Қолостықтарға
2 Менің сендер үшін, лаудикиліктер үшін және менімен жүздеспегендердің бәрі үшін барынша күресіп жүргенімді білсеңдер екен деймін. 2 Күресімнің мақсаты — олардың жұбаныш табуы, сүйіспеншілікпен бірлікте болуы. Осылайша зор байлыққа, яғни өздері кәміл сенетін шындық туралы түсінікке және Құдайдың қасиетті құпиясы жайлы, атап айтқанда Мәсіх жайлы, тура білімге ие болса екен деймін. 3 Ал Мәсіхте даналық пен білімнің бүкіл қазынасы жасырылып қойылған. 4 Мен мұны ешкім сендерді ақылға қонымды болып көрінетін сөздерімен алдап кетпесін деп айтып отырмын. 5 Рас, мен тәніммен қастарыңда болмасам да, жүрегіммен орталарыңда болып, араларыңдағы жақсы тәртіпті және Мәсіхке деген сенімдеріңнің берік екенін көріп қуанудамын.
6 Сонымен, Иеміз Мәсіх Исаны қалай қабылдаған болсаңдар, солай онымен тығыз байланыста жүріңдер. 7 Алған білімдеріңе сай, оған тамыр жайып, нығая беріңдер, сенімдеріңді де берік сақтаңдар. Құдайға зор сеніммен ризашылық білдіре беріңдер.
8 Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен, бос әрі алдамшы ойларымен, Мәсіх туралы емес, осы дүниенің қағидаларына негізделген ілімдерімен торға түсіріп алмасын. 9 Өйткені Құдайдың бар қасиеті Мәсіхтің бойынан көрініс тапқан. 10 Сендер де бүкіл үкімет пен биліктің басы Мәсіхтің арқасында ештеңеден құралақан емессіңдер. 11 Сендер онымен байланыстарыңның арқасында сүндеттелдіңдер, бұл — қолмен жасалған сүндет емес, күнәкар тәндеріңнен арылу. Мәсіхтің қызметшілері осылай сүндеттелу керек. 12 Өйткені онікіндей шомылдыру рәсімінен өтулеріңмен сендер онымен бірге көмілдіңдер, әрі оны өлімнен қайта тірілткен Құдайдың құдіретті ісіне сенгендіктен, Мәсіх арқылы онымен бірге қайта тірілдіңдер.
13 Сендер күнәларыңның кесірінен өлі әрі сүндеттелмеген едіңдер, бірақ Мәсіхпен бірлікте болуларың үшін Құдай сендерді тірілтті. Ол мейіріммен күнәларымыздың бәрін кешірді. 14 Сондай-ақ жарлықтардан тұрған және бізге қарсы жасалған құжатты мүлдем жойды. Құдай оны азап бағанасына ілу арқылы жолдан алып тастады. 15 Ол үкіметтер мен биліктерді талқандады да, азап бағанасы арқылы жеңілген оларды салтанатты шеруде алып өтіп, ел-жұртқа көрсетті.
16 Сондықтан ешкім сендерді белгілі бір тағамдар мен сусындар үшін немесе қандай да бір мерекені, жаңа туған айды тойламайтындарың не Демалыс күнін* ұстанбайтындарың үшін айыптамасын. 17 Себебі бұлар келуі керек нәрселердің көлеңкесі, ал көлеңкені түсіріп тұрған дене — Мәсіх. 18 Кішіпейілсінуден, періштелерге табынудан* рақат алатын ешкім сендерді сыйларыңнан айырып жүрмесін. Мұндайлар көрген аяндарының дұрыстығын қайтпай дәлелдейді және пенделік санасына сүйеніп, еш себепсіз кеуде көтереді. 19 Бірақ олардың баспен байланыстары жоқ. Ал бас денені басқарып отырады. Дене болса өзара буындармен, сіңірлермен тұтасып, сол арқылы нәр алады, әрі Құдай берген өсіммен өсе береді.
20 Егер осы дүниенің қағидаларынан бас тартып, Мәсіхпен бірге өлген болсаңдар, онда неге осы дүниеде өмір сүріп жатқандай, әлі де 21 “ұстама, жеме, қол тигізбе” деген жарлықтарға бағынасыңдар? 22 Бұлардың бәрі түбінде қолдану барысында жоқ болады ғой, әрі олар адам ойынан шыққан парыздар мен ілімдер. 23 Бұлар өз қалауынша табыну, кішіпейілсіну, тым көп шектеулермен тәндерін қалжыратудан көрініс тауып, сырткөзге дана болып көрінеді, бірақ тән құмарлықтарымен күресте еш пайдасы жоқ.