Римдіктерге
15 Сенімі берік біздер өзімізге ұнайтынды істемей, әлсіздердің ауыртпалықтарын көтеруге тиіспіз. 2 Әрқайсысымыз жақынымызға* ұнайтынды, яғни оны рухани нығайтатын нәрсені істейік. 3 Өйткені Мәсіх те өзіне ұнайтынды істеген жоқ. Бұл туралы: “Сені қорлағандардың ғайбат сөздері маған тиді”,— деп жазылған. 4 Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз. 5 Табандылық пен жұбаныш беретін Құдай бәріңе Мәсіх Исаның ой қалпын сыйласын! 6 Осылай Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайын әрі Әкесін бірігіп, бірауыздан мадақтайтын боласыңдар.
7 Құдай мадақталу үшін, Мәсіх бізді қалай қабылдаған болса, сендер де бір-біріңді солай қабылдаңдар. 8 Сендерге айтамын, Мәсіх Құдайдың шыншыл екенін дәлелдеу үшін сүндеттелгендердің қызметшісі болып, олардың ата-бабаларына берілген уәделерді растады, 9 сондай-ақ басқа ұлттардың өздеріне көрсеткен мейірімі үшін Құдайды мадақтауына себепші болды. Бұл туралы: “Сені ұлттар арасында мадақтаймын, атыңды әнге қосып жырлаймын”,— деп жазылған. 10 Сондай-ақ былай делінген: “Ұлттар, оның халқымен бірге қуаныңдар!” 11 Тағы былай делінген: “Барлық ұлттар, Ехобаны мадақтаңдар! Күллі халықтар да оны мадақтасын!” 12 Ишая пайғамбар да: “Есейдің әулетінен ұрпақ шығып, ұлттарға билік етеді. Ұлттар оған үміт артады”,— деген. 13 Киелі рухтың құдіретімен үміттерің молая түсу үшін, үмітіміздің бастауы — Құдай сенімдерің арқылы сендерге зор қуаныш пен тыныштық берсін!
14 Бауырластарым, толық білім алғандықтан, сендердің ізгі істерге бай екендеріңе, сондай-ақ бір-біріңе ақыл-кеңес бере алатындарыңа сенімдімін. 15 Алайда кейбір жайттарды қайтадан естеріңе салу үшін, Құдай маған рақым көрсеткендіктен едәуір ашық жазып отырмын. 16 Бұл рақым маған басқа ұлттар үшін Мәсіх Исаның қызметшісі болып, Құдайдың ізгі хабарын жариялауым үшін көрсетілді. Бұл қасиетті іске қатысуымның мақсаты — ұсынған құрбандығымның, яғни басқа ұлттардың, киелі рух арқылы қасиетті әрі Құдайға ұнамды болуы.
17 Сондықтан Құдайға деген қызметімде Мәсіх Исаның ізбасары ретінде қуануыма себеп бар. 18 Басқа ұлттар мойынсұну үшін Мәсіхтің мен арқылы жасаған істерінен басқа ештеңе айтуға батылым бармайды. Ол мұны менің сөздерім мен істерім, 19 сондай-ақ белгілер, кереметтер және киелі рухтың күші арқылы жасады. Сөйтіп, мен Иерусалимнен Иллирияға дейінгі аумақты аралап, Мәсіх туралы ізгі хабарды түбегейлі уағыздадым. 20 Осылайша басқа біреу салған іргетасқа тұрғызбау үшін, Мәсіхтің атын естіген жерлерде ізгі хабарды жарияламауды мақсат еттім. 21 Өйткені былай деп жазылған: “Ол туралы хабар жетпеген адамдар оны көреді, естімегендер түсінеді”.
22 Сендерге баруыма қайта-қайта бөгет болған да осы еді. 23 Ал енді бұл өлкеде мен уағыздамаған жер қалмағандықтан, оның үстіне, көп жылдан бері сендерге баруды аңсап жүргендіктен, 24 Испанияға барар жолда сендерді көріп, өздеріңмен біраз уақыт бірге болып, мауқымды басқаннан кейін, мені солай қарай кішкене шығарып саларсыңдар деп үміттенемін. 25 Бірақ қазір қасиеттілерге қызмет ету үшін Иерусалимге жол жүрмекпін. 26 Себебі Македония мен Ахаядағы бауырластар барларымен қуана бөлісіп, Иерусалимдегі қасиеттілердің арасындағы мұқтаждық көріп жүргендерге көмек жіберді. 27 Иә, басқа ұлттар мұны қуана істеді. Шын мәнінде, олар қасиеттілердің алдында қарыздар, өйткені рухани игіліктерінен үлес алған. Сондықтан олар да Иерусалимдегі қасиеттілермен қолда бар игіліктерімен бөлісуге міндетті. 28 Бұл істі бітіріп, жиналған нәрсені аман-есен жеткізгеннен кейін, Испанияға барар жолда өздеріңе соғамын. 29 Сол кезде Мәсіхтің баталарын молынан ала келетініме күмәнім жоқ.
30 Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан және рухтың сүйіспеншілігімен мынаған шақырамын: менімен бірге Құдайға талмай дұға етіп, мен үшін сиынып, 31 Яһудеядағы Мәсіхке сенбейтіндердің қолынан құтқарылсын және көрсеткен қызметім Иерусалимдегі қасиеттілерге ұнамды болсын деп тілеңдер. 32 Осылай Құдайдың қалауымен өздеріңе қуанышпен келгенімде, сендермен бірге көңілім сергитін болады. 33 Тыныштық сыйлайтын Құдай бәріңе де жар болсын! Аумин.