Даниял
9 Халдейлердің патшалығына патша етіп қойылған+ мидиялықтардан шыққан Ахашвероштың ұлы Дарийдің+ билік құруының бірінші жылы еді. 2 Иә, оның билігінің бірінші жылында мен, Даниял, жазбаларды* зерттеп, Ехобаның Еремия пайғамбарға айтқанындай, Иерусалимнің қаңырап бос жататын+ уақыты 70 жылға+ созылатынын білдім. 3 Содан мен шынайы Құдай Ехобаға жүзімді бұрып, ораза ұстап+, азалы киім* киіп, үстіме күл шашып, жалбарына дұға еттім. 4 Күнәларымызды мойындап, Ехоба Құдайыма былай деп сиындым:
“Уа, шынайы Құдай Ехоба, сен ұлы да айбынды, келісіміңді бұзбайтын, өзіңді сүйіп, заңдарыңды орындайтындарға+ айнымас сүйіспеншілік танытатын Құдайсың+! 5 Біз күнәға баттық, жаман да зұлым істер жасап, саған қарсы шықтық+. Сенің бұйрықтарың мен заңдарыңнан тайып кеттік. 6 Сенің атыңнан патшаларымызға, әміршілерімізге, ата-бабаларымызға, еліміздегі бүкіл халыққа сөйлеген қызметшілерің — пайғамбарларға құлақ аспадық+. 7 Уа, Ехоба, сен әділсің, ал біз бүгінде қарабет болып отырмыз. Бәріміз де — Яһуданың адамдары, Иерусалим тұрғындары, саған опасыздық жасағаны үшін алыс-жақын жерлерге бытыратып жіберген бүкіл Исраил+ — ұятқа қалып отырмыз.
8 Уа, Ехоба, сенің алдыңда күнә жасап, өзіміз де, патшаларымыз да, әміршілеріміз бен ата-бабаларымыз да қарабет болдық. 9 Ехоба Құдайымыз, сен мейірімді де кешірімшілсің+, ал біз саған қарсы бас көтердік+. 10 Ехоба Құдайымыз, саған құлақ аспай, қызметшілерің — пайғамбарлар арқылы берген заңдарыңмен жүрмедік+. 11 Бүкіл Исраил айтқандарыңды тыңдамай, Заңыңды бұзып, сырт айналды. Сондықтан да шынайы Құдайдың қызметшісі Мұсаның Заңындағы антпен бекітілген қарғысты басымызға жаудырдың+. Өйткені саған қарсы күнә жасадық. 12 Сен бізге және билеушілерімізге айтқан сөздеріңді орындап+, бізді зор апатқа ұшыраттың. Иерусалимге түскен мұндай апат аспан астында бұрын-соңды болған емес+. 13 Осы апаттың бәрі Мұса Заңында қалай жазылса, дәл солай басымызға түсті+. Сонда да біз күнәларымызды доғарып, шындығыңды* түсінуге ден қойып, сенен, Ехоба Құдайымыз, рақым етуіңді сұрап жалбарынбадық+.
14 Сондықтан, Ехоба, өзің жіті бақылап, бізге апат жібердің. Өйткені, Ехоба Құдайымыз, сен бүкіл іс-әрекетіңде әділсің, бірақ біз айтқандарыңа мойынсұнбадық+.
15 Уа, Құдайымыз Ехоба, өз халқын Мысырдан құдіретті қолымен+ алып шығып, есімінің даңқын шығарған Құдай (бұл әлі күнге дейін солай+), біз сенің алдыңда күнәға батып, зұлымдыққа салындық. 16 Әрдайым әділ әрекет етіп+ келген сен, уа, Ехоба, өз қалаң Иерусалимге, қасиетті тауыңа, деген ашуың мен қаһарыңнан қайта көр. Себебі біздің күнәларымыз бен ата-бабаларымыздың қылмыстарының кесірінен Иерусалим мен сенің халқың айналамыздағылардың бәріне масқара болып отыр+. 17 Уа, Құдайымыз, мендей құлыңның дұғасы мен өтінішін естіп, қаңырап жатқан қасиетті орныңа+, Ехоба, өз есімің үшін жүзіңнің нұрын төге көр+. 18 Құлақ сал, уа, Құдайым, ести көр! Өз есіміңмен аталған қаламыздың қаңырап бос жатқан мүшкіл күйіне назар сала көр. Біз әділ болғандықтан емес, сенің мейірімің зор болғандықтан өтінудеміз+. 19 Уа, Ехоба, тыңдай көр! Уа, Ехоба, бізді кешіре көр+! Уа, Ехоба, назар салып, әрекет ете көр! Уа, Құдайым, өз есімің үшін тездете көр, өйткені қалаң да, халқың да сенің атыңмен аталады+”.
20 Мен әлі де дұға айтып, өзімнің және халқым Исраилдің күнәсін мойындап, Құдайым Ехобадан қасиетті тауына+ рақым етуін өтініп тұрған едім. 21 Иә, әлі де дұға айтып тұрғанымда, алдыңғы көріністе көрген+ адам кейпіндегі Жәбірейіл+ келді, мен қатты шаршап тұрған едім. Бұл шамамен кешкі сый-тарту ұсынылатын уақыт болатын. 22 Ол маған түсінік беріп, былай деді:
“Даниял, мен саған ақыл-парасат пен түсінік беру үшін келдім. 23 Өтінішіңді айта бастағанда-ақ, жауап берілді, міне, соны саған айтуға келдім. Өйткені сен аса бағалы* жансың+. Сондықтан мына жайтқа ден қойып, көріністің мәнін ұғып ал.
24 Қылмысты тоқтату үшін, күнәні құрту үшін+, заңсыздықтардың құнын өтеу үшін+, әділдікті мәңгілікке орнату үшін+, аяндар мен пайғамбарлықтарды мөрмен бекіту үшін+ және Ең қасиетті бөлмені майлау үшін, халқың мен қасиетті қалаңа+ 70 апта* белгіленді. 25 Сен мынаны біліп, ұғып ал: Иерусалимді қалпына келтіріп, қайта тұрғызу+ жайлы жарлық шыққаннан бастап Мәсіх*+ Көсем+ келгенге дейін 7 апта және 62 апта өтеді+. Иерусалим, өзінің алаңымен және айналасындағы қазылған орымен қоса, қалпына келтіріліп, қайта тұрғызылады, бірақ бұл қиын-қыстау кезеңде болады.
26 62 аптадан кейін Мәсіх өлтіріліп+, ештеңесіз қалады+.
Бір басшының әскерлері келіп, қаланы да, қасиетті орынды да қиратады+. Топан судай қалың қол оның түбіне жетеді. Ақыры келгенше, онда соғыс болады+. Бұл жер, Құдайдың шығарған шешіміне сай, қаңырап бос қалады.
27 Ол көп адам үшін жасаған келісімді бір аптаға күшінде қалдырады. Сол аптаның жартысында ол құрбандық пен сый-тарту ұсынуды тоқтатады+.
Жеркенішті нәрселердің қанатында қаңыратып бос қалдырушы болады+. Қаңырап бос жатқан құрып жоқ болмайынша, Құдайдың қабылдаған шешімі оның да басына түседі”.