Матай
4 Сосын, Иса рухтың жетелеуімен айдалаға барды. Сол жерде Ібіліс оны сынады. 2 Қырық күн, қырық түн ораза тұтқаннан кейін, оның қарны ашты. 3 Сонда оған Азғырушы* келіп, былай деді: “Егер Құдайдың ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыр”. 4 Бірақ Иса: “Киелі жазбада “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс” делінген ғой”,— деп жауап берді.
5 Мұнан соң Ібіліс оны қасиетті қалаға апарып, ғибадатхананы қоршап тұрған дуалдың үстіне шығарып: 6 “Егер Құдайдың ұлы болсаң, төмен қарай секір, өйткені Киелі жазбада “Ол сен туралы періштелеріне бұйрық береді. Аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін, олар сені қолдарына алып жүреді” деп жазылған ғой”,— деді. 7 Иса оған: “Құдайың Ехобаны сынаушы болма!” деп те жазылған ғой”,— деп жауап қайтарды.
8 Бұдан кейін Ібіліс оны бір өте биік тауға әкелді де, әлемнің барлық патшалықтары мен олардың сән-салтанатын көрсетіп, 9 былай деді: “Егер алдыма жығылып, маған бір рет табынсаң, осының бәрін саған беремін”. 10 Сонда Иса: “Кет қасымнан, Шайтан! Киелі жазбада “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қасиетті қызмет атқар!” деп жазылған ғой”,— деді. 11 Сонда Шайтан оның қасынан кетіп қалды. Ал періштелер келіп, оған қызмет көрсете бастады.
12 Иса Жақияның тұтқындалғаны жайлы естіп, Ғалилеяға кетіп қалды. 13 Сосын, ол Назареттен шығып, теңіз жағалауында орналасқан Забулон мен Нафталим аймақтарындағы Қапарнаумға келіп, сол жерде тұрды. 14 Осылайша Ишая пайғамбар арқылы айтылған мына сөздер орындалды: 15 “Уа, теңізге барар жолдағы әрі Иорданның арғы жағындағы Забулон жері мен Нафталим жері — басқа ұлттар мекендейтін Ғалилея! 16 Түнекте отырған халық ғаламат нұрды көріп, өлім көлеңкесінде отырғандарға нұр төгілді”. 17 Сол уақыттан бастап Иса: “Күнәларыңа өкініңдер, өйткені Көк патшалығы таяп қалды”,— деп уағыздауға кірісті.
18 Ғалилея теңізінің* жағасымен келе жатып, ол Петір деп те аталатын Шимон мен бауыры Әндірді көрді. Бұл ағайынды екі жігіт суға ау салып жатты. Олар балықшы еді. 19 Иса оларға: “Соңымнан еріңдер, мен сендерді адам аулаушы етемін”,— деді. 20 Олар ауларын тастай сала, оның соңынан ерді*. 21 Ол әрі қарай кетіп бара жатып, ағайынды екі жігіт — Жақып пен Жоханды да көрді. Олар әкесі Зебедеймен қайықта ау жамап отырған еді. Иса оларды да шақырды. 22 Екеуі сол заматта қайықтарын да, әкелерін де тастап, оның соңынан ерді.
23 Сосын, ол бүкіл Ғалилея аймағын аралап, мәжілісханаларда* тәлім беріп, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап, адамдарды түрлі ауру-сырқаудан сауықтырып жүрді. 24 Ол туралы хабар бүкіл Сирияға тарап, жұрт оған әртүрлі дерттен қатты қиналған аурулардың бәрін — бойын жын билегендерді, қояншық ауруы барларды және сал болғандарды — әкеліп жатты, ал Иса оларды айықтырды. 25 Сондықтан Ғалилея, Декаполис*, Иерусалим, Яһудея мен Иорданның арғы бетінен қалың жұрт оның соңынан еріп жүрді.