Жохан
19 Сонда Пилат Исаға дүре соқтырды. 2 Сарбаздар оның басына тікеннен өрілген тәж, үстіне күрең қызыл шапан кигізді. 3 Сосын, алдына келіп: “Амансың ба, яһудилердің Патшасы!”— деп, шапалақпен бетіне ұра бастады. 4 Пилат қайтадан сыртқа шығып, жұртқа: “Қараңдар! Одан еш айып таппағанымды білсін деп, оны алдарыңа алып шығамын”,— деді. 5 Иса басына тікен тәж, үстіне күрең қызыл шапан киіп шыққанда, Пилат: “Міне, сол адам!”— деді. 6 Алайда жоғарғы діни қызметкерлер мен сақшылар оны көргенде: “Оны бағанаға іл! Оны бағанаға іл!”— деп айқайлады. Пилат: “Алып кетіп, өздерің іліңдер. Себебі мен одан еш айып таппадым”,— дегенде, 7 яһудилер: “Біздің заңымыз бар. Сол заң бойынша ол өлуі тиіс, өйткені өзін Құдай Ұлымын деп атады”,— деді.
8 Мұны естігенде, Пилат бұрынғыдан бетер қорқып кетті. 9 Ол қайтадан сарайға кіріп, Исадан: “Сен қайдан келдің?”— деп сұрады. Бірақ Иса оған жауап бермеді. 10 Сонда ол: “Менімен сөйлескің келмей ме? Сені босатып жіберу де, бағанаға ілдіру де менің билігімде екенін білмейсің бе?”— деді. 11 Иса: “Көктен берілмесе, маған билігің жүрмес еді. Сондықтан мені ұстап бергеннің күнәсі сенікінен де үлкен”,— деп жауап қатты.
12 Сонда Пилат оны босатып жіберудің жолын іздестірді. Бірақ яһудилер: “Оны босатсаңыз, Рим патшасына дос емессіз. Өзін патшамын деген әркім Рим патшасына қарсы!”— деп айқай салды. 13 Осыны естіген соң, ол Исаны алып шығып, өзі Тастөселген (еврейше Ғаббата) деп аталатын төрелік орнына отырды. 14 Бұл Құтқарылу мейрамына дайындық жүріп жатқан кез еді. Шамамен алтыншы* сағат болатын. Пилат яһудилерге: “Міне, Патшаларың!”— деді. 15 Алайда олар: “Көзін құрт! Құрт оны! Бағанаға іл!”— деп айқайлады. Пилат: “Патшаларыңды бағанаға ілейін бе?”— деп еді, жоғарғы діни қызметкерлер: “Рим патшасынан басқа патшамыз жоқ!”— деп жауап берді. 16 Сонда Пилат оны бағанаға ілу үшін қолдарына тапсырды.
Осылай сарбаздар Исаны алып кетті. 17 Ол өзінің азап бағанасын көтеріп, Бассүйек (еврейше Голгота) деп аталатын жерге беттеді. 18 Сол жерде оны тағы екі адаммен бірге — бірін оң, екіншісін сол жағына, ал Исаны орталарына — бағанаға ілді. 19 Пилат тақташаға “Назареттік Иса — яһудилердің Патшасы” деп жаздырып, азап бағанасына ілдіріп қойды. 20 Бұл жазуды көп яһудилер оқыды, өйткені Иса бағанаға ілінген жер қаладан алыс емес еді, әрі жазу еврейше, латынша және грекше жазылған болатын. 21 Бірақ яһудилердің жоғарғы діни қызметкерлері Пилатқа: “Яһудилердің Патшасы” емес, өзі айтқандай, “Мен яһудилердің Патшасымын” деп жазыңыз”,— деді. 22 Ал ол: “Мен жазарымды жазып қойдым”,— деп жауап берді.
23 Сарбаздар Исаны бағанаға ілген соң, жамылғысын төртке бөліп, әрқайсысы бір-бір бөліктен алды. Көйлегін де алды, бірақ ол бастан-аяқ тігіссіз тоқылған еді. 24 Сондықтан өзара: “Бұны жыртпай, жеребе тастап, кімге тиетінін көрейік”,— десті. Бұл келесі жазба орны орындалу үшін болды: “Олар киімдерімді бөлісіп алады, көйлегім үшін жеребе салады”. Сарбаздар тап солай істеді.
25 Иса ілінген азап бағанасының қасында анасы, оның сіңлісі, Клопастың әйелі Мәриям және мағдалалық Мәриям тұрды. 26 Иса анасы мен оның қасында тұрған өзінің жақсы көретін шәкіртін көргенде, анасына: “Мынау енді — сіздің ұлыңыз!”— деді. 27 Сосын, шәкіртіне: “Енді осы кісі — сенің анаң!”— деді. Сол кезден бастап шәкірті Исаның анасын қамқорлығына алды.
28 Бұдан кейін Иса бәрі түгел орындалғанын біліп, жазба орны жүзеге асу үшін: “Шөлдедім”,— деді. 29 Сол жерде қышқыл шарапқа толы ыдыс тұр еді. Сарбаздар иссоп деген өсімдіктің сабағына сорғыш бекітіп, қышқыл шарапқа батырып алды да, оның аузына тосты. 30 Иса қышқыл шарапты татып көрген соң: “Түгел орындалды!”— деді де, басын иіп, соңғы демін шығарды.
31 Даярлық күні* болғандықтан азап бағанасына ілінгендердің денесі Демалыс күні (ал бұл ұлы Демалыс күні болатын) бағанада қалмас үшін, яһудилер Пилаттан олардың аяқтарын сындырып, денелерін алдырып тастауды өтінді. 32 Сонымен, сарбаздар келіп, Исамен бірге ілінген кісілердің біреуінің, сосын, екіншісінің аяқтарын сындырды. 33 Ал Исаның жанына келгенде, оның өліп қалғанын көріп, аяқтарын сындырған жоқ. 34 Сөйтсе де сарбаздардың бірі оның бүйіріне найзасын сұғып алды, сол сәтте қан мен су шықты. 35 Осыны көрген кісі куәлік етіп отыр, әрі оның куәлігі шындық. Ол сендер де сенсін деп, шындықты айтып тұрғанын біледі. 36 Ал бұл келесі жазба орны орындалу үшін болды: “Оның ешбір сүйегі сындырылмайды”. 37 Тағы бір жазба орнында: “Олар өздері түйреген кісіге көз тігеді”,— делінген.
38 Осыдан кейін Ариматеядан шыққан Жүсіп деген кісі Пилаттан Исаның денесін алып кетуге рұқсат сұрады. Ол яһудилерден қорыққандықтан Исаның шәкірті екенін жасырып жүрген еді. Пилат рұқсат еткенде, ол келіп, мәйітті алып кетті. 39 Сол жерге Исаға алғаш рет түн жамылып келген Нікөдем де келді. Ол отыз килограмдай мүр мен алоэ қоспасын әкелді. 40 Содан олар Исаның денесін алып кетіп, яһудилердің жерлеу салты бойынша, хош иісті заттарды сала отырып, зығыр матаға орады. 41 Исаны бағанаға ілген жердің маңында бақ болатын, сол жерде әлі ешкім қойылмаған қабір бар еді. 42 Бұл яһудилердің Даярлық күні еді, әрі қабір де жақын болатын, сондықтан олар Исаның денесін сонда қойды.