Еремия
19 Ехоба маған тағы былай деді: “Бар да, құмырашыдан қыш құмыра сатып ал+. Сөйтіп, халықтың және діни қызметкерлердің ақсақалдарының бірнешеуін өзіңмен ертіп, 2 Сынық қыштар деп аталатын қақпаның алдындағы Бен-Хенном аңғарына+ бар. Сол жерде өзіңе айтқан сөздерімді оларға жариялап, 3 былай де: —Уа, Яһуда патшалары мен Иерусалим тұрғындары, Ехобаның сөзін тыңдаңдар. Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы мынаны айтады:
“Мен осы жерге апат жібергелі жатырмын. Оны естіген әркімнің зәре-құты қалмайды*. 4 Себебі олар мені тастап кетті+, мына жерді танымастай етіп жіберді+. Олар осында өздері де, ата-бабалары да, Яһуда патшалары да білмеген бөтен тәңірлерге құрбандықтар шалуда. Сондай-ақ оны жазықсыздардың қанына малды+. 5 Олар Бағалға ғибадат ететін төбелер жасады. Сөйтіп, онда ұлдарын түгел өртелетін құрбандық ретінде Бағалға ұсынды+. Мұндайды мен оларға бұйырған да, айтқан да емеспін. Бұл тіпті ойыма* да келген емес+.
6 Сондықтан, міне, бұл жер Тофет не Бен-Хенном аңғары емес, Қырғын аңғары деп аталатын күндер келе жатыр,— дейді Ехоба+.— 7 Осы жерде Яһуда мен Иерусалимнің жоспарларын бұзамын. Оларды жауларының семсерімен, жандарын алмақ болғандардың қолымен өлтіремін. Мәйіттерін аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем етемін+. 8 Бұл қаланы адам шошитын әрі таңдана ысқыратын күйге жеткіземін. Қасынан өтіп бара жатқан әркім оған шошына қарап, басына түскен пәлелерін көріп, таңғала ысқыратын болады+. 9 Оларды ұл-қыздары мен жақындарының етін жеуге мәжбүр етемін+. Өйткені жандарын алғысы келген жаулары оларды қоршап, қыспаққа алады”.
10 Сен өзіңе еріп келген кісілердің көзінше әлгі құмыраны сындыр да, 11 оларға Әскербасы Ехоба мынаны айтады де: —Қыш құмыра қайта қалпына келместей етіп сындырылғанындай, мен де бұл халықты және осы қаланы күл-талқан етемін. Олар Тофетте бос орын қалмайынша, өліктерін жерлейтін болады+.
12 Бұл жерге және оның тұрғындарына осылай істеймін. Осы қаланы Тофет сияқты етемін,— дейді Ехоба.— 13 Иерусалимнің үйлері мен Яһуда патшаларының үйлері Тофет сияқты арамдалады+. Өйткені олар үйлерінің төбесінде күллі аспан денелеріне құрбандықтар шалып+, бөтен тәңірлерге арнап сұйық тартулар төкті+”.
14 Ехоба пайғамбарлық айтуға жіберген Еремия Тофеттен оралған соң, Ехобаның үйінің ауласында тұрып, күллі жұртқа былай деді: 15 “Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы былай дейді: —Міне, мына қалаға және төңірегіндегі қалашықтарға өзім айтқан апаттың бәрін жіберемін. Өйткені олар тоңмойынданып, айтқаныма мойынсұнбады+”.