Мұсаның 2-жазбасы
38 Ол қараған ағашынан өртелетін құрбандық ұсынатын төрт бұрышты ошақ жасады: ұзындығы мен ені 5 шынтақ*, биіктігі 3 шынтақ+. 2 Сосын жоғарғы төрт бұрышынан біртұтас жасалған төрт мүйіз шығарып, ошақты мыспен қаптады+. 3 Сондай-ақ оған мынадай құрал-жабдықтар жасады: күл шығаратын шелектер, күректер, керсендер, шанышқылар мен шоқсалғыш қалақтар. Мұның бәрін ол мыстан істеді. 4 Кейін мыстан тор істеп, оны құрбандық ошағының орта шеніне, жоғарғы жиегінен төмен, орналастырды. 5 Ол төрт сақина құйып, сырықтар өткізу үшін, оларды ошақтың төрт бұрышына, мыс тордың қасына бекітті. 6 Сосын қараған ағашынан сырықтар жасап, мыспен қаптады. 7 Құрбандық ошағын көтеріп жүру үшін, сырықтарды оның екі бүйіріндегі сақиналарға кіргізіп қойды. Ошақты асты-үсті ашық қорап іспетті етіп тақтайдан жасады.
8 Бұдан кейін ол мыстан үлкен қазан+ мен оның тұғырын істеді. Бұл үшін кездесу шатырының кіреберісінде белгілі бір тәртіппен қызмет ететін әйелдердің айналарын* қолданды.
9 Сосын ол шатырдың ауласын жасады+. Ауланың оңтүстікке қараған жағына ілу үшін, жақсылап иірілген зығырдан ұзындығы 100 шынтақ мата тоқыды+. 10 Оны ілу үшін мыстан 20 бағана мен ойығы бар 20 тұғыр істеді. Бағаналардың ілгіштері мен біріктіргіштерін күмістен жасады. 11 Солтүстік жағына да ұзындығы 100 шынтақ мата тоқыды. Оны ілу үшін мыстан 20 бағана мен ойығы бар 20 тұғыр жасады. Бағаналардың ілгіштері мен біріктіргіштерін күмістен істеді. 12 Ал ауланың батыс жағына ілінетін матаның ұзындығы 50 шынтақ болды. Оған 10 бағана мен ойығы бар 10 тұғыр, сондай-ақ күмістен бағананың ілгіштері мен біріктіргіштерін істеді. 13 Ауланың күншығыс жағындағы матаның ұзындығы 50 шынтақ болды. 14 Кіреберістің оң қанатына ұзындығы 15 шынтақ мата тоқылып, 3 бағана мен ойығы бар 3 тұғыр жасалды. 15 Кіреберістің сол қанатына да ұзындығы 15 шынтақ мата тоқылып, 3 бағана мен ойығы бар 3 тұғыр жасалды. 16 Ауланы қоршап тұратын матаның бәрі жақсылап иірілген зығырдан тоқылды. 17 Бағаналардың астына қойылатын ойығы бар тұғырлар мыстан, ал ілгіштері мен біріктіргіштері күмістен жасалды. Бағаналардың төбелері болса күміспен қапталды. Ауланың барлық бағанасының біріктіргіштері күмістен істелінді+.
18 Ауланың кіреберісіне* көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүннен және жақсылап иірілген зығырдан перде тоқылды. Оның ұзындығы 20 шынтақ, биіктігі ауланы қоршайтын матаның биіктігіндей 5 шынтақ болды+. 19 Кіреберіске мыстан 4 бағана мен ойығы бар 4 тұғыр жасалды. Бағаналардың ілгіштері мен біріктіргіштері күмістен істелініп, төбелері күміспен қапталды. 20 Киелі шатыр мен аула қоршауының барлық қазығы мыстан істелінді+.
21 Мұсаның бұйрығы бойынша, куәлік сандығы+ тұратын киелі шатырды дайындауға жұмсалған заттардың тізімі жасалды. Бұл міндет леуіліктерге жүктеліп+, олар мұны діни қызметкер Харонның ұлы Итамардың басшылығымен+ жүргізді. 22 Яһуда руынан шыққан Хұрдың немересі, Ұридың ұлы Беселиел+ Ехобаның Мұсаға бұйырғандарының бәрін жүзеге асырды. 23 Оған дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Ахолияп+ көмектесті. Ол шебер ұста, кестеші, сондай-ақ көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүннен, сапалы зығыр жіптен өрнектеп мата тоқушы еді.
24 Қасиетті орындағы жұмыстың бәріне тербеп ұсынылған алтын қолданылды+. Оның мөлшері 29 талант* және қасиетті орынның шекелімен 730 шекел* болды. 25 Қауымның санағынан өткендердің әкелген күмісі 100 талант және қасиетті орынның шекелімен 1775 шекел еді. 26 Санақтан өткен жасы жиырмаға толған және одан асқан адамдардың саны 603 550 болды+. Олардың әрқайсысы қасиетті орынның шекелімен жарты шекелден алып келді+.
27 Қасиетті орынның және перде ілінген бағаналардың ойығы бар тұғырларын құюға 100 талант күміс жұмсалды. 100 тұғырға 100 талант, яғни әр тұғырға+ бір талант кетті. 28 Бағаналардың ілгіштерін жасауға, төбелері мен біріктіргіштерін қаптауға 1775 шекел күміс қолданылды.
29 Тербеп ұсынылған мыс тартудың салмағы 70 талант және 2400 шекел болды. 30 Осы мыстан кездесу шатырының кіреберісіндегі бағаналардың ойығы бар тұғырлары, құрбандық ошағы, оның торы және барлық құрал-жабдықтары, 31 сондай-ақ ауланың айналасы мен кіреберісіндегі бағаналардың ойығы бар тұғырлары, киелі шатыр мен аула қоршауының күллі қазығы жасалды+.