Қолостықтарға
3 Сендер Мәсіхпен бірге тірілтілген болсаңдар, көктегі нәрселерге ұмтылыңдар. Мәсіх сол жерде Құдайдың оң жағында отыр. 2 Жердегі емес, көктегі нәрселерді ойлаңдар. 3 Өйткені сендер өлдіңдер, әрі өмірлерің Құдаймен бірліктегі Мәсіхтің қолында. 4 Бізді өмірге жеткізетін Мәсіх көрінгенде, сендер де онымен бірге салтанатты даңқпен көрінесіңдер.
5 Сондықтан топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық және пұтқа табынушылық болып табылатын ашкөздік сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер. 6 Өйткені осылар үшін Құдайдың қаһары төніп тұр. 7 Кезінде сендер де осындай істермен айналыстыңдар. 8 Ал енді ашу, ызақорлық, жамандық, қорлық сөздер сияқты нәрсенің бәрінен арылыңдар. Ауыздарыңнан әдепсіз сөз де шықпасын. 9 Бір-біріңе өтірік айтпаңдар! Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылып*, 10 тура білім арқылы Жаратушының кейпіне сай жаңарып жатқан жаңа болмысқа ие болыңдар*. 11 Бұл жерде грек* не яһуди, сүндеттелген не сүндеттелмеген, жат жерлік не скиф*, құл не ерікті адам деген жоқ, қайта, барлығы және бәрінде — Мәсіх.
12 Сондықтан Құдай таңдаған, қасиетті де сүйікті адамдар ретінде жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер*. 13 Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер. 14 Бұған қоса, сүйіспеншілікке бөленіңдер, өйткені ол адамдарды толықтай біріктіреді.
15 Жүректеріңде Мәсіхтің тыныштығы билік етсін, өйткені сендер осы тыныштыққа бір денені құрау үшін шақырылдыңдар. Сондай-ақ ризашылық білдіріңдер. 16 Мәсіхтің сөзі бойларыңа орнығып, даналықтарың молая берсін. Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және әдемі рухани әндермен үнемі бір-біріңе тәлім беріп, жігерлендіріңдер. Ехобаға шын жүректен ән айтыңдар. 17 Не айтып, не істесеңдер де, бәрін Иеміз Исаның атымен істеп, әрі ол арқылы Құдай Әкеге ризашылық білдіріңдер.
18 Әйелдер, Иемізбен байланыстағы сендер күйеулеріңе бағыныңдар. 19 Күйеулер, әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер, оларға дөрекілік көрсетпеңдер. 20 Балалар, әрдайым ата-аналарыңа мойынсұныңдар, өйткені бұл Иемізге ұнайды. 21 Әкелер, балаларыңның көңілі түспеуі үшін, оларды ызаландырмаңдар. 22 Құлдар, әрдайым жер бетіндегі* қожайындарыңа мойынсұныңдар. Мұны, адамдарға жағынғысы келетіндер сияқты, олар бақылап тұрғанда ғана емес, шын жүректен әрі Ехобадан қорқып істеңдер. 23 Қандай іс болмасын, оны адамдар үшін емес, Ехоба үшін істегендей жан-тәндеріңмен істеңдер. 24 Өйткені бұл үшін сый ретінде Ехобадан мұра алатындарыңды білесіңдер ғой. Қожайындарың Мәсіхке құл болып қызмет етіңдер. 25 Жамандық жасайтын адам ісіне сай қарымтасын алады, себебі Құдай ешкімді алаламайды.