Түсіндірме
1. “Ұлы Бабыл”
Киелі кітапта жезөкше әйелге теңелген “Ұлы Бабыл” бүкіл жалған діндерді білдіреді. Мұны қайдан білеміз? (Аян 17:5). Мына жайттарды қарастырып көріңіз:
Ол дүниежүзіне ықпалын жүргізеді. Киелі кітапта Ұлы Бабыл “халықтар мен қалың жұрттың” үстінде отыр деп сипатталған. Ол “жер бетіндегі патшаларға үстемдік етуде” (Аян 17:15, 18).
Ол саяси не сауда-саттық жүйені білдірмейді. Ұлы Бабыл жойылғанда, “жержүзінің патшалары” мен “саудагерлер” әлі бар болады (Аян 18:9, 15).
Ол Құдайды қорлайды. Ұлы Бабылдың жезөкше деп аталған себебі — ол ақша үшін және басқа да пайда үшін үкіметтермен одақтасады (Аян 17:1, 2). Ол бүкіл халықтарды алдап адастырып жатыр. Көп адамның өлімі де соның мойнында (Аян 18:23, 24).
13-сабақтың 6-тақырыпшасына өту
2. Мәсіх қашан келу керек еді?
Киелі кітапта Мәсіхтің 69 аптадан кейін келетіні алдын ала айтылған (Даниял 9:25 оқыңыз).
69 апта қашан басталды? Б. з. б. 455 жылы басталды. Сол кезде әмірші Нехемия Иерусалимді “қалпына келтіріп, қайта тұрғызу” үшін сол қалаға келді (Даниял 9:25; Нехемия 2:1, 5—8).
69 апта деген қанша уақыт? Киелі кітаптың кейбір пайғамбарлықтарында “бір күн” бір жылды білдіреді (Мұсаның 4-жазбасы 14:34; Езекиел 4:6). Демек, бір апта деген жеті жылды білдіреді. Осы пайғамбарлықтағы 69 апта 483 жылға тең (69 апта x 7 күн).
69 апта қашан бітті? Б. з. б. 455 жылдан бастап 483 жылды есептейтін болсақ, б. з. 29 жылы шығадыa. Иса дәл сол жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіх болды! (Лұқа 3:1, 2, 21, 22).
15-сабақтың 5-тақырыпшасына өту
3. Қанмен байланысты ем-шаралар
Мәсіхшілер өздеріне қан құйдыртпайды, басқалар үшін де донорлық қан тапсырмайды. Алайда науқастың өз қаны пайдаланылатын ем-шаралар бар. Мысалы, олардың кейбірінде науқастың қаны отаның алдында алынып, сақталып қойылады да, кейін ота кезінде қолданылады. Бұндай ем-шараларға мәсіхшілер келіспейді (Мұсаның 5-жазбасы 15:23).
Алайда кейбір ем-шараларға мәсіхшілер келісуі мүмкін. Бұған қан талдауы, гемодиализ, гемодилюция, реинфузия немесе жасанды қан айналымын жасайтын аппарат кіреді. Әр мәсіхші ота жасатқанда, зертханаға қан тапсырғанда, я болмаса қазір қабылдап жатқан емінде оның қаны қалай пайдаланылатынын өзі шешу керек. Әр дәрігер бұл ем-шараларды өзінше жасауы мүмкін. Сондықтан мәсіхші ота жасатпас бұрын, зертханаға қан тапсырмас бұрын, я болмаса қандай да бір емді қабылдамас бұрын, дәрігер оның қанын қалай пайдаланатынын нақты біліп алу керек. Мына сұрақтарды қарастырып көріңіз:
Денемнен белгілі бір мөлшерде қан шығарылып, қан айналымы уақытша тоқтатылса, ар-ожданым сол шығарылған қанды әлі де денемнің бір бөлігі, сондықтан оны “жерге төгіп тастаудың” қажеті жоқ деп есептеуге жол бере ме? (Мұсаның 5-жазбасы 12:23, 24).
Медициналық ем-шара кезінде қаным алынып, құрамы өзгертіліп, өзіме қайта құйылса ше? Мұндай ем-шараны таза ар-ожданмен қабылдай аламын ба?
39-сабақтың 3-тақырыпшасына өту
4. Бөлек тұру
Құдай Сөзі ерлі-зайыптының бөлек тұруын құптамайды. Онда бөлек тұру ерлі-зайыптыға қайта неке құруға құқық бермейтіні анық айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:10, 11). Алайда кейбір мәсіхшілер мына жағдайларда бөлек тұруды шешуі мүмкін:
Отбасының қамын ойлаудан әдейі бас тарту. Күйеуі отбасын қамтамасыз етуден бас тартып, отбасын ақшасыз я тамақсыз қалдырса (Тімөтеге 1-хат 5:8).
Аяусыз ұрып-соғу. Жары ұрып-соғып, мәсіхшінің денсаулығына я өміріне қауіп төндірсе (Ғалаттықтарға 5:19—21).
Ехобаға ғибадат етуге мүлдем мүмкіндік бермеу. Күйеуі не әйелі жарының Ехобамен қарым-қатынасына қауіп төндіріп, қызмет етуіне мұрша бермесе (Елшілердің істері 5:29).
5. Мереке-мейрамдар
Мәсіхшілер Ехобаға ұнамайтын мейрамдарды тойламайды. Бірақ мәсіхші әр жағдайда қалай әрекет ететінін Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сүйеніп шешу керек. Кейбір жағдайларды қарастырайық.
Біреу сізді құттықтаса. Жай ғана “рақмет” десеңіз болады. Сол адам неге мейрам тойламайтыныңызды білгісі келсе, түсіндіріп беріңіз.
Куәгер емес жарыңыз мейрам күні туыстарға қонаққа барып келейік десе. Қонаққа баруға ар-ұжданыңыз жіберсе, жарыңызға жалған діннің әдет-ғұрыптары жасалған жағдайда оларға қатыспайтыныңызды алдын ала түсіндіріп қойыңыз.
Бастығыңыз мерекенің құрметіне сыйақы ұсынса. Сыйақыдан бас тарту керек пе? Бас тартпасаңыз да болады. Бастығыңыз сыйақыны мейрамның бір бөлігі деп қарастыра ма? Әлде сыйақымен еңбегіңіз үшін жай ғана ризашылығын білдіргісі келе ме?
Сізге біреу мейрамға арнап сыйлық берсе. Ол: “Мейрамды тойламайтыныңды білемін, бірақ мынаны саған бергім келіп тұр”,— деуі мүмкін. Бәлкім, бұл адам жай ғана сізге жақсылық жасағысы келген шығар. Алайда мынаны да ойлап көріңіз: сол адам сеніміңізді тексергісі немесе мейрамды тойлауға сізді қатыстырғысы келіп тұрған жоқ па? Сосын сыйлықты аласыз ба, жоқ па — өзіңіз шешіңіз. Біз әрбір шешімімізбен Ехобаға адал екенімізді көрсетіп, ар-ұжданымыздың тыныш болғанын қалаймыз (Елшілердің істері 23:1).
44-сабақтың 1-тақырыпшасына өту
6. Жұқпалы аурулар
Біз адамдарды жақсы көреміз. Сондықтан жұқпалы аурумен ауырсақ немесе өзіміз ауырмасақ та, ауруды тасуымыз мүмкін екенін білсек, басқалардың саулығын ойлаймыз. Осылайша біз Киелі кітаптағы мына нұсқауды орындаймыз: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Римдіктерге 13:8—10).
Жұқпалы ауруы бар адам өзгені сүйетінін қалай көрсетеді? Ол адамдарға қатты жақындамайды, құшақтап, сүймейді. Өзгелер үй ішіндегілерін қорғау үшін оны қонаққа шақырмаса, ол ренжімеу керек. Сондай-ақ жұқпалы аурумен ауыратын адам шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын сол дерті жайлы ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісіне айту керек. Сонда шомылдыру рәсімінен өтетін басқа да адамдарға қауіп төнбейді. Жұқпалы ауруды жұқтыру қаупі болған адам неке құру мақсатында біреумен кездеспес бұрын қан талдауын жасауы тиіс. Солай ол “өз мүддесін емес, басқалардың да мүддесін ойлайтынын” көрсетеді (Філіпіліктерге 2:4).
56-сабақтың 2-тақырыпшасына өту
7. Бизнес және заңи мәселелер
Ақша мен бизнеске қатысты келісімшарттардың бәрін жазбаша істесек, көптеген қиындықтың алдын аламыз. Тіпті бауырластармен осылай келісімшарт жасауымыз керек (Еремия 32:9—12). Сонда да кейде мәсіхшілердің арасында ақшаға я басқа да мәселелерге қатысты кішігірім келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Мұндай кезде оларды бірден, у-шусыз, ешкімді араластырмай шешіп алған жөн.
Ал алаяқтық, жала жабу сияқты үлкен мәселелер туындаса ше? Оларды қалай шешуіміз керек? (Матай 18:15—17 оқыңыз). Иса мынадай үш қадамды істеу керектігін айтқан:
Алдымен, мәселені өзара шешуге тырысыңыз (15-тармақты қараңыз).
Бұдан нәтиже шықпаса, қауымдағы толысқан бір не екі бауырластан сізбен баруын сұраңыз (16-тармақты қараңыз).
Мәселе шешілмесе ғана қауым ақсақалдарына барған жөн (17-тармақты қараңыз).
Көп жағдайларда біз бауырластарымызды сотқа бермеуіміз керек, өйткені Ехобаның және қауымның атына кір келеді (Қорынттықтарға 1-хат 6:1—8). Алайда кейбір жағдайларда сотқа жүгінуге тура келеді. Мысалы, ажырасу, балаға қорғаншы болу, алимент төлеу, сақтандыру, банкрот не өсиетхат сияқты мәселелерде. Мәсіхші осындай жағдайларды сот арқылы у-шусыз шешіп жатса, ол Киелі кітаптың принципін бұзбайды.
Зорлау, баланы азғындау, шабуыл жасау, үлкен көлемде ұрлық жасау я кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыс болған жағдайда мәсіхші тиісті органдарға хабарласса, ол Киелі кітаптың принципін бұзбайды.
a Б. з. б. 455 жылдан б. з. 1 жылына дейін 454 жыл болады. Ал б. з. б. 1 жылдан б. з. 1 жылына дейін бір жыл болып есептеледі (өйткені нөл деген жыл болмаған). Б. з. 1 жылынан 29 жылына дейін санағанда 28 жыл шығады. Бәрін қосқанда 483 жыл шығады.