Лұқа
5 Бірде Иса Генесәрет көлінің* жағасында Құдай сөзін үйретіп жатқанда, тыңдауға жиналған жұрт оны қыспақтай бастады. 2 Сонда ол жағада тұрған екі қайықты көрді, одан түскен балықшылар ауларын жуып отыр екен. 3 Иса қайықтардың біріне мініп, оның иесі Шимоннан жағадан әрірек жүзіп баруды өтінді. Сосын, қайықта отырып халыққа тәлім бере бастады. 4 Сөзін бітіргеннен кейін, Шимонға: “Терең жерге жүзіп барып, суға ау салыңдар”,— деді. 5 Алайда ол: “Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстаған жоқпыз. Бірақ сен айтқан соң, салып көрейін”,— деп жауап берді. 6 Ауларын салғанда, өте көп балық ұстады. Балықтың көп болғаны сонша — аулары жыртыла бастады. 7 Сонда олар басқа қайықтағы серіктеріне белгі беріп, көмекке шақырды. Олар келгенде, екі қайық та балыққа толып, тіпті суға бата бастады. 8 Бұны көрген Шимон Петір Исаның аяғына жығылып: “Ием, қасыңда болуға лайық емеспін, себебі мен күнәкар адаммын”,— деді. 9 Өйткені көп балық ұстағандықтан, өзі де, қасындағылардың бәрі де қатты қайран қалған еді. 10 Шимонның серіктері Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан да сондай күйде болды. Бірақ Иса Шимонға былай деді: “Қорықпа! Бұдан былай тірі адамдарды аулайтын боласың”. 11 Олар қайықтарды жағаға шығарып, бәрін тастап, Исаның соңынан ерді.
12 Басқа бір жолы Иса қалалардың бірінде болғанда, үсті-басын алапес қаптаған адам келе жатты. Ол Исаны көргенде, жерге жығылып: “Ием, қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп жалбарынды. 13 Иса қолын созып, оның денесіне тигізді де: “Қалаймын, айығып тазар!”— деді. Сол сәтте ол алапесінен арылып, тазарды. 14 Иса бұл жайлы ешкімге тіс жармауды бұйырды да, оған: “Бірақ барып, діни қызметкерге қарал да, тазарғаның үшін Мұса бұйырған сый-тартуды ұсын. Бұл оларға куәлік болсын”,— деді. 15 Алайда Иса жайлы хабар кеңінен тарап, жұрт оны тыңдау үшін және ауруларынан айығу үшін ағылып келіп жатты. 16 Ал Иса елсіз жерлерге барып, дұға етіп жүрді.
17 Бір күні ол тәлім беріп отырғанда, сол жерде Ғалилея мен Яһудеяның барлық ауылдарынан және Иерусалимнен келген парызшылдар* мен Мұса заңының ұстаздары да отырды. Иса ауруларды сауықтыру үшін Ехобаның құдіретіне кенелген еді. 18 Сол кезде біреулер бір сал кісіні төсенішімен көтеріп әкеліп, Исаның алдына апармақ болды. 19 Халықтың көптігінен ішке кіре алмай, олар үйдің шатырына шығып, сол жерден сал кісіні төсенішімен ортаға, Исаның алдына түсірді. 20 Олардың сенімін көргенде, Иса: “Достым, күнәларың кешірілді”,— деді. 21 Ал заң мұғалімдері* мен парызшылдар: “Құдайды қорлайтын бұл кім өзі? Күнәларды Құдайдан басқа кім кешіре алады?”— деп ойлады. 22 Алайда олардың ойын білген Иса: “Неге бұлай ойлап отырсыңдар? 23 Не деп айту оңай, “күнәларың кешірілді” деу ме, әлде “орныңнан тұр да, жүре бер” деу ме? 24 Бірақ Адам Ұлының* жер бетінде күнәларды кешіруге билігі бар екенін білулерің үшін...— деп, сал кісіге былай деді: —Саған айтамын, орныңнан тұр да, төсенішіңді алып, үйіңе бар!” 25 Әлгі кісі олардың көз алдында дереу орнынан тұрды да, төсенішін алып, Құдайды мадақтап үйіне кетті. 26 Бұған бәрі қатты қайран қалып, Құдайды мадақтай бастады. Олар үрейленіп: “Біз мұндайды ешқашан көрген емеспіз!”— десті.
27 Бұдан кейін Иса сыртқа шығып, салық кеңсесінде отырған Леуі есімді салықшыны көрді де, оған: “Менің ізбасарым бол!”— деді. 28 Ол бәрін тастай сала, орнынан тұрып, соңынан ерді. 29 Сондай-ақ Леуі өз үйінде Исаға арнап үлкен қонақасы берді. Сол жерде дастарқан басында жантайған қонақтар арасында көптеген салықшылар болды. 30 Сонда парызшылдар мен олардың арасынан шыққан заң мұғалімдері оның шәкірттеріне: “Неге сендер салықшылармен және күнәкарлармен бірге ішіп-жейсіңдер?”— деп күңкілдей бастады. 31 Ал Иса оларға былай деді: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет. 32 Мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”.
33 Олар Исаға: “Жақияның шәкірттері жиі ораза ұстап, жалбарынып дұға етеді. Парызшылдардың шәкірттері де солай істейді, ал сенің шәкірттерің болса тамақ ішіп-жей береді”,— деді. 34 Бұған Иса мынадай жауап қайырды: “Күйеу жігіт қастарында болғанда, достарына ораза ұстата алмайсыңдар, солай ғой? 35 Бірақ күйеу жігітті қастарынан алып кететін кез келеді, сонда олар ораза ұстайтын болады”.
36 Содан кейін оларға мынадай мысал келтірді: “Ешкім жаңа киімнен мата алып, ескі киімге жамамайды, олай етсе, жаңа жамау жұлынып қалады. Жаңа киімнен алынған жамау ескі киімге сай келмейді. 37 Сондай-ақ ешкім жаңа шарапты ескі торсыққа құймайды, әйтпесе жаңа шарап торсықты жарып жібереді. Сонда шарап ағып кетеді, торсық та бүлінеді. 38 Қайта, жаңа шарап жаңа торсыққа құйылу керек. 39 Ескі шарапты ішкен адам “ескісі жақсы” деп, жаңасын ішкісі келмейді”.