Қорынттықтарға 2-хат
4 Құдай бізге мейірім көрсетіп, осы қызметке ие болғандықтан, еш талмаймыз. 2 Жасырын да ұят істерден аулақ боламыз, еш қулық-сұмдыққа бармаймыз және Құдай сөзін бұрмаламаймыз. Қайта, шындықты аша отырып, Құдай алдында өзімізді барша адамдардың ар-ұжданына үлгі етеміз. 3 Біз жариялап жүрген ізгі хабар жабулы болса, жойылатындар үшін жабулы. 4 Сенбейтіндер Құдайдың кейпі болып табылатын Мәсіх туралы салтанатты ізгі хабардың нұрын көре алмау үшін, осы дүниенің* құдайы олардың саналарын соқыр қылып қойған. 5 Біз өзіміз жайлы емес, Мәсіх Исаның Иеміз екені туралы және Иса үшін сендерге құл болғанымыз туралы уағыздап жүрміз. 6 Өйткені: “Түнекте жарық нұрын шашсын”,— деген Құдай Исаның жүзі арқылы жүрегімізге нұрын төкті. Ол мұны өзі туралы керемет біліммен жүрегімізді нұрландыру үшін істеді.
7 Алайда адам күшінен асқан күш өзіміздікі емес, Құдайдікі екені анық көріну үшін, осы қазынаны қыш ыдыстарда сақтаймыз. 8 Біз жан-жақтан қатты қысым көрудеміз, бірақ тығырыққа тірелген жоқпыз; не істерімізді білмейміз, бірақ мүлдем шарасыз күйде емеспіз; 9 қуғындалудамыз, бірақ Құдай бізді тастаған жоқ; бізді құлатуда, бірақ жойылған жоқпыз. 10 Исаның өмірі де біздің тәнімізден көрініс табу үшін, бізге Исаға сияқты әрдайым өлім қаупі төніп тұрады. 11 Себебі тірі жүрген біздер Иса үшін ұдайы өліммен бетпе-бет келеміз, осылай оның өмірі де біздің өлетін тәнімізден көрініс табады. 12 Сонымен, біздің өліммен бетпе-бет келуіміздің нәтижесінде сендер өмірге ие болудасыңдар.
13 Киелі жазбада: “Мен сендім, сондықтан сөйледім”,— делінген. Біз де осындай сеніміміз бар екенін көрсетеміз, сол себепті сөйлейміз. 14 Исаны тірілткен Құдай бізді де сол сияқты тірілтетінін және сендермен бірге оның алдына апаратынын білеміз. 15 Осының бәрін сендердің игіліктерің үшін басымыздан өткіздік. Бұл бұрынғыдан да көп адам Құдайға ризашылық білдіріп жатқандықтан, оның зор рақымы арта түсу үшін болды, осылай Құдайдың даңқы аса бермек.
16 Сондықтан біз еш талмаймыз. Тәніміз тозып әлсіресе де, жан дүниеміз күн сайын жаңара түсуде. 17 Көріп жатқан қиындықтарымыз уақытша әрі жеңіл болғанмен, бізді әлдеқайда зор, мәңгілік ұлылыққа жеткізеді. 18 Біз назарымызды көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге тігеміз. Өйткені көрінетін нәрселер уақытша, ал көрінбейтіндер мәңгілік.