамға тек пайда әкелетіндіктен, адам Құдайдың тәлім-тәрбиесін жақсы көріп кетеді (Нақыл сөздер 12:1). Ехоба өз халқын жақсы көреді, сондықтан оларды жөнге салады. Ол жаман пиғылымызды түзету үшін ақыл-кеңес береді. Соның арқасында біздің ойларымыз да, істеріміз де Ехобаға ұнамды болады. Ал ата-аналар балаларын қалай жөнге салса болады? Оларға алдымен тілалғыш болудың не үшін маңызды екенін түсіндірген жөн. Бұған қоса, ата-аналар балаларына Ехобаны және оның Сөзі Киелі кітапты жақсы көруді, сондай-ақ оның принциптерін түсінуді үйретулері қажет.
31. ЖЫНДАР
Жындар көзге көрінбейтін зұлым періштелер. Олар адамдардан әлдеқайда күшті. Бұл періштелер Құдайға мойынсұнбай, оған қарсы шыққаннан бастап оның жауларына айналды (Мұсаның 1-жазбасы 6:2; Яһуда 6). Жындар Ехобаға қарсы бас көтерген Шайтанға ерді (Мұсаның 5-жазбасы 32:17; Лұқа 8:30; Елшілердің істері 16:16; Жақып 2:19).