Даниял
3 Навуходоносор патша биіктігі 60 шынтақ*, ал ені 6 шынтақ* етіп алтыннан мүсін* жасатып, оны Бабыл аймағындағы Дур жазығына орнатты. 2 Сосын Навуходоносор патша өзі орнатқан мүсіннің салтанатты ашылу рәсіміне сатраптарды*, басшыларды*, әміршілерді, уәзірлерді, қазынашыларды, төрешілерді, тәртіп сақшылары мен аймақ істерін басқаратындардың барлығын шақыртты.
3 Сөйтіп, сатраптар, басшылар, әміршілер, уәзірлер, қазынашылар, төрешілер, тәртіп сақшылары мен аймақ істерін басқаратындар Навуходоносор патша орнатқан мүсіннің ашылу салтанатына жиналды. Барлығы патша орнатқан мүсіннің алдына барып тұрды. 4 Сонда жаршы: “Уа, халықтар, ұлттар және әртүрлі тілдің адамдары, патшаның әміріне құлақ түріңдер! 5 Мүйіз керней, сыбызғы, цитра*, арфа, ішекті аспап, желбуаз бен басқа да сазды аспаптардың үнін естігенде, жерге жығылып, Навуходоносор патша орнатқан алтын мүсінге табыныңдар. 6 Кімде-кім жерге жығылып табынбаса, лаулап жанып тұрған пешке тасталады+”,— деп жар салды. 7 Сондықтан барлық халықтар, ұлттар және әртүрлі тілдің адамдары мүйіз керней, сыбызғы, цитра, арфа, ішекті аспап пен басқа да сазды аспаптардың үнін естігенде, бәрі жерге жығылып, Навуходоносор патша орнатқан алтын мүсінге табынды.
8 Сол уақытта халдейлердің кейбірі патшаға келіп, яһудилерді айыптай бастады*. 9 Олар Навуходоносор патшаға былай деді: “Уа, патша, мәңгі жасаңыз! 10 Уа, патша, сіз әрбір адам мүйіз керней, сыбызғы, цитра, арфа, ішекті аспап, желбуаз бен басқа да сазды аспаптардың үнін естігенде, жерге жығылып, алтын мүсінге табынсын деп бұйырғансыз. 11 Ал кімде-кім жерге жығылып, табынбаса, жанып тұрған пешке лақтырылсын деп әмір етіп едіңіз+. 12 Өзіңіз Бабыл аймағының істерін басқаруға тағайындаған Шадырақ, Мисақ, Әбдінего атты яһудилер бар+. Уа, патша, олар сізді менсінбейді! Құдайларыңызға қызмет етпейді, өзіңіз орнатқан алтын мүсінге табынудан бас тартты”.
13 Сонда Навуходоносор патша ашуға булығып, Шадырақ, Мисақ пен Әбдінегоны әкелуді бұйырды. Олар патшаның алдына әкелінді. 14 Навуходоносор былай деді: “Шадырақ, Мисақ, Әбдінего, менің құдайларыма қызмет етпейтіндерің+, мен орнатқан алтын мүсінге табынудан бас тартып жатқандарың рас па? 15 Ал қазір мүйіз керней, сыбызғы, цитра, арфа, ішекті аспап, желбуаз бен басқа да сазды аспаптардың үнін естігенде, жерге жығылып, мен жасаған мүсінге табынсаңдар, онда жақсы. Егер табынбасаңдар, сол заматта лаулап жанып тұрған пешке тасталасыңдар. Сонда қандай құдай сендерді менің қолымнан құтқарар екен+?!”
16 Шадырақ, Мисақ, Әбдінего патшаға: “Уа, Навуходоносор патша, бұған қатысты шешіміміз берік. 17 Егер пешке тасталсақ, қызмет етіп жүрген Құдайымыздың, уа, патша, жанып тұрған пештен де, сіздің қолыңыздан да құтқаруға құдіреті жетеді+. 18 Тіпті ол құтқармаған күнде де, уа, патша, біліп қойыңыз, сіздің құдайларыңызға қызмет етпейміз, сіз орнатқан алтын мүсінге табынбаймыз+!”— деп жауап қатты.
19 Бұны естігенде Навуходоносордың Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоға ызаланғаны сонша — оның түрі өзгеріп кетті*. Патша пешті әдеттегіден жеті есе қатты жағуды әмір етті. 20 Ол жасағындағы бірнеше мықты жауынгерге Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоны байлап, жанып тұрған пешке тастауды бұйырды.
21 Әлгілер үшеуін киген киімдерімен — сырт киім, көйлек, баскиім және басқа да киімдерімен — байлап-матап, оты лаулаған пешке лақтырды. 22 Патшаның бұйрығы өте қатаң болып, пештің қатты жағылғаны сонша — Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоны лақтырып жатқан кісілердің өздері оттың жалынына күйіп өлді. 23 Ал Шадырақ, Мисақ, Әбдінего үшеуі байлаулы күйі лаулаған пештің ішіне құлады.
24 Кенет Навуходоносор патша қорқып кетіп, орнынан ұшып тұрды да, бас қызметкерлерінен: “Біз үш адамды байлап, отқа лақтырдық емес пе?”— деп сұрады. Олар патшаға: “Тап солай, тақсыр”,— деп жауап берді. 25 Патша: “Қараңдар! Оттың ортасында емін-еркін, сап-сау жүрген төрт адамды көріп тұрмын. Төртіншісі құдайлардың ұлына ұқсайды екен”,— деді.
26 Навуходоносор жанып тұрған пештің аузына келіп: “Шадырақ, Мисақ, Әбдінего, Алла Тағаланың+ қызметшілері, шығып, бері келіңдер!”— деді. Шадырақ, Мисақ пен Әбдінего оттың ортасынан шықты. 27 Сол жерге жиналған сатраптар, басшылар, әміршілер мен патшаның бас қызметкерлері+ үш жігіттің денесіне оттың еш зиян тигізбегенін+, бастарындағы бір тал шаш та, сырт киімдері де күймегенін, тіпті ешқайсысының үстінен күйіктің иісі де шығып тұрмағанын байқады.
28 Сонда Навуходоносор былай деп жар салды: “Періштесін жіберіп, қызметшілерін құтқарып қалған Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоның Құдайы мадақталсын+! Олар Құдайларына сенім артып, патшаның әміріне қарсы шығып, өмірлерін қиюға дайын болды. Өз Құдайларынан басқа құдайға қызмет етуден, табынудан бас тартты+. 29 Сондықтан мынадай жарлық шығарамын: егер кез келген халықтың, ұлттың не тілдің адамдары Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоның Құдайына қарсы сөз айтатын болса, олар мүшелеп шабылып, ал үйлері көпшілік баратын әжетханаға* айналсын. Себебі дәл осылай құтқара алатын басқа ешбір құдай жоқ+”.
30 Содан кейін патша Бабыл аймағында Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоның дәрежесін көтерді*+.