Салоникалықтарға 2-хат
1 Мен, Пауыл, қасымда Силуан* мен Тімөте+ бар, Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіхпен бірліктегі салоникалықтардың қауымына жазып отырмын.
2 Құдай Әке және Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын!
3 Бауырластар, сендер үшін Құдайға үнемі алғыс білдіруге міндеттіміз, бұл дұрыс та, өйткені сенімдерің барынша нығаюда, сондай-ақ жеке әрқайсысыңның және бәріңнің бір-біріңе деген сүйіспеншіліктерің де артып келеді+. 4 Сондықтан бастарыңа түскен қудалау мен қиыншылықтарда+ көрсеткен табандылықтарың мен сенімдерің жайлы Құдайдың өзге қауымдарында айтып, мақтан етіп жүрміз+. 5 Мұның бәрі — Құдайдың әділ соттайтындығының дәлелі. Сондықтан Құдай Патшалығы үшін азап шегіп жатқан сендерді ол соған кіруге лайық деп есептейді+.
6 Құдайдың әділдігі мынада: ол сендерді қинағандарды қинап, қарымтасын қайтарады+. 7 Ал қиыншылық көріп жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық береді. Бұл Иеміз Иса құдіретті періштелерімен+ жалындаған отпен көктен ашық көрінгенде болады+. 8 Сол кезде Құдайды білмейтіндер мен Иеміз Иса туралы ізгі хабарға мойынсұнбайтындардан кек алынады+. 9 Олар жазаланады да, мәңгіге жойылып+, Иеміздің алдынан және оның ұлы құдіретінен аластатылады. 10 Сол кезде ол қасиеттілерімен бірге ұлылыққа бөлену үшін келеді және сенгендердің бәрі сол күні оған таңғалады. Біз берген куәлікке сенгендіктен, сендер де солардың арасында боласыңдар.
11 Сондықтан сендер үшін үнемі дұға етіп, мынаны сұраймыз: Құдайымыз сендерді шақыруына лайық деп тапсын+, құдіретті күшімен өзіне ұнамды игіліктердің бәрін толығымен жүзеге асырып, сенімдеріңнің талпындыруымен атқарып жүрген істі аяғына дейін жеткізсін. 12 Сонда сендер арқылы Иеміз Исаның есімі даңқталады, онымен бірліктегі сендер де даңққа бөленесіңдер. Бұл Құдайымыз бен Иеміз Иса Мәсіхтің рақымының арқасында жүзеге асады.