Мұсаның 5-жазбасы
8 Бүгін мен сендерге беріп отырған заңдардың бәрін ұқыптылықпен орындаңдар. Сонда ұзақ өмір сүріп+, өсіп-өніп, Ехоба ата-бабаларыңа уәде еткен жерге кіріп, оны иемденесіңдер+. 2 Ехоба Құдайларың сендерді кішіпейілділікке үйрету үшін, сондай-ақ сынап+, жүректеріңде не бар екенін+, заңдарын ұстанасыңдар ма, жоқ па — соны білу үшін, шөл даламен 40 жыл бойы жүргізген ұзақ жолды ұмытпаңдар+. 3 Адам тек нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүретінін білулерің үшін+, ол сендерді ашықтырып+, өздерің де, ата-бабаларың да білмеген маннамен тамақтандырып+, кішіпейілділікке үйретті. 4 40 жыл бойы үстеріңдегі киімдерің тозбады, аяқтарың да ісінбеді+. 5 Ехоба Құдайларың сендерді, баласын түзететін әкедей, түзетіп отырғанын да жақсы білесіңдер+.
6 Ехоба Құдайларыңның жолымен жүре отырып әрі одан қорқа отырып, заңдарын орындайтын болыңдар. 7 Себебі Ехоба Құдайларың сендерді аңғарларында аққан өзендері бар, жазық жері мен таулы өңірінде бұлақтары мен мол су көздері бар шұрайлы жерге алып бара жатыр+. 8 Ол жерде бидай, арпа, жүзім, інжір, анар+, зәйтүн майы мен бал ағыл-тегіл мол+. 9 Азық-түліктен тапшылық көрмейсіңдер, еш нәрсеге мұқтаж болмайсыңдар. Сол өңірдің тастарында темір, тауларында өндіретін мыс көп.
10 Ішіп-жеп тойынғанда, сендерге осы шұрайлы жерді бергені үшін Ехоба Құдайларыңды мадақтайтын болыңдар+. 11 Ехоба Құдайларыңды ұмытып, бүгін өздеріңе бұйырып отырған оның заңдарын, шешімдері мен нұсқауларын орындамай жүруден сақ болыңдар. 12 Ішіп-жеп тойынып, әдемі үй салып қоныстанып алғанда+, 13 отар-табындарың көбейіп, алтын-күмістерің мен дүние-мүлкің молайғанда, 14 жүректеріңе менмендік ұялап+, өздеріңді Мысыр елінен, құлдық үйінен, алып шыққан Ехоба Құдайларыңды ұмытып кетпеңдер+. 15 Ол сендерді улы жыландар мен сарышаяндар жорғалаған, сусыз қуаң, ұлан-ғайыр да қорқынышты шөлмен алып өтті+. Шақпақтастан су ағызды+, 16 сондай-ақ болашақта игілігін көрсін деп+, сендерді кішіпейілділікке үйрету+ және сынау үшін шөл далада ата-бабаларың білмеген маннамен тамақтандырды+. 17 Егер көкейлеріңе “бұл байлықтың бәрін өз күшіммен, өз қолыммен таптым” деген ой келсе+, 18 онда мұндай байлықты табуға күш беріп жатқан Ехоба Құдайларың екенін еске алыңдар+. Ол бұны ата-бабаларыңа ант беріп жасаған келісімін орындау үшін істеді, бұл солай болды да+.
19 Ал егер Ехоба Құдайларыңды ұмытып, басқа құдайларға бет бұрып, тағзым етіп, құлшылық етер болсаңдар, бүгін мықтап ескертіп қояйын, сендер сөзсіз құрисыңдар+. 20 Ехоба көз алдарыңда халықтарды қалай жойып жатса, сендер де солай жойыласыңдар, өйткені Ехоба Құдайларыңның даусына құлақ аспайсыңдар+.