Жохан
13 Иса өзінің осы дүниеден Әкесіне баратын уақытының келгенін Құтқарылу мейрамы болмай тұрып білген еді. Ол осы дүниедегі өз адамдарын сүйді, оларды ақырына дейін сүйді. 2 Кешкі ас ішіліп жатты. Бұл кезде Ібіліс Исаға опасыздық жасауды Шимон ұлы Яһуда Исқариоттың жүрегіне салып қойған еді. 3 Әкесі бәрін өз қолына тапсырғанын және Құдайдан келіп, қайтадан оған баратынын білген Иса 4 дастарқан басынан тұрып, жамылғысын шешті де, беліне сүлгі байлап алды. 5 Сосын, шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуды да, беліне байлаған сүлгімен сүрте бастады. 6 Ал Шимон Петірдің жанына келгенде, ол: “Ием, менің аяғымды жумақсың ба?”— деді. 7 Иса оған: “Не істеп жатқанымды қазір емес, кейін түсінесің”,— деп жауап берді. 8 Петір: “Менің аяғымды жумайсың!”— дегенде, Иса: “Аяғыңды жумасам, менімен үлестес болмайсың”,— деді. 9 Бұған Шимон Петір: “Ием, онда аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жу”,— деп жауап қайырды. 10 Сонда Иса: “Шомылған кісі толықтай таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер тазасыңдар, бірақ бәрің емес”,— деді. 11 Себебі ол өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білетін, сондықтан “бәрің емес” деген еді.
12 Олардың аяқтарын жуып болған соң, Иса жамылғысын киіп, қайтадан дастарқан басына жантайды да, былай деді: “Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? 13 Мені “Ұстаз”, “Ием” дейсіңдер. Бұларың дұрыс, өйткені мен солмын. 14 Егер Иелерің әрі Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңнің аяқтарыңды жууларың керек. 15 Мен не істесем, сендер де солай істесін деп, үлгі көрсеттім. 16 Сендерге нағыз шындықты айтамын, құлы қожайынынан, ал жіберілген өзін жібергеннен үлкен емес. 17 Осыларды біліп, солай әрекет етсеңдер, бақыттысыңдар. 18 Мұны барлығың жайлы айтып тұрған жоқпын. Мен өзім таңдап алғандарды білемін. Бірақ мына жазба орны орындалуы керек: “Дастарқанымнан нан жеп жүрген кісі маған өкшесін көтерді”. 19 Мұны әлі орындалмай тұрып айтып тұрмын, осылайша айтқандарым орындалғанда, менің сол екеніме сенетін боласыңдар. 20 Сендерге нағыз шындықты айтамын, кімде-кім мен жібергенді қабылдаса, мені де қабылдағаны. Ал мені қабылдаған адамның мені жібергенді де қабылдағаны”.
21 Осыларды айтқаннан кейін, Иса қатты толқып: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, араларыңдағы біреу маған опасыздық жасайды”,— деп ашық айтты. 22 Шәкірттері оның кім туралы айтып тұрғанын білмей, абдырап бір-біріне қарасты. 23 Жақсы көретін шәкірті Исаның қасында жантайып жатқан еді. 24 Шимон Петір оған ымдап белгі беріп: “Кім туралы айтып жатқанын білші”,— деді. 25 Әлгі шәкірт басын Исаның төсіне тақап: “Ием, ол кім?”— деп сұрады. 26 Иса: “Бір үзім нанды табаққа батырып, кімге берсем, ол — сол адам”,— деді де, нанды табаққа батырып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді. 27 Ол нанды алған соң, бойына Шайтан кірді. Сонда Иса оған: “Істеп жатқаныңды тезірек істе”,— деді. 28 Ал дастарқан басында жантайғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ. 29 Ортақ қаржыны салатын жәшікті Яһуда алып жүретіндіктен, кейбірі Иса оған мейрамға керектілерді сатып алуды не кедейлерге бірдеңе беруді тапсырған болар деп ойлады. 30 Ал Яһуда нанды ала сала шығып кетті. Бұл кез түн еді.
31 Ол кеткен соң, Иса мынаны айтты: “Енді Адам Ұлы даңқталады, сол арқылы Құдай да даңқталады. 32 Оны Құдайдың өзі даңқтайды, әрі ол мұны бірден істейді. 33 Балаларым, енді қастарыңда ұзақ болмаймын. Сендер мені іздейсіңдер. Яһудилерге айтқанымды қазір сендерге де айтамын: “Мен баратын жерге бара алмайсыңдар”. 34 Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер. 35 Менің шәкіртім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”.
36 Шимон Петір: “Ием, қайда барасың?”— деп сұрағанда, Иса: “Мен баратын жерге қазір еріп бара алмайсың, бірақ кейінірек ересің”,— деп жауап берді. 37 Петір оған: “Ием, неге қазір саған ере алмаймын? Сен үшін жанымды беруге дайынмын”,— деді. 38 Иса: “Сен үшін жанымды беруге дайынмын дейсің бе? Саған нағыз шындықты айтамын, әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың”,— деп жауап берді.