Пайдасыз нәрселерден бас тарт
“Бос қиял қуғанның ақылы жоқ” (НАҚ. С. 12:11).
1. Бізде қандай құнды нәрселер бар және оларды қолданудың ең жақсы жолы қандай?
МӘСІХШІЛЕР түрлі құнды нәрселерге ие. Мысалы, белгілі бір шамада денсаулық пен күш-жігерге, ойлау қабілетіне және дүние-мүлікке ие. Біз Ехобаны сүйгендіктен, осының барлығын оған қызмет етуге қолданамыз. Осылайша киелі рухтың жетелеуімен: “Тәңірді құрметтеп сыйға бер мал-мүлкіңнен [“құнды нәрселеріңнен”, ЖД]”,— деген сөздерге сай әрекет етеміз (Нақ. с. 3:9).
2. Киелі кітапта пайдасыз нәрселерге қатысты қандай ескерту берілген және ол тура мағынада нені білдіреді?
2 Алайда Киелі кітап пайдасыз, бос нәрселердің де бар екенін және солар үшін барымызды жұмсамау керектігін ескертеді. Осыған қатысты айтылған мына бір нақыл сөзді қарастырайықшы: “Жерін өңдегеннің қарны тоқ, Бос қиял қуғанның ақылы жоқ” (Нақ. с. 12:11). Бұл сөздердің тура мағынасын түсіну қиын емес. Егер адам уақыты мен күш-жігерін еңбек етуге жұмсаса, отбасы мүшелері белгілі бір шамада өздерін қауіпсіз сезінеді (Тім. 1-х. 5:8). Ал егер ол қолда барын пайдасыз нәрселерге жұмсаса, “ақылы жоқ” екенін, яғни дұрыс шешім қабылдай алмайтынын және түзу ниетінен айырылғанын көрсетеді. Ақыр соңында мұндай адам мұқтаждық көруі мүмкін.
3. Пайдасыз нәрселерге қатысты Киелі кітаптың ескертуін ғибадатымызға қалай қолдана аламыз?
3 Ал енді осы нақыл сөздегі принципті ғибадатымызға қатысты қолданып көрейікші. Егер мәсіхші Ехобаға бар ықыласпен және адалдықпен қызмет ететін болса, нағыз қауіпсіздікті сезіне алады. Ол қазірдің өзінде Құдайдың батасына кенелетініне сенімді және болашаққа деген үміті берік болады (Мат. 6:33; Тім. 1-х. 4:10). Алайда пайдасыз нәрселердің соңына түсетін болса, оның Ехобамен қарым-қатынасына және мәңгі өмір сүру үмітіне қауіп төнеді. Мұндайдан аулақ болу үшін не істеуіміз керек? Өмірімізде ненің пайдасыз екенін анықтап алып, олардан үзілді-кесілді бас тартуды үйренуіміз керек (Титке 2:11, 12 оқы).
4. Пайдасыз нәрселер деген не?
4 Пайдасыз нәрселер деген не? Бұл, жалпы алғанда, Ехобаға бар ықыласпен қызмет етуге кедергі жасайтын нәрселердің бәрі болуы мүмкін. Мысалы, демалудың кез келген түрі. Әрине, демалып, көңіл көтеру пайдалы. Алайда оған тым көп уақыт, тіпті ғибадатымыздың да уақытын жұмсайтын болсақ, ол пайдасыз нәрсеге айналып, рухани күйімізге кері әсерін тигізеді (Екк. 2:24; 4:6). Бұдан аулақ болу үшін мәсіхші құнды уақытын қалай жұмсайтынына мұқият болуы керек (Қолостықтарға 4:5 оқы). Дегенмен демалудан да қауіпті пайдасыз нәрселер бар. Бұлардың бірі — жалған құдайлар.
Пайдасыз тәңірлерден бас тарт
5. Киелі кітап жиі не нәрсенің пайдасыз екенін айтады?
5 Бір көңіл қоятын жайт, Киелі кітап жиі жалған құдайлардың пайдасыз екенін айтады. Мысалы, Ехоба: “Мен Самарияны өзінің пайдасыз тәңірлерімен қоса құрттым, Иерусалимге және ондағы жұрт табынатын мүсіндерге де дәл солай істеймін!”— деген (Ишая 10:11). Ал Дәуіт патша былай деген: “Жаратушы [Ехоба] ұлық және барлық құдайлардан гөрі мадақтауға лайық, құдіретті. Өйткені халықтардың барлық құдайы түкке тұрмайды, ал Жаратушы көкті жаратты” (Шеж. 1-ж. 16:25, 26).
6. Неге жалған құдайларды түкке тұрғысыз деуге болады?
6 Дәуіт айтқандай, дүние Ехобаның ұлылығын дәлелдейтін нәрселерге толы (Заб. 138:14; 148:1—10). Исраил халқы Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу мәртебесіне ие еді. Алайда олардың Ехобадан теріс айналып, бейнелер мен бағаналарға табынғандары қандай ақымақтық болды десеңші! Қиыншылық туғанда, бұл құдайлар ғибадат етушілерін де, өздерін де қорғап қалуға шамалары келмей, шынымен түкке тұрғысыз екендерін дәлелдеді (Би. 10:14, 15; Ишая 46:5—7).
7, 8. Байлық қалайша құдайға айналып кетуі мүмкін?
7 Бүгінде көп елде адамдар әлі де бейнелерге табынады. Мұндай құдайлардың қазіргі кезде де еш пайдасы жоқ (Жох. 1-х. 5:21). Алайда Киелі кітапта осындай бейнелерден басқа да құдайлардың бар екені айтылған. Мысалы, Иса бұған қатысты не айтқанына назар аударайықшы: “Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Олай еткен күнде біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!” (Мат. 6:24).
8 “Байлық” қалайша құдайға айналуы мүмкін? Ежелгі Исраилде далада жатқан тасты мысалға келтірейік. Мұндай тасты үй немесе қабырға соғу үшін қолдануға болатын. Бірақ олар оны тұрғызып қойып, “бағана” не “қашалған тас оба” ретінде қолданған кезде, бұл Исраил халқының жолдан таюына ықпал етті (Леуі. 26:1). Ақшаның да өз орны бар. Оны біз өмір сүру үшін және Ехобаға қызмет ету үшін қолдануымызға болады (Екк. 7:12; Лұқа 16:9). Ал егер ақшаның соңынан қуып, қызметімізді кейінге шегерсек, ол құдайымызға айналады (Тімотеге 1-хат 6:9, 10 оқы). Бұл дүниеде адамдар үшін байлық жинау өте маңызды болып кеткен. Сондықтан біз көзқарасымызды тексеріп, дұрыс екеніне көз жеткізіп отыруымыз керек (Тім. 1-х. 6:17—19).
9, 10. а) Мәсіхшілер білім алуға қалай қарайды? ә) Жоғарғы білімнің қандай қаупі бар?
9 Пайдалы нәрсенің бос нәрсеге айналып кетуі мүмкін екенінің тағы бір мысалын білім алу саласынан көруге болады. Біз балаларымыздың жақсы білім алып, аяққа тұрып кеткендерін қалаймыз. Бұдан да маңыздысы, сауатты мәсіхші Киелі кітапты әлдеқайда жақсы түсіне алады, проблема жайлы ой жүгіртіп, дұрыс шешім қабылдай алады және адамға Киелі кітаптың шындығын анық әрі көзі жететіндей етіп үйрете алады. Жақсы білім алуға уақыт кеткенмен, бұл соған тұрады.
10 Алайда колледж бен университетте алатын жоғарғы білім жайлы не деуге болады? Бүгінде бұл жетістікке жетудің бірден-бір жолы деп қарастырылады. Алайда жоғарғы білімге ұмтылған көп адамның санасы осы дүниенің зиянды даналығына толы. Мұндай білім Ехобаға қызмет етуге жұмсауға болатын жастықтың қымбат шағын босқа кетіреді (Екк. 12:1). Жоғарғы білім алу кейбір елдерде кәдімгі нәрсе, бірақ ол жерде Құдайға сенетін адамдар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз. Ал мәсіхшілер қауіпсіздікті осы дүниенің жоғарғы білімінен іздемейді, қайта, Ехобаға арқа сүйейді (Нақ. с. 3:5).
Тәннің қалауы құдайға айналып кетпесін
11, 12. Неге Пауыл кейбіреулердің “құдайлары — өз құлқыны” деп айтқан?
11 Елші Пауыл філіпіліктерге жазған хатында тағы да бір нәрсенің құдайға айналу мүмкін екенін айтқан. Ол кейбір мәсіхшілер жайлы былай деген: “Сендерге бұрын да айтқам, қазір де көз жасымды төгіп айтып отырмын: көп адамдар Мәсіхтің айқыштағы құрбандығына қас болып жүр. Бұлардың ақыры — тозаққа түсу, құдайлары — өз құлқыны... олар бұ дүниелік нәрселерді ғана ойлайды” (Філіп. 3:18, 19). Қалайша адам өз құлқынын құдай етуі мүмкін?
12 Пауылға таныс адамдардың жағдайынан көрінетіндей, тәндік құмарлықтар Ехобаға онымен бірге қызмет етуден де басым болып кеткен. Олардың кейбіреуі тым көп ішіп-жеп, мешкей не маскүнем болып кеткен болу керек (Нақ. с. 23:20, 21. Заңды қайталау 21:18—21 салыстыр). Басқалары болса өз заманы ұсынған игіліктердің рақатын көріп өмір сүруді таңдап, Ехобаға қызмет етпей қойған болу керек. Сондықтан “жақсы өмірге” ұмтылып, оның Ехобаға жан-тәнімізбен қызмет ету құлшынысымызды бәсеңдетуіне жол бермейік (Қол. 3:23, 24).
13. а) Ашкөздік деген не және Пауыл оны неге теңеді? ә) Ашкөздіктен қалай аулақ бола аламыз?
13 Сондай-ақ Пауыл жалған ғибадаттың басқа қырын көрсетіп, былай деп жазды: “Күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!” (Қол. 3:5). Ашкөздік өзінде жоқ затты қатты қалауды білдіреді. Мысалы, бұл дүние-мүлікті қалау, тіпті заңсыз жыныстық қатынасты құмарту болуы мүмкін (Мыс. ш. 20:17). Мұндай қалаудың жалған құдайларға табынумен пара-пар екені ойландыратын жайт емес пе? Иса күнәкар құмарлықты тізгіндеудің маңыздылығын әсерлі мысалмен көрсеткен (Марқа 9:46 оқы; Жох. 1-х. 2:16).
Бос сөздерден аулақ бол
14, 15. а) Еремияның заманында халық қандай ‘бос қиялдың’ зардабын шекті? ә) Неге Мұсаның сөздері құнды еді?
14 Сөздер де бос нәрсе болуы мүмкін. Мысалы, Ехоба Еремия пайғамбарға былай деген: “Жаратушы Ие маған былай деді: әулиелер Менің атымнан жалған сәуегейлік жасап жүр; Мен оларды жұмсаған жоқпын, бұл өз жүректерінен шыққан бос қиял ғана” (Ерм. 14:14). Әулиелер, не жалған пайғамбарлар, Ехобаның атынан сөйлеп тұрмыз дегенмен, халыққа өз ойлары мен ақылдарын айтқан. Олардың сөзі “бос қиял” ғана болған. Ал бұл халық үшін пайдасыз, тіпті рухани қауіпті еді. Сондықтан оған құлақ асқандар б. з. б. 607 жылы Бабыл әскерінің қолынан мезгілсіз қаза тапты.
15 Ал Мұса болса исраилдіктерге былай деген: “Бүгін сендерге мен жеткізген осы сөздердің барлығын жүректерінің түкпіріне тоқып алыңдар... Өйткені, бұл сендер үшін бос сөз емес, бұл сендердің өмірлерің, және де сендер тек осы арқылы өздерің иелік ету үшін Иорданнан асып келе жатқан сол жерде ұзақ уақыт бойы тұратын боласыңдар” (Заң. қ. 32:46, 47). Иә, Мұса бұл сөздерді Құдайдың киелі рухының жетелеуімен айтқан. Сондықтан оның сөзі құнды, тіпті халықтың игілігі үшін маңызды еді. Бұл сөздерге құлақ асқандар ұзақ әрі бақытты өмір сүрді. Олай болса, біз де бос сөздерден аулақ болып, шындықтың құнды сөзін ұстанайық.
16. Құдай Сөзіне қайшы келетін ғалымдардың сөзіне қалай қарауымыз керек?
16 Бүгінде де бос сөздерді естіп жүрміз. Мысалы, кейбір ғалымдардың айтуынша, эволюция теориясы мен ғылыми жаңалықтар Құдайға сенудің қажеті жоқ екенін көрсетеді және кез келген нәрсені табиғи құбылыстармен түсіндіруге болады. Мұндай сөздер бізді ойландыру керек пе? Әрине, жоқ. Себебі адамның даналығы Құдайдың даналығынан мүлдем өзгеше (Қор. 1-х. 2:6, 7). Адамдардың ілімі Құдайдың ашқан шындығына қайшы келеді, сондықтан олар үнемі дұрыс емес нәрселерге үйретеді (Римдіктерге 3:4 оқы). Ғылым кейбір салада жетістіктерге жетсе де, Киелі кітаптың адам даналығы жөнінде айтқан келесі сөзі шындық болып қала береді: “Күнәкар дүние нені даналық деп есептесе, сол Құдай алдында ақымақтық”. Құдайдың шексіз даналығымен салыстырғанда, адам даналығы түкке тұрғысыз (Қор. 1-х. 3:18—20).
17. Мәсіхшілер әлемінің дінбасылары мен жолдан тайғандардың сөздеріне қалай қарауымыз керек?
17 Бос сөздердің тағы бір мысалын мәсіхшілер әлемінің дінбасыларының айтқандарынан көруге болады. Олар Құдайдың атынан сөйлейміз дегенімен, айтқандарының басым көпшілігі Киелі кітапқа негізделмеген және еш пайдасы жоқ. Сондай-ақ жолдан тайғандардың тағайындалған ‘адал да ақылды құлдікінен’ де зор даналыққа иеміз дегендері де бос сөз (Мат. 24:45—47, ЖД). Алайда олар өз даналығын айтады және онысы тыңдаушыларына сүріндіретін кедергі тас болып табылады (Лұқа 17:1, 2). Олардың сөзіне алданып қалмау үшін не істеу керек?
Бос сөздерден қалай аулақ жүреміз?
18. Жоханның 1-хаты 4:1-де жазылған кеңесті қалай қолдана аламыз?
18 Қарт Жохан осыған қатысты жақсы кеңес берген (Жоханның 1-хаты 4:1 оқы). Оның сөздеріне сай, біз уағыздап жүргенде кездестірген адамдарды сенетін ілімдерін Киелі кітап бойынша тексеруге шақырып отырамыз. Бұл өзіміз үшін де пайдалы. Сонда біз шындыққа қайшы келетін немесе қауымға, ақсақалдарға, бауырластарға жала жабатын сөз естігенде, оған бірден сеніп қалмаймыз. Қайта, өзімізге мынадай сұрақтар қоямыз: “Сол адамның осындай сөз таратып жүргені Киелі кітапқа сай келе ме? Мұндай сөздер Ехобаның ниетінің орындалуына септігін тигізе ме? Қауымның ынтымағына ықпал ете ме?” Бауырластарды жігерлендірудің орнына ренжітетін кез келген сөз пайдасыз болып табылады (Қор. 2-х. 13:10, 11).
19. Сөздері пайдасыз болмау үшін ақсақалдар не істеу керек?
19 Бос сөздерге қатысты ақсақалдар үшін де маңызды сабақ бар. Олар бауырластарға кеңес беру керек болғанда, өз мүмкіндіктерінің шектеулі екенін есте ұстап, тәжірибесінен жинаған ақылына сүйенбей, Киелі кітаптың сөзіне көңіл аударулары керек. Елші Пауыл маңызды ережені көрсетіп: “Киелі жазбаларда айтылғандардан артыққа бармаңдар!”— деген (Қор. 1-х. 4:6). Ақсақалдар осы сөздерге сай әрекет етіп, Киелі кітапта және оған негізделген адал да ақылды құл беріп отырған әдебиеттерде жазылғандардан артық кеңестер бермейді.
20. Пайдасыз нәрселерден бас тартуға бізге не көмектеседі?
20 Түкке тұрғысыз құдайлар мен бос сөздер сияқты пайдасыз нәрселердің бәрі зиянды. Сондықтан үнемі Ехобаға дұға етіп, зиянды нәрселерді анықтауға көмектесуін және олардан бас тартуға қатысты басшылық беруін сұрауымыз керек. Сонда біз де забур жыршысының сөзіне қосылып: “Бос нәрселерге назарымды түсірмей, Өз жолыңда өмірімді жаңарта гөр”,— дей аламыз (Заб. 118:37). Келесі мақалада Ехобаның басшылығын қабыл алудың маңыздылығын қарастырамыз.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Қандай пайдасыз нәрселерден бас тартуымыз керек?
• Байлық құдай болып кетпеу үшін не істей аламыз?
• Қалайша тәннің қалаулары жалған тәңірге айналып кетуі мүмкін?
• Бос сөздерден қалай бас тартамыз?
[3-беттегі сурет]
Құдай исраилдіктерді бос қиял қумай, ‘жерін өңдеуге’ шақырған
[5-беттегі сурет]
Дүние-мүлікке бола Ехобаға қызмет етуді бәсіңдетіп жіберме
[6-беттегі сурет]
Ақсақалдардың сөздері құнды бола алады