Олар Мәсіхті тапты!
“Біз Мәсіхті таптық” (ЖОХ. 1:41).
1. Неге Әндір: “Біз Мәсіхті таптық”,— деді?
ЕКІ ШӘКІРТІМЕН тұрған шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия қастарынан өтіп бара жатқан Исаны көріп: “Қараңдар, мынау — Құдайдың Тоқтысы!”— деді. Әндір мен өзге шәкірт бірден Исаның соңынан еріп, күні бойы онымен бірге болды. Кейінірек, Әндір ағасы Шимон Петірді тауып алады да: “Біз Мәсіхті таптық”,— деп, оны Исаға апарады. Бұл неткен көңіл толқытатын хабар десеңші! (Жох. 1:35—41).
2. Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтарға үңіле түскеніміздің қандай пайдасы бар?
2 Уақыт өте Әндір, Петір және басқалар Жазбаларды тереңірек зерттеді, сол себептен назареттік Исаның уәде етілген Мәсіх екенін сенімділікпен айтатын болды. Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтарға үңіле түскеніміз біздің де Жазбаларға және Құдайдың Майланғанына деген сенімімізді арттырады.
“Бұл келе жатқан сенің Патшаң”
3. Иса Иерусалимге салтанатпен кіргенде, қандай пайғамбарлықтар орындалды?
3 Мәсіх Иерусалимге салтанатпен кіреді. Зәкәрияның пайғамбарлығында былай делінген: “Шаттан, Иерусалимнің қызы: бұл келе жатқан сенің Патшаң — есек пен қодық мініп момақан кейіпте келе жатқан құтқарушы” (Зәк. 9:9). Ал забур жыршысы: “Жаратқанның атынан келе жатқан жарылқанған”,— деп жазды (Заб. 117:26). Иса тайқарға мініп Иерусалимге кіргенде, жұрт оны зор қуанышпен қарсы алды. Ол жұрттың бұлай әрекет етуіне еш әсер ете алмағаны анық. Олар жай ғана өз сезімдерін білдірген, осылайша жоғарыдағы пайғамбарлықтар жүзеге асты. Осы оқиғаны оқып, халықтың қалай шаттанғанын көз алдыңа елестетіп көрші (Матай 21:4—9 оқы).
4. Забур 117:22, 23-тегі сөздер қалай орындалды?
4 Көпшілік Мәсіх деп қабылдамағанына қарамастан, Иса Құдайдың көз алдында бағалы болады. Пайғамбарлық етілгендей, дәлелдерге көз жұмған адамдар Исаны жек көріп, түкке тұрғысыз санады (Ишая 53:3; Мар. 9:12). Алайда забур жыршысы Құдай рухының жетелеуімен: “Құрылысшылар менсінбеген тас енді Үйдің басты іргетасына айналды! Көз алдымызда бұл керемет болды”,— деп жазды (Заб. 117:22, 23). Иса қарсыластарының назарын осы сөздерге аударған, Петір де бұл пайғамбарлықтың Мәсіхтің өмірінде орындалғанын айтты (Мар. 12:10, 11; Ел. іс. 4:8—11). Иса мәсіхшілер қауымының “бұрыштық тасына” айналды. Арсыз адамдар одан бас тартса да, Құдай оны таңдаулы әрі бағалы санады (Пет. 1-х. 2:4—6).
Оған сатқындық жасалады, шәкірттері тастап кетеді
5, 6. Мәсіхке жасалған опасыздық жөнінде алдын ала не айтылған және бұл қалай орындалды?
5 Мәсіхке опасыздық жасалатыны күні бұрын айтылған. Дәуіт: “Дастарқандас боп нанымды жеген, Сырлас досым, өзім толықтай сенген, Енді мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін”,— деп пайғамбарлық еткен (Заб. 40:10). Ежелгі Исраилде дастарқандас болып жүрген адамдар достар деп есептелетін (Жар. 31:54). Сол себептен Яһуда Исқариоттың сатқындығы барып тұрған сорақылық болған. Иса өзіне сатқындық жасайтын адам жайында айтқанда, шәкірттерінің есіне Дәуіттің осы пайғамбарлығын түсірді: “Мұны барлығың жайлы айтып тұрған жоқпын. Мен өзім таңдап алғандарды білемін. Бірақ мына жазба орны орындалуы керек: “Дастарқанымнан нан жеп жүрген кісі маған өкшесін көтерді” (Жох. 13:18).
6 Мәсіхті 30 күміс теңгеге — құлдың құнына — сатып кетеді. Матай Яһуданың болмашы ақшаға бола Исаға сатқындық жасағанын, осылайша Зәкәрия 11:12, 13-тегі сөздердің іске асқанын айтты. Бірақ неге ол бұны “Еремия пайғамбар арқылы айтылған сөздер” деді? Себебі Матайдың заманында Еремия кітабы құрамына Зәкәрия жазбасы да кіретін кітаптар топтамасының алғашқысы болса керек (Лұқа 24:44 салыстыр). Айта кететін бір жайт — Яһуда арам жолмен тапқан ақшасының рақатын көрген жоқ: оны ғибадатханаға лақтырып тастап, шығып кетті де, өз-өзіне қол жұмсады (Мат. 26:14—16; 27:3—10).
7. Зәкәрия 13:7-дегі сөздер қалай орындалды?
7 Тіпті Мәсіхтің шәкірттері де бытырап кетеді. Зәкәрия: “Бақташыны жайрат, қойлар бетімен кетсін!”— деп жазды (Зәк. 13:7). Б. з. 33 жылы 14 нисан күні Иса шәкірттеріне былай деді: “Басыма түсетін жағдайға бола осы түні бәрің мені тастап кетесіңдер, өйткені Киелі жазбаларда “Бағушыны ұрып өлтіремін, сонда отардағы қойлары бытырап кетеді” делінген”. Тап солай болып шықты да. Бұл жөнінде Матай: “Шәкірттерінің бәрі оны [Исаны] тастап, қаша жөнелді”,— деп жазды (Мат. 26:31, 56).
Оған жала жабады, ұрып-соғатын болады
8. Ишая 53:8-дегі сөздер қалай орындалғанын айтып бер.
8 Мәсіхті сот алдына апарады, оны өлімге кеседі (Ишая 53:8 оқы). 14 нисан күні таң ата бүкіл Жоғарғы кеңес жиналып, Исаны байлап, әмірші Понти Пилаттың алдына апарады. Ол Исаны тергеп, еш айып таппай, босатуды ұсынғанда, жұрт: “Бағанаға іл!”— деп айғайлап, орнына қылмыскер Бараббаны босатуды сұрайды. Сонда халыққа жағынғысы келген Пилат Бараббаны босатады, ал Исаны дүре соқтырған соң, бағанаға ілуді бұйырады (Мар. 15:1—15).
9. Забур 34:11-дегі пайғамбарлық қалай жүзеге асты?
9 Мәсіхке қарсы жалған куәлік беріледі. Забур жыршысы Дәуіт: “Мені айыптайды жалған куәлар, Бейхабар жайттарды менен тергеп сұрар”,— деп жазды (Заб. 34:11). Осы пайғамбарлықта айтылғандай, “жоғарғы діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кеспек болып, оған қарсы жалған айғақтар іздестірді” (Мат. 26:59). Бірақ “көптеген адам жалған куәлік бергенімен, олары бір-бірімен үйлеспеді” (Мар. 14:56). Алайда беріліп жатқан куәліктің рас-өтірігі Исаның өлімін көксеген зұлым қарсыластарын қызықтырмады.
10. Ишая 53:7-дегі сөздердің қалай орындалғанын түсіндір.
10 Мәсіх айыптаушыларының алдында үн қатпайды. Ишая былай деп пайғамбарлық етті: “Ол зорлық-зомбылық көріп қиналды, алайда аузын ашпады. Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын қой секілді тіс жармады” (Ишая 53:7). “Жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар айыптағанда, [Иса] оларға еш жауап қатпады”. Пилат одан: “Саған қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқандарын естіп тұрсың ба?”— деп сұрағанда да, ол бірде-бір сөз айтпады. Бұған әмірші қатты қайран қалды (Мат. 27:12—14). Иса өзін айыптағандарға тіл тигізбеді (Рим. 12:17—21; Пет. 1-х. 2:23).
11. Ишая 50:6 және Миха 5:1-дегі сөздер қалай орындалды?
11 Ишая Мәсіхті ұрып-соғатынын пайғамбарлық еткен. Ол: “Арқамды ұрып-соққандарға тостым, сақалымды жұлғандарға екі жағымды ұсынып, бетімді балағат пен түкіріктен жаппадым”,— деп жазды (Ишая 50:6). Ал Миха пайғамбар: “Исраилдің қазысын бетінен таяқпен соғатын болады”,— деген (Миха 5:1). Осы пайғамбарлықтардың орындалуына қатысты Марқа келесі сөздерді жазды: “Біреулер оған түкіріп, бетін жауып тұрып, жұдырықтап: — Пайғамбар болсаң, кім ұрғанын айтшы,— деді. Ал сот орындаушылары жағынан тартып-тартып жіберіп, оны алып кетті” (Мар. 14:65; 15:19). Әрине, Иса олардан осындай қорлық көретіндей ештеңе істеген жоқ.
Өле-өлгенше адалдығын сақтайды
12. Забур 21:17 мен Ишая 53:12-дегі пайғамбарлық сөздер қалай орындалды?
12 Мәсіхтің бағанаға ілінетініне қатысты кейбір жайттар алдын ала айтылды. Дәуіт: “Төбеттердей жан-жақтан қыспақтады Сол жауыздар, лек-легімен қоршап алды, Аяқ қолымды түйреп жаралады!”— деді (Заб. 21:17). Киелі кітап оқырмандарына жақсы таныс жайтты айта келе, Марқа: “Оны бағанаға ілгенде үшінші сағат [шамамен таңғы тоғыз] болатын”— деп жазды (Мар. 15:25). Сондай-ақ өзгелердің Мәсіхті күнәкарлардың қатарына қосатыны алдын ала айтылған. Осы жайлы Ишая пайғамбар: “Қызметшім жанын өлімге қиып, қылмыскерлердің қатарында саналды”,— деп жазды (Ишая 53:12). “Исамен бірге тағы екі қарақшы — бірі оң, екіншісі сол жағына — бағанаға ілінді” (Мат. 27:38).
13. Забур 21:8, 9-дағы сөздер Исаның өмірінде қалай орындалды?
13 Дәуіт Мәсіхке өзгелер тіл тигізетінін пайғамбарлық еткен (Забур 21:8, 9 оқы). Азап бағанасында жаны қиналып жатқан Исаны жұрт тілдеген. Бұл жайлы Матай былай деп жазды: “Сол жерден өтіп бара жатқандар бастарын шайқап, Исаны тілдеп: — Әй, ғибадатхананы қиратып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егер Құдай Ұлы болсаң, азап бағанасынан түс!— деді”. Жоғарғы діни қызметкерлер, заң мұғалімдері мен ақсақалдар да оны былай деп мазақ етті: “Өзгелерді құтқарса да, өзін құтқара алмай тұр! Ол Исраилдің Патшасы екен, онда тап қазір бағанадан түссін, сонда біз оған сенеміз. Құдайға сенім артыпты, ендеше Оған ұнамды болса, дәл қазір оны құтқарып алсын! Өйткені ол: — Мен Құдай Ұлымын,— деді ғой” (Мат. 27:39—43). Алайда Иса осы жайттардың бәрін абыроймен өткерді. Біз үшін қандай керемет үлгі десеңші!
14, 15. Мәсіхтің киіміне және оған сірке суы берілетініне қатысты пайғамбарлықтар қалай орындалды?
14 Мәсіхтің киімі үшін жеребе тастайды. Забур жыршысы былай деп жазды: “Жау жамылғымды бөлісіп алады, Киімім үшін жеребе салады” (Заб. 21:19). Бұл сөздер “Исаны бағанаға ілгеннен кейін, [Рим] сарбаздары жеребе салып, оның киімдерін бөліскенде” орындалды (Мат. 27:35; Жохан 19:23, 24 оқы).
15 Мәсіхке сірке суы мен ащы бірдеңе қосылған шарап беріледі. Забур жыршысы: “Тамағыма олар өт қосып берді, Шөлдеген кезімде сірке суын ішкізді”,— деп пайғамбарлық етті (Заб. 68:22). Ал Матай мұны келесі сөздермен растады: “Олар Исаға ащы бір нәрсе қосылған шарап берді, бірақ ол дәмін татқан соң, ішуден бас тартты”. Кейінірек, “біреуі жүгіріп барып, сорғышты қышқыл шарапқа батырып алды да, таяққа қадап, Исаға ұсынды” (Мат. 27:34, 48).
16. Забур 21:2-дегі пайғамбарлықтың қалай орындалғанын айтып бер.
16 Құдай Мәсіхті тастап кеткендей көрінеді (Забур 21:2 оқы). Пайғамбарлықта айтылғандай, “тоғызыншы сағатта [түстен кейінгі үштер шамасында] Иса қатты дауыстап: “Ели, Ели, лама сабахтани?”— деді. Бұл “Құдайым, Құдайым, неге мені жалғыз қалдырдың?” дегенді білдіреді” (Мар. 15:34). Иса көктегі Әкесіне деген сенімінен айырылған жоқ. Құдай жауларының қолындағы Мәсіхті еш қорғамады, осылайша оның мінсіздігі толықтай сыналды. Сонда Иса жоғарыдағы сөздерді айтқанда, Забур 21:2-дегі пайғамбарлық орындалды.
17. Зәкәрия 12:10 мен Забур 33:21-дегі сөздер қалай жүзеге асты?
17 Мәсіхті түйрейді, бірақ бірде-бір сүйегі сындырылмайды. Зәкәрияның айтуынша, Иерусалим тұрғындары түйрелген адамға қарап тұратын болады (Зәк. 12:10). Забур 33:21-де: “[Құдай] барлық сүйектерін оның аман сақтайды, Тіпті бірде-біреуі сындырылмайды”,— делінген. Осы жайттарды растап, елші Жохан былай деп жазды: “Сарбаздардың бірі оның бүйіріне найзасын сұғып алды, сол сәтте қан мен су шықты. Осыны көрген кісі куәлік етіп отыр, әрі оның куәлігі шындық... Бұл келесі жазба орны орындалу үшін болды: “Оның ешбір сүйегі сындырылмайды”. Тағы бір жазба орнында: — Олар өздері түйреген кісіге көз тігеді,— делінген” (Жох. 19:33—37).
18. Қалай Исаның мәйіті бай адамның қабіріне қойылды?
18 Мәсіхтің мәйіті бай адамның қабіріне қойылады (Ишая 53:5, 8, 9 оқы). “Жүсіп есімді ариматеялық бір бай кісі” 14 нисан күні кешке Пилатқа барып, Исаның денесін сұрап алды. Бұдан кейін не болғаны жайында Матай: “Ол мәйітті тап-таза жақсы зығыр матаға орап, жартастан үңгіп жасалған өзінің жаңа қабіріне апарып қойды. Сосын, бір үлкен тасты домалатып әкеліп, қабірдің аузын бекітті де, кетіп қалды”,— деп жазды (Мат. 27:57—60).
Мәсіхті даңқтаңдар!
19. Забур 15:10-дағы сөздер қалай орындалды?
19 Мәсіх қайта тіріледі. Дәуіт алдын ала айтқандай, Ехоба Мәсіхтің тәнін молада қалдырмады (Заб. 15:10). Исаның денесі қойылған қабірге келген әйелдердің қалай таңғалғанын елестетіп көрші. Олар адам кейпіне енген періштені көрді. Сөйтіп, періште оларға: “Таңданбаңдар! Бағанаға ілінген назареттік Исаны іздеп жүргендеріңді білемін. Ол мұнда жоқ: қайта тіріліп кетті! Міне, мынау — оның қойылған орны”,— деді (Мар. 16:6). Б. з. 33 жылы Иерусалимде Елуінші күн мейрамына жиналған жұртқа елші Петір былай деді: “Мәсіхтің қайта тірілетінін алдын ала біліп, Құдайдың оны молада қалдырмайтынын және тәні шірімейтінін айтқан болатын” (Ел. іс. 2:29—31). Құдай сүйікті Ұлының денесінің молада шіруіне жол бермеді. Оның үстіне, Иса керемет түрде рухани тұлға ретінде қайта тірілді (Пет. 1-х. 3:18).
20. Мәсіхтің билігі жөнінде қандай пайғамбарлықтар бар?
20 Алдын ала айтылғандай, Құдай Исаны Ұлым деп жариялады (Забур 2:7; Матай 3:17 оқы). Иерусалимге салтанатпен кіргенде, халық та Исаны және оның орнағалы жатқан Патшалығын мадақтады. Бүгінде біз де мұны қуанышпен жариялаймыз (Мар. 11:7—10). “Ақиқат, кішіпейілдік, әділдік үшін” аттанған Мәсіх жақында өзінің жауларын жояды (Заб. 2:8, 9; 44:1—6). Мәсіх патшалық еткенде, бүкіл жер бетінде тыныштық әрі молшылық болады (Заб. 71:1, 3, 12, 16; Ишая 9:6, 7). Ехобаның сүйікті Ұлы Иса Мәсіхтің көктегі тағында отырғаны туралы жариялау неткен мәртебе!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Исаға опасыздық жасалатыны және оны тастап кететіні жайлы пайғамбарлықтар қалай орындалды?
• Иса Мәсіхтің бағанаға ілінетініне қатысты қандай жайттар алдын ала айтылды?
• Исаның уәде етілген Мәсіх екеніне не себепті сенімдісің?
[13-беттегі сурет]
Иса Иерусалимге салтанатпен кіргенде, қандай пайғамбарлықтар орындалды?
[15-беттегі суреттер]
Иса біздің күнәларымыз үшін өлді, бірақ қазір Патша ретінде билік етуде