Шежірелер 2-жазба
1 Дәуіттің ұлы Сүлейменнің патшалық билігі нығая түсті. Құдайы Ехоба* оған жар болып, мерейін барынша үстем етті+.
2 Сүлеймен патша Исраилдің бүкіл мыңбасылары мен жүзбасыларын, билерін, сондай-ақ Исраилдің күллі басшыларын, әулетбасыларын жинады. 3 Бұдан кейін ол бүкіл қауымды ертіп, Гибеондағы ғибадат төбесіне барды+. Өйткені Ехобаның қызметшісі Мұса шөл далада жасаған шынайы Құдайдың кездесу шатыры сол жерде еді. 4 Ал келісім сандығын Дәуіт патша кезінде Кирият-Еғаримнен Иерусалимге әкеліп қойған болатын+. Ол арнайы орын дайындап, шатыр тіктіріп, шынайы Құдайдың сандығын сонда қойған еді+. 5 Хұрдың немересі, Ұридың ұлы Беселиел+ жасаған мыс құрбандық ошағы+ болса Ехобаның шатырының алдында тұра берді. Сүлеймен патша және жиналған қауым соның алдында тұрып дұға ететін. 6 Патша кездесу шатырының алдындағы сол мыс құрбандық ошағының үстінде Ехобаға арнап түгел өртелетін құрбандықтар шалды. Ол құрбандыққа 1000 бас мал шалды+.
7 Сол түні Құдай оған аян беріп: “Өзіңе не бергенімді қалайсың, сұра”,— деді+. 8 Ол мынаны айтты: “Сен менің әкем Дәуітке айнымас сүйіспеншілігіңді молынан таныттың+, әрі орнына мені патша еттің+. 9 Ал енді, уа, Ехоба Құдай, әкем Дәуітке берген уәдеңді жүзеге асыра көр+. Себебі сен мені жер бетіндегі құм қиыршықтарындай сансыз көп халықтың үстінен патша еттің+. 10 Осы халықты басқара алуым үшін маған даналық пен білім сыйлашы+. Онсыз өзіңнің ұлы халқыңа төрелік ету кімнің қолынан келеді+?!”
11 Сонда Құдай Сүлейменге мынаны айтты: “Жүрек қалауың осы болып, сен өзіңе байлық та, дәулет те, атақ-даңқ та сұрамадың. Дұшпандарыңа өлім, ал өзіңе ұзақ өмір де тілемедің. Қайта, өзім патша етіп қойған халқыма төрелік ету үшін даналық пен білім беруімді өтіндің+. 12 Сол үшін саған даналық пен білім сыйлаймын. Бұған қоса, саған дейін ешбір патша ие болып көрмеген, сенен кейін де ие болмайтын бақ-дәулет пен атақ-даңққа бөлеймін+”.
13 Бұдан кейін Сүлеймен Гибеондағы кездесу шатыры тұрған ғибадат төбесінен+ Иерусалимге қайтып келіп, Исраилге патшалық етті. 14 Ол арбалар мен жылқыны* көптеп жинады. Оның 1400 арбасы және 12 000 жылқысы* болды+. Патша оларды арбаларға арналған қалаларда+ және өзінің қасында, Иерусалимде ұстады+. 15 Сүлеймен Иерусалимде күміс пен алтынды кәдімгі тас сияқты көп+, қарағай ағаштарын да Шефеладағы інжір ағаштары сияқты мол етті+. 16 Сүлеймен жылқыны Мысырдан алдыртып отырды+. Патшаның саудагерлері оларды үйір-үйірімен сатып алатын*+. 17 Олар әрбір арбаны 600, ал әрбір жылқыны 150 күміс ақшаға әкелетін. Патшаның саудагерлері бұларды хеттік және сириялық патшаларға да әкеліп беретін.