Самуилдің 1-жазбасы
17 Філістірлер+ қол жинап, шайқасқа дайындалды. Яһуда жеріндегі Соқотта+ бас қосқан олар Соқот пен Әзектің+ арасындағы Ефес-Дамимге+ қос тікті. 2 Саул мен исраилдіктер де Елах аңғарында+ қос тігіп, філістірлерге қарсы сап түзеді. 3 Філістірлер бір таудың, исраилдіктер болса екіншісінің беткейіне орналасты, ал араларында аңғар жатты.
4 Філістірлер қосынан жекпе-жекке ғаттық+ батыр Ғолият шықты+. Оның бойы алты шынтақ бір қарыс* еді. 5 Басына мыс дулыға, үстіне салмағы 5000 шекел* қабыршақ іспетті мыс сауыт+ киген екен. 6 Аяқтарына мыс балтырлық таңып, арқасына мыс сүңгі асыныпты+. 7 Найзасының ағаш сабы тоқымашы өрмегін керетін кергі ағаш сияқты екен+, ал темір ұштығының салмағы 600 шекел* болатын. Ғолияттың алдында бір сарбаз оның үлкен қалқанын көтеріп жүрді. 8 Ғолият алға шығып, сапта тұрған Исраил сарбаздарына былай деп айғайлады+: “Сендер несіне сап түзеп тұрсыңдар? Мен філістір батырымын! Ал сендер Саулдың қызметшісі емессіңдер ме? Араларыңнан біреуді таңдаңдар, ол менің қасыма келсін. 9 Егер жекпе-жекте ол мені өлтірсе, біз сендерге құл боламыз. Ал егер мен оны жеңіп, көзін құртсам, сендер бізге құл болып, қызмет етесіңдер”. 10 Сосын ол: “Мен бүгін Исраил жасағын масқара қыламын+! Кәне, менімен шайқасатын адамды жіберіңдер!”— деп қосты.
11 Саул мен күллі Исраил мұны естігенде, зәрелері қалмай қорықты.
12 Дәуіт Яһуда жеріндегі Бетлехемде+ тұратын ефраталық+ Есей+ деген кісінің ұлы болатын. Есейдің сегіз ұлы болды+. Саул патшалық құрған кезде ол егде тартып қалған еді. 13 Оның үш үлкен ұлы — тұңғышы Елияп+, одан кейінгі Әбинадап+ және Шамах+ Саулдың жасағына қосылып, соғыста жүрді+. 14 Дәуіт кенжесі болатын+, ал үлкен үш ұлы Саулға еріп кеткен еді.
15 Дәуіт Саулға қызмет етіп жүргенде, әкесінің қойын бағу үшін+ Бетлехемге келіп-кетіп тұратын. 16 Ал әлгі філістірлік болса 40 күн бойы күніне екі рет, таңертең және кешке, исраилдіктердің алдына шығып тұрды.
17 Бірде Есей Дәуітке былай деді: “Балам, бір ефа* қуырылған бидай мен он күлше нан ал да, тездетіп қостағы ағаларыңа апара қойшы. 18 Мына он өлшем ірімшікті* мыңбасына бер. Ағаларыңның хал-жағдайын біліп, амандығына көз жеткізетін бірдеңе ала кел”. 19 Бұл кезде Саул мен сарбаздары Елах аңғарында+ філістірлермен шайқасып жатқан еді+.
20 Дәуіт ерте тұрып, қойларын күзетшіге табыстады да, әкесінің айтқандарының бәрін алып, жолға шықты. Ол қосқа жақындағанда, сарбаздардың атой салып, соғыс алаңына шығып жатқанын көрді. 21 Исраил мен філістір сарбаздары бір-біріне қарсы сап түзеді. 22 Дәуіт әкелгендерін жүк басындағы күзетшіге тастай сала, сапта тұрған ағаларына жүгіріп барып, амандық сұрады+.
23 Ол ағаларымен сөйлесіп тұрғанда, філістір батыры, әлгі ғаттық Ғолият саптан алға шығып+, бұрын айтқан сөздерін қайталап айғайлай бастады+. Оны Дәуіт те естіді. 24 Исраил сарбаздары Ғолиятты көргенде, зәрелері қалмай, қаша жөнелді+. 25 Олар өзара: “Мына адамды көрдіңдер ме? Ол Исраилді мазақ ету үшін шығып жүр+. Оны өлтірген адамға патша көп байлық сыйлап, қызын береді+, ал әкесінің үй ішін барлық міндетті борыштан босатады”,— десті.
26 Сонда Дәуіт қасында тұрғандарға: “Мына філістірді өлтіріп, Исраилді масқарадан арылтқан адамға не беріледі? Тірі Құдайдың жасағын қорлайтындай бұл сүндеттелмеген філістір кім сонша+?!”— деді. 27 Олар “оны өлтірген адамға мынадай-мынадай нәрселер беріледі” деп, айтқан сөздерін қайталады. 28 Дәуіттің сарбаздармен сөйлесіп жатқанын үлкен ағасы Елияп+ естіп қалып, оған қатты ашуланып: “Мұнда неменеге келдің? Ана азғана қойды айдалада кімге қалдырдың+? Сенің менмендігің мен арам пиғылыңды білемін. Мұнда шайқасты көруге келдің ғой?!”— деп ұрысты. 29 Дәуіт болса: “Мен не істедім сонша? Жай ғана сұрақ қойдым ғой!”— деп жауап берді. 30 Сосын бұрылып, тағы біреуге сол сұрақты қойды+, жұрттың жауабы әлгіндегідей болды+.
31 Дәуіттің сөзін естігендер мұны патшаға айтты, сонда патша оны шақыртып алды. 32 Дәуіт оған: “Ешкім қорықпай-ақ қойсын. Қызметшіңіз мына філістірмен шайқасуға дайын”,— деді+. 33 Бірақ Саул: “Сен онымен шайқаса алмайсың. Әлі жассың ғой+, ол болса бала кезінен машықтанған сарбаз”,— деп жауап берді. 34 Дәуіт мынаны айтты: “Қызметшіңіз әкесінің қойын бағып келеді. Кейде малға арыстан+ не аю шауып, қойлардың біреуін алып кететін. 35 Мен жыртқышты қуып жетіп, бас салатынмын да, малды аранынан құтқарып алатынмын. Ал өзіме тап берсе, жүнінен шап беріп ұстап алып, өлтіріп тастайтынмын. 36 Осылай қызметшіңіз арыстанды да, аюды да өлтірген. Тірі Құдайдың жасағын мазақ еткені үшін мынау сүндеттелмеген філістір де солардың кебін киеді+!” 37 Сосын: “Мені арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарған Ехоба мына філістірден де құтқарады!”+— деп қосты. Сонда Саул: “Онда бар, Ехоба саған жар болсын!”— деді.
38 Саул Дәуітке өзінің киімін беріп, басына мыс дулығасын, үстіне сауытын кигізді. 39 Дәуіт патшаның семсерін де тағып алып, әрі-бері жүруге тырысып еді, үйренбегендіктен жүре алмады. Сондықтан ол Саулға: “Мен мыналарды киіп жүре алмаймын, бұған үйренбегенмін”,— деп, шешіп тастады. 40 Ол таяғын алды да, сайдан бес жұмыр тас теріп алып, дорбасына салды. Сосын сақпанын+ қолына алып, філістірге қарай беттеді.
41 Філістір де оған жақындай түсті, оның қалқанын алып жүрген сарбаз болса алдында жүрді. 42 Дәуіттің екі беті нарттай, келбетті жас жігіт+ екенін көргенде, філістір оны менсінбей: 43 “Маған таяқ алып шығатындай, мені ит деп пе едің+?!”— деп, құдайларының атымен қарғап-сіледі. 44 Бұдан кейін: “Бермен кел! Мен сені ит пен құсқа жем қылайын!”— деді.
45 Дәуіт оған былай жауап берді: “Сен маған қарсы семсер, найза, сүңгі алып келе жатырсың+. Ал мен өзің мазақ еткен+ Исраил жасағының Құдайы — Әскербасы Ехобаның атымен келе жатырмын+. 46 Бүгін Ехоба сені аяғыма жығып береді+. Мен сені өлтіріп, басыңды шауып аламын. Ал філістір сарбаздарының өлексесін ит пен құсқа жем қыламын. Сонда жер бетіндегілердің бәрі Исраилде Құдай бар екеніне көз жеткізеді+! 47 Мынау жиналған жұрт мынаны да білетін болады: құтқару үшін Ехобаға семсердің де, найзаның да қажеті жоқ+! Себебі бұл — Ехобаның шайқасы+. Ол сендерді аяғымызға жығып береді+”.
48 Сонда філістір аяңдап басып, Дәуітке жақындай түсті, бірақ Дәуіт онымен беттесу үшін, лезде соғыс шебіне қарай жүгіре жөнелді. 49 Ол дорбасынан бір тасты ала сала, сақпанына салып, атып жіберді. Тас філістірдің қақ маңдайына тиіп, тесіп кіріп кетті. Філістір тұрған жерінде етпетінен сұлап түсті+. 50 Осылайша Дәуіт сақпанмен атқан жалғыз таспен філістірді жер құштырып, одан күшті болып шықты. Оның қолында тіпті семсер де болған жоқ+. 51 Ол жүгірген күйі сұлап жатқан філістірдің қасына барды. Сосын оның семсерін қынабынан суырып алып+, басын шауып алды. Ал філістірлер батырларының өлгенін көріп, қаша жөнелді+.
52 Исраил мен Яһуда сарбаздары жаппай көтеріліп, атойлап, жауларының соңына түсті де, аңғарға+ және Екрон+ қақпасына дейін қуды. Жер құшқан філістір сарбаздары Шағаримнен+ шығатын жолда Ғат пен Екронға дейін сұлап жатты. 53 Бұдан кейін исраилдіктер қайта оралып, філістірлердің қостарын тонады.
54 Дәуіт болса Ғолияттың басын Иерусалимге әкелді, ал қару-жарағын өз шатырына апарып қойды+.
55 Дәуіт філістірмен беттесуге кетіп бара жатқанда, Саул қолбасшысынан: “Әбінер+, мына жігіт кімнің баласы+?”— деп сұрады. Ол: “Шын айтамын*, тақсыр, білмейді екенмін”,— деп жауап берді. 56 Патша: “Онда кімнің баласы екенін біліп кел!”— деп бұйырды. 57 Дәуіт Ғолиятты жеңіп келгенде, Әбінер оны Саулдың алдына ертіп әкелді. Ол әлі де Ғолияттың басын+ ұстап тұрған еді. 58 Саул Дәуіттен: “Жігітім, кімнің баласысың?”— деп сұрады. Ол болса: “Бетлехемдегі+ Есей+ деген қызметшіңіздің баласы боламын”,— деді.