8 қыркүйек, сейсенбі
Ехоба барлық пайғамбарлары... арқылы Исраил мен Яһуда елін... талай ескертті (Пат. 2-ж. 17:13).
Ехоба халқын ескертіп, түзету үшін оларға пайғамбарларын жіберіп отырған. Мысалы, Еремия арқылы Ехоба былай деген: “Уа, сатқын Исраил, маған қайта орал... Саған қабақ шытып қарамаймын, өйткені мен адалмын,— дейді Ехоба.— Мен мәңгі ашулана бермеймін. Тек өз кінәңді мойындасаң болғаны, өйткені Ехоба Құдайыңа қарсы шықтың” (Ерм. 3:12, 13). Ал Жоел арқылы: “Әлі де болса шын жүректен маған қайтыңдар”,— деген (Жоел 2:12, 13). Ишая арқылы болса былай деген: “Тазарыңдар, Зұлым істеріңді көз алдымнан құртыңдар. Жамандық жасауды доғарыңдар!” (Ишая 1:16—19). Езекиел арқылы да Ехоба былай деген: “Мені зұлым адамның өліміне қуанады дейсіңдер ме? Жоқ, қайта, теріс жолынан қайтып, өмір сүрсе, соған қуанамын... Мен ешкімнің де өліміне қуанбаймын. Сондықтан маған бет бұрыңдар да, өмір сүріңдер” (Езек. 18:23, 32). Адамдардың өкінгенін көргенде Ехоба шын жүректен қуанады, өйткені олардың шексіз, мәңгі өмір сүргенін қалайды! w24.08 9-б., 5, 6-абз.
9 қыркүйек, сәрсенбі
Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған (Тім. 2-х. 3:16).
Құдай халқы ретінде бәріміз бірдей Ехобаның рухани ас-суын, бағыт-бағдарын алып, қорғанышын көріп жүрміз. Қонақжай Құдайымыз Ехобаның ешкімді алаламайтынын көрсететін бір жайт — ол Киелі кітапты дүниежүзіндегі адамдардың бәріне қолжетімді еткен. Негізі, Киелі жазбалардың түпнұсқасы еврей, арамей және грек тілдерінде жазылған. Киелі кітапты түпнұсқа тілде оқи алатындардың Ехобамен қарым-қатынасы басқалардікінен жақсырақ па? Жоқ, мүлдем олай емес (Мат. 11:25). Ехобаның ықыласына ие болу үшін жоғары білім алу не қандай да бір тілді білу шарт емес. Ехоба өзінің даналығын тек жоғары білімді адамдарға ғана ашса болар еді. Бірақ ол өз даналығын жержүзіндегі барлық адамға, жоғары білімі бар-жоғына қарамай, қолжетімді еткен. Ол өзінің Сөзі Киелі кітаптың мыңдаған тілге аударылуына қам жасаған. Соның арқасында төрткіл дүниедегі адамдар оның тәлімінің игілігін көріп, Ехобамен дос болу үшін не істеу керектігін біле алады (Тім. 2-х. 3:16, 17). w24.06 6, 7-б., 13—15 абз.
10 қыркүйек, бейсенбі
Иерусалимнің қаңырап бос қалатын кезі жақын (Лұқа 21:20).
Иса алдын ала айтқандай, яһуди жүйесінің күйрейтін уақыты таяп келе жатты. Мәсіхшілердің дайындалып, сенім, табандылық сияқты қасиеттерін шыңдап алуға мүмкіндіктері бар еді (Евр. 10:25; 12:1, 2). Бізді еврей мәсіхшілердің басына түскен алапаттан да зор алапат күтіп тұр (Мат. 24:21; Аян 16:14, 16). Ехобаның Пауыл арқылы сол мәсіхшілерге берген кеңестері бізге де пайдалы. Сол кеңестердің кейбіріне тоқталып өтейік. Еврейлерге арналған хатында елші Пауыл бір сенімдегі бауырластарын Құдай Сөзін терең зерттеуге талпындырды (Евр. 5:14—6:1). Пауыл Еврей жазбаларын қолданып, бауырластарына мәсіхшілік жол яһуди дінінен анағұрлым үстем екенін түсіндірді. Пауыл бауырластардың шындық жайлы білімдері молайып, түсініктері тереңдесе, олар жалған ілімдерді ажырата біліп, олардан бас тарта алатындарын, осылайша шындықты берік ұстанатындарын білген. w24.09 8, 9-б., 2, 3-абз; 10-б., 6-абз.