Мұсаның 1-жазбасы
48 Бір күні Жүсіпке “әкеңнің халі нашар” деген хабар жетті. Ол ұлдары Манаса мен Ефремді ертіп, әкесіне барды+. 2 Жақыпқа: “Ұлыңыз Жүсіп келді”,— дегенде, төсекте жатқан ол күшін жиып, басын көтеріп отырды. 3 Исраил Жүсіпке былай деп тіл қатты:
“Құдіреті шексіз Құдай маған Қанахан жеріндегі Лұзда көрініп, батасын берді+. 4 Ол: —Мен сені үбірлі-шүбірлі етіп көбейтемін және сенен көп халық таратамын+. Бұл жерді сенің ұрпағыңа мәңгі иелікке беремін+,— деген еді. 5 Мен саған келгенге дейін Мысырда туылған екі ұлың менікі+. Ефрем мен Манаса екеуі де, Рубен мен Шимон сияқты, өзімнің ұлдарым болады+. 6 Ал кейінгі туылған балаларың сенікі болады. Олар екі ағасының үлесіне тиген жерден үлес алып, солардың атымен аталады+. 7 Мен Паданнан көшіп шығып, Қанахан еліне келгенде, қасымдағы Рахила көз жұмды+. Ефратаға+ әлі біраз жер бар еді, сондықтан оның мәйітін Ефратаға, яғни Бетлехемге+, барар жолдың бойына қойдым”.
8 Исраил Жүсіптің ұлдарына қарап: “Мыналар кімдер?”— деп сұрады. 9 “Бұлар Құдайдың маған осы жерде сыйлаған ұлдары”+,— деді Жүсіп. Сонда әкесі: “Оларды маған жақындатшы, батамды берейін”+,— деді. 10 Кәріліктен жанары тайған Исраилдің көзі көрмейтін еді. Жүсіп ұлдарын жақындатқанда, әкесі оларды беттерінен сүйіп, құшақтады. 11 Ол Жүсіпке: “Сенің жүзіңді көремін деп еш ойламаған едім+. Енді, міне, Құдай тіпті ұлдарыңды да көрсетіп отыр”,— деді. 12 Жүсіп балаларын әкесінің қасынан* былайырақ алып, оған жерге дейін иіліп тағзым етті.
13 Сосын Жүсіп оң қолымен Ефремді+ ұстап, Исраилдің сол жағына, ал Манасаны+ сол қолымен ұстап, оның оң жағына әкелді. 14 Бірақ Исраил оң қолын, кішісі болса да, Ефремнің басына, ал сол қолын Манасаның басына қойды. Манаса тұңғышы+ болса да, ол мұны әдейі істеген еді. 15 Кейін Жүсіпке былай деп батасын берді+:
“Әкелерім Ыбырайым мен Ысқақ қызмет еткен* Құдай+,
Мені өмір бойы тастамай, осы күнге дейін бағып келген Құдай+,
16 Мені барлық апаттан құтқарып келген періште+, осы балаларға батаңды бере көр+.
Олар менің және әкелерім Ыбырайым мен Ысқақтың есімдерімен аталсын,
Жер бетінде олардың ұрпақтары сансыз көп болсын+!”
17 Әкесі оң қолын Ефремнің басына қойғаны Жүсіпке ұнамады. Сондықтан оның қолын Ефремнен алып, Манасаның басына қоймақ болып, 18 әкесіне: “Әке, олай емес! Тұңғышым+ — мынау, оң қолыңызды соның басына қойыңыз”,— деді. 19 Бірақ әкесі көнбей, Жүсіпке: “Білемін, ұлым, білемін. Одан да халық тарайды, ол да ұлы болады. Әйтсе де інісінің ұлылығы онікінен де асып түседі+, оның ұрпағы бүтін бір халықты құрауға жетеді+”,— деді. 20 Ол әрі қарай батасын беріп, сол күні оларға былай деді+:
“Исраил халқы сенің атыңмен бата беріп:
—Құдай сені Ефрем мен Манасадай қылсын!— дейтін болады”.
Осылай ол Ефремді Манасадан жоғары қойды.
21 Бұдан соң Исраил Жүсіпке: “Міне, мен өлім аузында жатырмын+. Бірақ Құдай сендерге бұдан былай да жар болып, ата-бабаларыңның еліне қайтарады+. 22 Мен сенің үлесіңді бауырларыңның үлесінен көбірек етіп, тағы бір бөлік жер қосып беремін. Оны мен аморлықтардың қолынан семсер-садағыммен тартып алғанмын”,— деді.