Патшалар 1-жазба
1 Дәуіт патша жасы ұлғайып+, қартайған шағында үстіне қанша көрпе жапса да, денесі жылымайтын болды. 2 Сонда қызметшілері оған: “Патшамызға қызмет көрсетіп, күтім жасайтын бір пәк қыз тауып әкелінсін. Ол тақсыр иеміздің қасына жатып, бойын жылытсын”,— деді. 3 Содан олар күллі Исраил елінен сұлу қыз іздеп, ақыры Әбиша+ деген бір шунемдік+ қызды тауып, патшаға әкелді. 4 Әбиша ерекше сұлу қыз екен. Ол патшаға күтім жасап, қызмет көрсетті, бірақ патша онымен жақындаспады.
5 Сол кездері Дәуіттің Хагиттен туған баласы Адониях+: “Енді мен патша боламын!”— деп асқақтап жүрді. Ол өзіне арба жасатып, қасына салт аттылар жинады, алдында жүгіріп жүретін 50 адамы да болды+. 6 Бірақ әкесі оны: “Сен неге бұлай істейсің?”— деп, ешқашан жазғырған емес*. Адониях өте келбетті жігіт болатын. Анасы оны Абессаломнан кейін туған еді. 7 Адониях Сарұяның ұлы Жоғабпен және діни қызметкер Әбиятармен+ сөз байласты. Сөйтіп, екеуі соның жағына шығып, оған қолдау көрсетті+. 8 Ал діни қызметкер Садық+, Еходай ұлы Бенаях+, Натан пайғамбар+, Шимей+, Рей және Дәуіттің батыр сарбаздары+ Адонияхты қолдамады.
9 Бірде Адониях Ен-Рогелдің маңындағы Зохелет тасының тұсында құрбандыққа қой, ірі қара мен бордақыланған мал шалмақ болып+, барлық бауырларын, патша ұлдарын, сондай-ақ патша қызметіндегі барлық яһудалықтарды шақырды. 10 Ал Натан пайғамбарды, Бенаях пен батыр сарбаздарды және бауыры Сүлейменді шақырмады. 11 Сонда Натан пайғамбар+ Сүлейменнің анасы Барсабияға+ мынаны айтты: “Хагиттің баласы Адониях+ патша болғанын естідің бе? Ал иеміз Дәуіт бұдан бейхабар. 12 Ендеше, өзіңнің де, ұлың Сүлейменнің де жаны аман қалу үшін+, саған бір кеңес берейін. 13 Дәуіт патшаға барып: —Патша ием, күңіңізге “Өзімнен кейін сенің ұлың Сүлеймен патша болады. Менің тағыма отыратын — сол!”+ деп ант еткен едіңіз ғой! Онда неге Адониях патша болып алды?— деп айт. 14 Сен патшамен сөйлесіп тұрғанда, мен келіп, сөзіңді растаймын”.
15 Содан Барсабия патша жатқан бөлмеге кірді. Әбден қартайған патшаға шунемдік Әбиша+ қызмет көрсетіп жүрді. 16 Барсабия жерге дейін иіліп тағзым еткенде, патша одан: “Қандай өтінішің бар?”— деп сұрады. 17 Ол: “Тақсыр, Құдайыңыз Ехобаның* атымен күңіңізге ант етіп, “Өзімнен кейін сенің ұлың Сүлеймен патша болады. Менің тағыма отыратын — сол!” деген едіңіз ғой+. 18 Бірақ Адониях патша болып алды, ал тақсыр ием бұл туралы білмейді де+. 19 Ол бұқалар, бордақыланған мал мен қойларды құрбандыққа шалып, патшаның бар ұлдарымен қоса, діни қызметкер Әбиятар мен қолбасшы Жоғабты шақырыпты+. Ал қызметшіңіз Сүлейменді шақырмады+. 20 Патша ием, күллі Исраил халқы сізге көз тігіп, өзіңізден кейін таққа кім отыратынын айтқаныңызды күтіп отыр. 21 Мұны айтпасаңыз, тақсыр ием ата-бабаларына қосылғаннан кейін, өзімді де, ұлым Сүлейменді де жұрт жау санайтын болады”.
22 Барсабия әлі сөйлеп тұрғанда, Натан пайғамбар келді+. 23 Сол заматта патшаға: “Натан пайғамбар келді!”— деп хабарланды. Ол бөлмеге кіріп, жерге дейін иіліп тағзым етті де, 24 былай деді: “Патша ағзам, сен “Менен кейін Адониях патша болады. Менің тағыма отыратын — сол!” деген бе едің+? 25 Өйткені ол құрбандыққа бұқа, бордақыланған мал мен қойды көптеп шалып+, патшаның бар ұлдарын, қолбасылар мен діни қызметкер Әбиятарды шақырыпты+. Барлығы онымен бірге ішіп-жеп, “Адониях патша мың жасасын!” деп жатыр. 26 Ал мендей қызметшіңді, діни қызметкер Садық пен Еходай ұлы Бенаяхты+ және қызметшің Сүлейменді шақырмады. 27 Бұл патша ағзамның қалауымен болып жатса, онда оның өзінен кейін таққа кімді отырғызатынын қызметшісіне айтпағаны ма?”
28 Сонда Дәуіт патша: “Маған Барсабияны шақырыңдар”,— деді. Ол қайта кіріп, патшаның алдына келіп тұрды. 29 Дәуіт оған ант етіп былай деді: “Мені барлық азабымнан құтқарған* тірі Құдай Ехобаның+ алдында шын айтамын*, 30 саған Исраил Құдайы Ехобаның атымен “Өзімнен кейін сенің ұлың Сүлеймен патша болады. Менің тағыма отыратын — сол!” деп ант бергенімдей, оны бүгін өз тағыма отырғызамын!” 31 Мұны естігенде, Барсабия жерге дейін иіліп тағзым етті де: “Тақсыр ием Дәуіт мәңгі жасасын!”— деді.
32 Дәуіт болса бірден: “Маған діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбар мен Еходай ұлы+ Бенаяхты+ шақырыңдар”,— деді. Олар алдына келгенде, 33 патша былай деп тапсырды: “Қастарыңа иелеріңнің қызметшілерін ертіп алыңдар да, ұлым Сүлейменді менің қашырыма мінгізіп+, Гихонға+ қарай түсіңдер. 34 Діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар сол жерде оған май жағып+, Исраилдің патшасы етіп тағайындасын. Сосын керней тартып, “Сүлеймен патша мың жасасын!” деп жар салыңдар+. 35 Бұдан кейін оның соңынан еріп, қалаға келіңдер. Ол менің тағыма отырып, менің орныма патша болады. Мен оны Исраил мен Яһуданың көсемі етіп тағайындаймын”. 36 Сонда Еходай ұлы Бенаях патшаға: “Аумин! Патша иемнің сөздерін Құдайы Ехоба жүзеге асырсын! 37 Ехоба патша иеме жар болғандай, Сүлейменге де жар болсын+. Оның тағының ұлылығы патша ағзам Дәуіттікінен де жоғары болсын+!”— деді.
38 Содан діни қызметкер Садық, Натан пайғамбар, Еходай ұлы Бенаях+, кереттіктер мен пелеттіктер+ Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп+, Гихонға+ қарай түсті. 39 Діни қызметкер Садық киелі шатырдан+ мүйізге құйып әкелген майды алып+, Сүлейменге май жағу рәсімін жасады+. Бұдан кейін керней тартылды, ал күллі жұрт “Сүлеймен патша мың жасасын!” деп жар салды. 40 Сосын барлығы Сүлейменнің соңынан еріп, жоғары өрледі. Олар сыбызғы тартып, шат-шадыман болып қуанғандары соншалық — дауыстары жер жарды+.
41 Адониях пен оның шақырған кісілері тамақтанып бола бергенде, осы шуды естіді+. Жоғаб керней даусын естіп: “Қаладан шығып жатқан бұл не шу?”— деді. 42 Ол аузын жиып үлгермей жатып, діни қызметкер Әбиятардың ұлы Жонатан+ келді. Адониях оған: “Кел, кір. Сен жақсы адамсың, әкелген хабарың да жақсы болар”,— деді. 43 Бірақ ол мынаны айтты: “Жоқ, олай емес. Тақсыр иеміз Дәуіт Сүлейменді патша етіп қойды! 44 Патша онымен бірге діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбарды, Еходай ұлы Бенаяхты, кереттіктер мен пелеттіктерді жіберіпті. Олар Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп алып+, 45 Гихонға апарыпты. Сол жерде діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар оны патша етіп майлапты. Сосын бәрі қуана кері қайтып, бүкіл қала содан дүрлігіп жатыр. Сендер естіген у-шу солардікі. 46 Ал Сүлеймен қазір патша тағында отыр екен. 47 Патшаның қызметшілері болса тақсыр иеміз Дәуітті: —Құдайыңыз Сүлейменнің атағын сіздікінен де кең жайсын! Тағының ұлылығы сіздікінен де жоғары болсын!— деп құттықтап келіпті. Ал патша төсегінде отырып, бас иіп тағзым етіпті. 48 Оның үстіне, патша: —Исраилдің Құдайы Ехоба мадақталсын! Ол бүгін ұлымды менің тағыма отырғызып, мұны өз көзіммен көруге мүмкіндік берді!— депті”.
49 Мұны естігенде, Адонияхтың қонақтары қорыққандарынан қалтырап, орындарынан тұрды да, әрқайсысы өз жөніне кетті. 50 Адонияхтың өзі де Сүлейменнен қорқып, киелі шатырға барды да, құрбандық ошағының мүйіздерінен жабыса ұстап алды+. 51 Сүлейменге мынадай хабар жетті: “Адониях Сүлеймен патшадан қорқып, құрбандық ошағының мүйіздерінен ұстап алыпты. Ол “алдымен Сүлеймен патша қызметшісін семсермен өлтірмеймін деп ант етсін” деп жатыр екен”. 52 Сонда Сүлеймен: “Егер ол адал адам екенін көрсетсе, басынан бір тал шаш та түспейді. Ал бойынан бір арамдық табылса+, өлім құшады”,— деді. 53 Сөйтіп, патша адам жіберіп, оны құрбандық ошағынан алдыртты. Адониях Сүлейменнің алдына келіп, тағзым еткенде, ол: “Үйіңе қайта бер”,— деді.