Мұсаның 2-жазбасы
1 Сонымен, Жақыппен бірге Мысырға үй ішімен көшіп келген Исраил ұлдарының есімдері мыналар+: 2 Рубен, Шимон, Леуі, Яһуда+, 3 Исахар, Забулон, Бениямин, 4 Дан, Нафталим, Ғад, Ашир+. 5 Жақыптан тараған ұрпақ сол кезде 70 жан еді+. Ал Жүсіп Мысырда болатын. 6 Ақыр соңында, Жүсіп те, оның бауырлары да, замандастары* да дүниеден өтті+. 7 Исраил ұлдары өсіп-өніп, саны өте көп болды. Олар көбейген үстіне көбейіп, күшейе берді+. Ел соларға толды.
8 Уақыт өте келе Мысырдың тағына Жүсіпті білмейтін жаңа бір патша отырды. 9 Ол өз халқына: “Міне, Исраил халқы бізге қарағанда әлдеқайда көп әрі күшті+. 10 Сондықтан олар бұдан да көбейіп кетпеу үшін, бір амалын табайық. Әйтпесе соғыс болған жағдайда, олар жау жағына шығып, бізге қарсы соғысып, жерімізден кетіп қалар”,— деді.
11 Содан мысырлықтар исраилдіктерді ауыр жұмысқа салып, жәбір көрсету үшін, үстерінен бақылаушылар қойды+. Олар перғауынға арнап қойма ретінде қолданатын Питом және Рамсес+ қалаларын салды. 12 Исраилдіктер неғұрлым қысым көрген сайын, соғұрлым көбейіп, ел ішіне тарай берді+. Сондықтан мысырлықтар олардан қатты қорқып, жек көре бастады. 13 Сөйтіп, исраилдіктерді аяусыз құлдыққа салды+. 14 Оларға сазбалшық илетіп, кірпіш құйғызды, сондай-ақ танапта әртүрлі ауыр жұмысқа жегіп, өмірлерін адам төзгісіз етті. Осылайша түрлі қара жұмыс істетіп, исраилдіктерді азапқа салды+.
15 Мұнысымен қоймай, Мысыр патшасы әйел босандыратын Шипра және Пуа деген екі еврей әйелін шақыртып алып: 16 “Еврей әйелдерін босандырып жатқанда+, нәрестенің ұл бала екенін көрсеңдер, өлтіріңдер, ал қыз бала болса, тірі қалдырыңдар!”— деді. 17 Бірақ бұл әйелдер шынайы Құдайдан қорқатын, сол себепті Мысыр патшасының айтқанын істемей, ұл балаларды тірі қалдырып жүрді+. 18 Біраз уақыт өткен соң, патша оларды қайтадан шақыртып алып: “Бұл істеп жүргендерің не? Неге ұл балаларды өлтірмейсіңдер?”— деді. 19 Олар болса: “Еврей әйелдері мысырлық әйелдер сияқты емес. Олар мықты, сондықтан босандыратын әйел келгенше, өздері-ақ босанып қояды”,— деп жауап берді.
20 Құдай осы екі әйелді жарылқады. Ал исраилдіктер көбейген үстіне көбейіп, одан бетер күшейе түсті. 21 Құдайдан қорыққандары үшін әлгі әйелдер оның батасына кенеліп, уақыт өте келе балалы-шағалы болды. 22 Ақырында, перғауын бүкіл халқына: “Еврейлердің дүниеге келген әрбір ұл баласын Ніл өзеніне тастаңдар, ал қыз балаларын тірі қалдырыңдар!”— деп бұйрық берді+.