Мұсаның 3-жазбасы
15 Ехоба әрі қарай Мұсаға былай деді: 2 “Исраилдіктерге мынаны айт: —Егер еркектің жыныс мүшесінен* ірің ағатын болса, бұдан ол таза емес болады+. 3 Ірің жыныс мүшесінен ағып жатса да, оны бітеп қалса да, адамды арамдайды.
4 Мүшесінен ірің аққан еркек жатқан төсек те, отырған зат та арамдалады. 5 Кім оның төсегіне тисе, сол адам киімін жуып, суға шомылсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады+. 6 Ал кімде-кім оның отырған затына отырса, киімін жуып, суға шомылсын, ол кешке дейін таза емес болып саналады. 7 Оның денесіне бір жері тиген адам да киімін жуып, суға шомылсын, ол кешке дейін таза емес болып саналады. 8 Ал оның түкірігі шашыраған адам киімін жуып, суға шомылсын, ол кешке дейін таза емес болып саналады. 9 Мүшесінен ірің аққан еркек отырған ер-тоқым арамдалады. 10 Сондай-ақ ол отырған кез келген зат кешке дейін арам болады. Мұндай затты көтерген адам киімін жуып, суға шомылсын, ол кешке дейін таза емес болып саналады. 11 Мүшесінен ірің аққан+ еркек қолын жумай біреуді ұстаған болса, сол адам киімін жуып, суға шомылсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады. 12 Мүшесінен ірің аққан еркек ұстаған қыш ыдысты сындырып тастау керек, ал ағаш ыдысты сумен жуу қажет+.
13 Ер адамның мүшесінен ірің ағуы тоқтаса, бұдан жеті күн өткен соң, ол киімін жусын және ағын суға шомылсын, сонда таза болады+. 14 Сегізінші күні екі кептер не екі жас көгершінді+ Ехобаның алдына, кездесу шатырының кіреберісіне, әкелсін де, діни қызметкерге берсін. 15 Діни қызметкер олардың бірін күнә үшін құрбандыққа, екіншісін түгел өртелетін құрбандыққа шалып, Ехобаның алдында сол адамды арамдаған нәрсесінен тазартады*.
16 Егер ер адамның шәуеті ақса, денесін түгелдей сумен жусын, ол кешке дейін таза емес болып саналады+. 17 Оның шәуеті тиген кез келген киім және былғары бұйым сумен жуылсын, олар кешке дейін таза емес болып саналады.
18 Еркек әйелмен жақындасып, шәуеті ақса, екеуі де сумен жуынсын. Олар кешке дейін таза емес болып саналады+.
19 Егер әйелдің етеккірі келсе, одан таза емес деп саналатын уақыты жеті күнге созылады+. Әйелге жанасқан кез келген адам кешке дейін таза емес болып саналады+. 20 Етеккірі келіп жүрген әйел жатқан және отырған нәрсенің бәрі арамдалады+. 21 Оның төсегіне тиген әркім киімін жуып, суға шомылсын, ол кешке дейін таза емес болып саналады. 22 Әйел отырған нәрсеге тиген әркім де киімін жуып, суға шомылсын, ол кешке дейін таза емес болып саналады. 23 Мейлі, әйел жатқан төсекке немесе отырған нәрсеге тисін, ол кешке дейін таза емес болып саналады+. 24 Егер еркек әйелмен жақындасқанда, әйелдің етеккірі келіп қалса+, еркек жеті күн бойы таза емес болып саналады. Осындай еркек жатқан кез келген төсек те арамдалады.
25 Егер әйелден әдеттегі етеккірінен басқа кезде ұзақ уақыт бойы қан кетсе+ немесе етеккірінің уақыты әдеттегіден ұзағырақ болса+, ол осы күндердің бәрінде, етеккірі кезіндегідей, таза емес болып саналады. 26 Сонымен қатар осы күндері бұл әйел жатқан төсек+ және отырған кез келген нәрсе, етеккірі келген кездегідей, таза емес болып саналады. 27 Оларды ұстаған әркім таза емес болады. Бұл адам киімін жуып, суға шомылсын, ол кешке дейін таза емес болып саналады+.
28 Әйел қаны тоқтағаннан кейін жеті күн күтсін, содан соң таза болып есептеледі+. 29 Сегізінші күні ол екі кептерді не екі жас көгершінді+ кездесу шатырының кіреберісіне әкеліп, діни қызметкерге берсін+. 30 Діни қызметкер оның бірін күнә үшін құрбандыққа, екіншісін түгел өртелетін құрбандыққа шалады. Сөйтіп, ол әйелді Ехобаның алдында арамдаған нәрсесінен тазартады*+.
31 Осылай сендер исраилдіктерді таза емес нәрселерден сақтаңдар. Әйтпесе олар араларында тұрған киелі шатырымды таза емес нәрселерімен арамдағаны үшін өліп кетеді+.
32 Бұл заң — жыныс мүшесінен ірің не шәует ағып, таза емес болған еркекке+, 33 етеккірі келгенде таза емес болған әйелге+, тәнінен сұйықтық аққан әйел не еркекке+, сондай-ақ таза емес болған әйелмен бір төсекте жатқан еркекке қатысты берілді”.