30-ТАРАУ
“Бір-біріңді сүйіп өмір сүріңдер!”
1—3. Сүйіспеншілік көрсетуде Ехобаға еліктегеніміздің нәтижесі қандай болады?
“АЛҒАННАН гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Исаның осы сөздерінде келесі маңызды шындыққа баса назар аударылады: риясыз сүйіспеншіліктің қарымтасы қайтарылады. Біреудің бізге сүйіспеншілік көрсеткені бақытты еткенмен, өзгеге көрсетілген сүйіспеншілік одан да зор бақытқа бөлейді.
2 Мұның қаншалықты рас екенін көктегі Әкемізден артық ешкім білмейді. Осы бөлімнің алдыңғы тарауларынан көргеніміздей, Ехоба — сүйіспеншіліктің ең керемет үлгісі. Сүйіспеншілікті ол сияқты керемет түрде және ол сияқты ұзақ уақыт ешкім танытпаған. Олай болса, Ехобаның “бақытты Құдай” деп аталатынына таңғалуға бола ма? (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД)
3 Сүйіспеншілікке толы Әкеміз, әсіресе сүйіспеншілік көрсетуде, біздің өзіне ұқсауға тырысқанымызды қалайды. Ефестіктерге 5:1, 2-де: ‘Сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар; бір-біріңді сүйіп өмір сүріңдер!’— делінген. Сүйіспеншілік көрсетуде Ехобаға еліктегенде, беруден келетін бақытты сезінеміз. Сонымен қатар Ехобаға ұнамды екенімізді білгеніміз қанағат сезіміне бөлейді, өйткені оның Сөзі ‘бір-бірімізді сүюге’ шақырады (Римдіктерге 13:8). Сөйтсе де ‘бір-бірімізді сүйіп өмір сүрудің’ басқа да себептері бар.
Сүйіспеншіліктің маңыздылығы
4, 5. Неге бауырластарға жанқияр сүйіспеншілік көрсету маңызды?
4 Неге бауырластарға сүйіспеншілік көрсету маңызды? Бір сөзбен айтқанда, сүйіспеншілік шынайы мәсіхшілердің өмірінде ерекше орын алады. Сүйіспеншіліксіз бауырластармен тығыз қарым-қатынаста бола алмаймыз, ал ең бастысы, Ехобаның көз алдында түкке тұрғысыз боламыз. Мұның рас екендігіне Құдай Сөзінде қалайша ерекше көңіл бөлінетінін қарастырып көрейік.
5 Жердегі өмірінің соңғы түні Иса шәкірттеріне: “Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:34, 35). “Мен өздеріңді сүйгендей”,— деді Иса. Иә, ол бізге өзінікіндей сүйіспеншілік көрсетуді бұйырды. 29-тараудан Иса өзгенің мүддесін өзінікінен жоғары қойып, жанқияр сүйіспеншілік танытудың зор үлгісін көрсеткенін байқадық. Біз де жанқияр сүйіспеншілік танытуға тиіспіз, әрі мұнымыз тіпті мәсіхші еместерге де айқын көрініп тұру керек. Иә, бауырластарымызға деген жанқияр сүйіспеншілік — Мәсіхтің шынайы ізбасарлары екендігіміздің белгісі.
6, 7. а) Ехобаның Сөзінде сүйіспеншілік көрсетудің маңыздылығына ерекше көңіл бөлінетінін қайдан білеміз? ә) Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8 тармақтарында жазылған сөздерінде қандай сүйіспеншілікке көңіл аударылады?
6 Бойымызда сүйіспеншілік жетіспесе ше? “Сүйіспеншілігім болмаса,— деді елші Пауыл,— онда мен сыңғырлаған жезбін немесе даңғырлаған қоңыраумын [“шыңылдаған шыңмын”, ЖД]” (Қорынттықтарға 1-хат 13:1, Тт). Шыңылдаған шың ащы дыбыс шығарады. Ал сыңғырлаған жез жөнінде не деуге болады? Өзге аудармаларда бұл ой “құлақ тұндыра күркіреген гонг” немесе “дүрілдеген гонг” деп берілген. Неткен орынды теңеу! Сүйіспеншілігі жоқ адам құлақ жарардай қатты шу шығаратын әрі жанға жай берудің орнына, жағымсыз сезім тудыратын музыкалық аспапқа ұқсайды. Қалайша мұндай адам өзгелермен тығыз қарым-қатынаста бола алмақ? Пауыл тағы былай деген: “Тау қозғайтындай зор сенімге кенелсем, алайда сүйіспеншілігім болмаса, түкке де тұрмаймын” (Қорынттықтарға 1-хат 13:2). Ойлап көрші, егер сүйіспеншілігі жоқ болса, адам қанша күш салғанына қарамастан, ‘түкке де тұрмайды’. Ехобаның Сөзінде сүйіспеншілік көрсетудің маңыздылығына ерекше көңіл бөлінетіні айқын көрініп тұр емес пе?
7 Олай болса, өзгелермен қарым-қатынасымызда осы қасиетті қалай танытуға болады? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8 тармақтарында жазылған сөздерін талдап көрейік. Бұл тармақтарда әңгіме Құдайдың бізге деген немесе біздің оған деген сүйіспеншілігіміз жөнінде емес. Пауыл біздің бір-бірімізге қалай сүйіспеншілік көрсетуіміз керектігіне көңіл аударған. Ол сүйіспеншіліктің қандай екені және қандай емес екендігіне қатысты бірнеше жайтты атап өткен.
Сүйіспеншілік қандай?
8. Өзгелермен қарым-қатынасымызда шыдамдылықтың қандай көмегі тиеді?
8 “Сүйіспеншілік шыдамды”. Шыдамдылық деген өзгелермен қарым-қатынасымызда сабыр сақтап, төзімді болуды білдіреді (Қолостықтарға 3:13). Бізге осындай сабырлық қажет пе? Кемелсіз болғандықтан бауырластармен иық тіресе қызмет еткенде, бір-бірімізді ренжітетін кездердің болып тұратынын мойындауымыз керек. Бірақ төзімділік пен ұстамдылық қауымның ынтымағына нұқсан келтірмей, түсініспеушіліктерді шешуге және болмашы реніштерге мән бермеуге көмектеседі.
9. Қалайша өзгелерге мейірімділік танытуға болады?
9 “Сүйіспеншілік... мейірімді”. Мейірімділік қолғабыс ету мен жақсы сөздерден көрініс табады. Сүйіспеншілік мейірімділік көрсетудің, әсіресе оны аса мұқтаж жандарға көрсетудің, жолдарын іздеуге талпындырады. Мысалы, егде тартқан бауырласымыз жалғыздық сезініп, біреудің жігерлендіргеніне мұқтаж шығар. Жалғыз басты анаға не басқа дінді ұстанатын отбасында тұратын әйел бауырласқа қолдау қажет болар. Науқас немесе қандай да бір қиындыққа душар болған бауырлас адал достарынан жылы-жылы сөздер естуді қалайтын шығар (Нақыл сөздер 12:25; 17:17). Осындай кездерде мейірімділік көрсетуге ықылас танытар болсақ, сүйіспеншілігіміздің шынайы екендігін паш етеміз (Қорынттықтарға 2-хат 8:8).
10. Қалай сүйіспеншілік, тіпті қиын болған жағдайда да, шындықтың жағында болуға және шындықты айтуға көмектеседі?
10 “Сүйіспеншілік... Ақиқатқа қуанады”. Басқа бір аудармада: “Сүйіспеншілік... қуанышпен шындық жағына шығады”,— делінген. Сүйіспеншілік бізді шындықты қолдауға және ‘бір-бірімізге шындықты айтуға’ талпындырады (Зәкәрия 8:16). Мысалы, өзіміз жақсы көретін адамдардың бірі ауыр күнә жасап қойса, Ехобаға және сол адамға деген сүйіспеншілігіміз оның қателік жасағанын жасырып, ақтап немесе тіпті өзгелерге өтірік айтудың орнына, Ехобаның принциптерін берік ұстануға көмектесетін болады. Рас, шындыққа тура қарау оңай емес болар. Бірақ өзіміз жақсы көретін адамның игілігін ойлайтын болсақ, Құдайдың сүйіспеншілікпен жөнге салуын қабыл алғанын қалаймыз (Нақыл сөздер 3:11, 12). Сүюші мәсіхшілер ретінде біз “барлық жағдайда да адал” болғымыз келеді (Еврейлерге 13:18).
11. ‘Сүйіспеншілік әрдайым қорған’ болатындықтан, бауырластардың қателіктеріне қатысты не істеуге тырысуымыз керек?
11 ‘Сүйіспеншілік... әрдайым қорған болады’. Бұл тіркес сөзбе-сөз “бәрін жауып тастайды” дегенді білдіреді. Петірдің бірінші хатында “сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын жауып тастайды” деген сөздер бар (Петірдің 1-хаты 4:8, сілтемені қара). Иә, сүйіспеншілікті басшылыққа алатын мәсіхші бауырласының кез келген кемелсіздігі мен кемшілігіне мән бере бергісі келмейді. Көп жағдайда бауырластардың қателіктері мен кемшіліктері болмашы ғана, әрі оларды сүйіспеншілікпен жауып тастауға болады (Нақыл сөздер 10:12; 17:9).
12. Қалай елші Пауыл Філимонға қатысты жақсылыққа сенетінін көрсетті және біз оның үлгісінен не нәрсеге үйрене аламыз?
12 “Сүйіспеншілік... ұдайы сенеді”. Моффаттың аудармасында сүйіспеншіліктің “әрқашан жақсылыққа сенуге даяр” екендігі айтылған. Біз бауырластарымыздың ниеттерінің тазалығына шек келтіріп, орынсыз күмәндана бермейміз. Сүйіспеншілік оларға сенім артып, “жақсылыққа” сенуімізге көмектеседіa. Пауылдың Філимонға жазған хатына көңіл бөлші. Ол Філимонды кезінде қашып кеткен, ал енді мәсіхші болған құлы Онисымға мейірімділік танытып, қабыл алуға шақырған. Пауыл Філимонға қысым көрсетпеген, қайта, сүйіспеншілікпен өтініш жасаған. Ол: “Сен құлақ асар деп үміттеніп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды біле отырып, осыны жаздым”,— деп, Філимонға сенім артатынын көрсетті (21-тармақ). Сүйіспеншілігіміз бауырластарға осылайша сенім артуға талпындырар болса, олардың жақсы қасиеттерінің өсе түсуіне ықпал етеміз.
13. Бауырластардан жақсылық күтетінімізді қалай көрсетеміз?
13 “Сүйіспеншілік... Үмітін еш үзбейді”. Сүйіспеншілік сенгіш болуымен қатар, үміт артқыш та. Ол бізді бауырластардан жақсылық күтуге талпындырады. Мысалы, бір бауырлас “өзі аңдамай шалыс қадам жасап қойса”, сүйіспеншілікпен берілген түзетуді қабыл алады деп үміттенеміз (Ғалаттықтарға 6:1, ЖД). Сондай-ақ біз сенімі әлсіздер рухани жағынан аяққа тұрады деп те үміттенеміз, әрі сол үшін шыдамдылық таныта отырып, қолдан келгеннің бәрін істейміз (Римдіктерге 15:1; Салониқалықтарға 1-хат 5:14). Тіпті егер өзімізге жақын адам тура жолдан тайып кетсе, Исаның астарлы әңгімесіндегі адасқан ұл іспетті ол да бір күні ақылға келіп, Ехобаға қайта бет бұратынына деген үмітімізді үзбейміз (Лұқа 15:17, 18).
14. Қауымда төзімділігіміз қалай сыналуы мүмкін және сүйіспеншілік бізге қалай көмектеседі?
14 “Сүйіспеншілік... бәріне де шыдайды”. Шыдамдылық, анығырақ айтсақ төзімділік, көңіліміз қалғанда не қиыншылыққа кезіккенде, берік болуға көмектеседі. Төзімділігіміз қауымнан тысқары адамдармен қатынасқанда ғана емес, кейде бауырластармен араласқанда да сыналуы мүмкін. Кемелсіз болғандықтан бауырластарымыз көңілімізді қалдыратын кездер болады. Әлдебіреу ойланбай сөйлеп, жанымызға жара салуы мүмкін (Нақыл сөздер 12:18). Бәлкім, қауымдағы қандай да бір істер біз ойлағандай атқарылмайтын шығар. Жауапкершілігі бар бауырластың жүріс-тұрысы ерсі көрініп: “Қалайша мәсіхші бола тұра, осылай ете алады?”— деп аң-таң қалатын шығармыз. Осындай жағдайлар қауымға келмей, Ехобаға деген қызметімізді доғаруға себеп болуы керек пе? Сүйіспеншілігіміз бар болса, себеп болмайды! Иә, сүйіспеншілік сезімге беріліп, бауырласымыздың бойынан немесе бүкіл қауымнан ешбір жақсылық көрмей, көзіміздің тұманданып кетуінен сақтайды. Сүйіспеншілік өзге кемелсіз адамның не айтып, не істегеніне қарамастан, Ехобаға деген адалдығымызды сақтап, қауымды әрі қарай да қолдауға күш береді (Забур 118:165).
Сүйіспеншілік қандай емес?
15. Орынсыз қызғаныш деген не және қалай сүйіспеншілік осы залым қасиеттен аулақ болуға көмектеседі?
15 “Сүйіспеншілік... қызғанбайды”. Орынсыз қызғаныш өзге біреуді мал-мүлігіне, артықшылықтары не қабілеттеріне бола көре алмай, іш тарлық жасауға әкелуі мүмкін. Мұндай қызғаныш өзімшіл, залым болып келеді, әрі егер оны жүгендемесе, қауымдағы ынтымақты бұзуы мүмкін. Күншілдікке деген бейімділіктің ықпалына берілмеуге не көмектесе алады? Бір сөзбен айтар болсақ, сүйіспеншілік. Осы құнды қасиет өзімізде жоқ қандай да бір нәрсеге өзге біреудің қол жеткізгеніне қуана білуге көмектеседі (Римдіктерге 12:15). Сүйіспеншілік біреу ерекше дарыны немесе жетістігі үшін мақтау алып жатса, мұны біздің намысымызды қамшылап жатқандай қабылдамауға көмек береді.
16. Бауырластарды шынымен жақсы көрер болсақ, неге қызметтегі жетістіктерімізге мақтанудан аулақ боламыз?
16 “Сүйіспеншілік... мақтанбайды, паңданбайды”. Сүйіспеншілік дарындарымыз бен жетістіктерімізге бола көкірек керуімізге жол бермейді. Егер бауырластарды шынымен жақсы көрсек, қызметтегі жетістіктерімізге немесе қауымдағы артықшылықтарымызға қалайша мақтана бермекпіз? Осылай лепіре берер болсақ, басқалар өздерін бізбен салыстырып, ұнжырғалары түсуі мүмкін. Сүйіспеншілік қызметтегі артықшылықтарымызға мақтанудан аулақ етеді, өйткені оны бізге тапсырған Құдай ғой (Қорынттықтарға 1-хат 3:5—9). Сонымен қатар сүйіспеншілік “паңданбайды” немесе басқа бір аудармада айтылғандай, “неткен маңызды адаммын деген оймен өзін алдандырмайды”. Сүйіспеншілік өзіміз туралы тым жоғары ойда болудан сақтайды (Римдіктерге 12:3).
17. Сүйіспеншілік бізді өзгелерге қалай қарауға талпындырады және қандай әрекеттерден аулақ етеді?
17 ‘Сүйіспеншілік... жүгенсіз емес’. Жүгенсіз әрекет ететін адам көргенсіздік жасап, өзгенің ызасын келтіреді. Бұл сүйіспеншілікке жатпайды, өйткені мұндай әрекет адамды өзгенің сезімі мен игілігі мүлдем қызықтырмайтынын көрсетеді. Ал сүйіспеншілік, керісінше, өзгелердің сезімін ескеретіндігімен ерекшеленеді. Сүйіспеншілік адамның ілтипатты болуына, өзін дұрыс ұстауына және бауырластарын сыйлауына ықпал етеді. Сондықтан ол ‘әдепсіздік жасаудан’ — иә, мәсіхші бауырластарымызды ренжітетін не қорлайтын кез келген әрекеттен — аулақ етеді (Ефестіктерге 5:3, 4).
18. Неге сүйіспеншілігі бар адам барлық нәрсенің өзі қалағандай болғанын талап етпейді?
18 ‘Сүйіспеншілік... өзімшіл емес’. Басқа бір аударма бұл ойды: “Сүйіспеншілік өз дегенінен қайтпай тұрып алмайды”,— деп жеткізеді. Сүйіспеншілігі бар адам, тек өз ойын ғана әрқашан дұрыс деп есептеп, барлық нәрсенің өзі қалағандай болғанын талап етпейді. Ол табан тіресіп тұрып алып, өзгелерге қысым жасап, көзқарастарын өзгертуге мәжбүрлемейді. Мұндай қыңырлық — менмендіктің белгісі, ал Киелі кітапта: “Менмендік — күйреудің басы”,— делінген (Нақыл сөздер 16:18). Егер біз бауырластарды шынымен жақсы көретін болсақ, олардың көзқарастарын сыйлаймыз, әрі мүмкін болған жерде көнбістік танытуға даяр боламыз. Көнбістік рухы Пауылдың келесі сөздеріне сай келеді: “Әркім жеке басының ғана емес, басқалардың да мүдделерін ойлауы керек” (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).
19. Қалай сүйіспеншілік өзгелер бізді ренжіткенде, дұрыс көзқарас сақтауға көмектеседі?
19 ‘Сүйіспеншілік...ашушаң емес, кек те сақтамайды’. Сүйіспеншілік біреудің сөзіне не ісіне тез ашулана кетпейді. Біреу ренжіткенде, ұнжырғамыздың түсуі табиғи нәрсе екені рас. Сөйтсе де ашулануға келелі негіз болған күннің өзінде, сүйіспеншілік ашуланып жүре беруімізге жол бермейді (Ефестіктерге 4:26, 27). Біз жанға бататын сөздер мен істерді, ұмытпас үшін қойын дәптерге жазып қойғандай, көңілімізде сақтап жүрмейміз. Қайта, сүйіспеншілік бізді сүюші Әкемізге еліктеуге талпындырады. 26-тараудан көргеніміздей, келелі себеп бар болса, Ехоба әрқашан кешіреді. Ал кешіргенде біржола ұмытады, яғни күнәларымызды қайтып бетімізге баспайды. Ехобаның кек сақтамайтынына қалайша ризамыз десеңші!
20. Бір бауырлас күнәкар жолға түсіп, ақырында соның жемісін көріп жатса, не істер едік?
20 ‘Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамайды’. Өзге бір аудармада бұл сөздер: “Сүйіспеншілік... адамның күнә жасап қойғанына қуанбайды”,— деп аударылған. Моффаттың аудармасында: “Сүйіспеншілік өзгелер қателік жасап жатса, ешқашан қуанбайды”,— делінген. Сүйіспеншілік пен әділетсіздіктің арасында ортақ ештеңе жоқ, сондықтан азғындық атаулыға жеңіл-желпі қарамауымыз керек. Егер бір бауырлас күнәкар жолға түсіп, ақырында соның жемісін көріп жатса, не істер едік? Сүйіспеншілік бұған қуанып: “Сауап болды! Өзіне де сол керек!”— деп ойлауымызға жол бермейді (Нақыл сөздер 17:5). Бірақ қателік жасаған бауырластың рухани сауығу үшін жақсы қадамдар жасағанын көріп қуанамыз.
‘Барлығынан да асып түсетін жол’
21—23. а) Пауыл “сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды” деуімен не айтқысы келген? ә) Осы кітаптың соңғы тарауы қандай тақырыпқа бағышталады?
21 “Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды”. Пауыл мұнымен не айтқысы келген? Мәнмәтіннен оның ертедегі мәсіхшілер қабылдаған киелі рухтың сыйлары жөнінде айтқаны көрінеді. Мұндай сыйлар жаңадан құрылған қауымның Құдайға ұнамды екендігінің белгісі болған. Бірақ мәсіхшілердің бәрі бірдей сауықтырып, пайғамбарлық айтып немесе түрлі тілдерде сөйлемейтін. Алайда маңыздысы бұл емес-тін. Керемет сыйлар бәрібір тоқтар еді. Сөйтсе де мәсіхшілердің бәрі дамыта алатын бір нәрсе болды. Ол кез келген сыйдан әлдеқайда артық әрі әлдеқайда ұзақ уақытқа созылар еді. Сондықтан да Пауыл оны ‘барлығынан да асып түсетін жол’ деп атаған (Қорынттықтарға 1-хат 12:31). Ол не қылған жол? Бұл — сүйіспеншілік жолы.
22 Мәсіхшілерге тән сүйіспеншілікті Пауыл “ешқашан да сарқылмайды” деп суреттеген, иә, ол ешқашан бітпейді. Бүгінде Исаның шынайы ізбасарлары бауырластарына деген жанқияр сүйіспеншіліктерімен танылады. Ехобаның қызметшілерінің дүние жүзіндегі қауымдарында осындай сүйіспеншіліктің бар екендігінің куәсі болып жүр емеспіз бе? Бұл сүйіспеншілік мәңгі сөнбейді, өйткені Ехоба өзінің адал қызметшілеріне мәңгілік өмір беруді уәде еткен (Забур 36:9—11, 29). Сондықтан әрі қарай да ‘бір-бірімізді сүйіп өмір сүру’ үшін қолдан келгеннің бәрін істей берелік. Осылай ету арқылы беруден келетін зор бақытты сезінеміз. Бұл ғана емес, біз мәңгілік өмір сүреміз, иә, мәңгілік бойы сүйіспеншілікке толы Ехоба Құдайымыздың сүйіспеншілігіне еліктей беретін боламыз.
Ехобаның халқы бір-біріне деген сүйіспеншілігімен ерекшеленеді
23 Сүйіспеншілікке арналған бөлімнің осы соңғы тарауында бір-бірімізді қалай сүйе алатынымызды талқыладық. Біз Ехобаның күшінің, әділдігі мен даналығының, сондай-ақ сүйіспеншілігінің зор пайдасын көрудеміз, сондықтан өзімізден: “Мен Ехобаны шынымен сүйетінімді қалай көрсете аламын?”— деп сұрағанымыз абзал. Келесі соңғы тарау осы тақырыпқа бағышталады.
a Мәсіхшілердің сүйіспеншілігі, әрине, аңқау болуды білдірмейді. Киелі кітап бізді мынаған шақырады: “Жік шығарып... араздық туғызушылардан сақ болып, аулақ жүріңдер!” (Римдіктерге 16:17)