Ехоба зұлымдарға шығарған үкімін жүзеге асырады
“Құдайыңмен кездесуге дайындал” (АМОС 4:12).
1, 2. Құдайдың зұлымдықты жоятынына неге сенімді болуымызға болады?
ЕХОБАНЫҢ жер бетіндегі зұлымдық пен қайғы-қасіретті жоятын кезі келе ме? Бүгінде, XXI ғасырдың басында, бұл — әсіресе өзекті сұрақ. Қайда қарамайық, айналамыз адамдар бір-біріне жасап жатқан қиянатқа толы сияқты. Зұлымдық пен терроризмнен, жемқорлықтан құтылатын өмірді қалай асыға күтудеміз десеңдерші!
2 Бақытымызға орай, Ехобаның зұлымдықты жоятындығына толық сенімді бола аламыз. Ехобаның қасиеттерінің өзі оның зұлымдарды жазасыз қалдырмайтынына сендіреді. Ехоба — әділ әрі туралықты жақтаушы Құдай. Забур 32:5-те былай делінген: “Ол — әділдік пен сотты [“туралықты”, ЖД] сүюші Құдай”. Ал тағы бір Забур жырында: “Ұждансыздар мен зорлық-зомбылықты сүйетіндерді ол [Ехоба] жек көреді”,— деп айтылған (Забур 10:5). Олай болса, әділдік пен туралықты жақтаушы құдіретті Құдай Ехоба өзі жек көретін нәрселерге, әрине, мәңгі шыдап отыра бермейді.
3. Амостың пайғамбарлығын әрі қарай талқылау барысында қандай ерекшеліктерге көңіл бөлінеді?
3 Ехобаның зұлымдықты жоятынына сенімді болудың өзге де себебі бар. Бұған Ехобаның бұрынғы уақытта істеген істері көзімізді жеткізеді. Амостың кітабынан Ехобаның зұлымдарға қалай қарайтыны туралы айқын мысалдар табуға болады. Амостың кітабын әрі қарай қарастыра отырып, біз Ехобаның жазалауының үш ерекшелігін көреміз. Біріншіден, ол жазаға лайықтыларды жазалайды. Екіншіден, жаза іске аспай қалмайды. Үшіншіден, ол іріктеп жазалайды, себебі Ехоба зұлымдарды жазалағанымен, күнәларына өкінген және әділ адамдарға рақымын түсіреді (Римдіктерге 9:17—26).
Құдай әрқашан жазаға лайықтыларды жазалайды
4. Ехоба Амосты қайда және не мақсатпен жіберді?
4 Амос өмір сүрген уақытта ертедегі Исраил патшалығы екіге бөлініп кеткен еді. Біреуі екі рулы оңтүстік Яһуда болса, екіншісі он рулы солтүстік Исраил патшалығы болатын. Ехоба Амосты пайғамбар етіп тағайындап, өзінің туған қаласы Яһудадан Исраил еліне жібереді. Мұнда ол Құдайдың үкімін жариялау керек еді.
5. Амос алдымен қандай мемлекеттерге қарсы пайғамбарлық етті және неге олар Құдайдың жазасына лайық болды?
5 Амос Ехобаның үкімін жариялауды жолдан тайған солтүстік Исраил патшалығынан бастаған жоқ. Ол үкімді жариялауды Исраилдің айналасында орналасқан алты мемлекеттен — Сирия, Філістір, Тир, Едом, Аммон және Моабтан — бастады. Бұл мемлекеттер, расында да, жазалауға лайық па еді? Әрине! Олардың бәрінде бір ортақ нәрсе бар еді: олар Ехоба халқының қас жаулары болған.
6. Неге Құдай Сирияға, Філістірге және Тирді қасіретке ұшыратуды шешті?
6 Мысалы, Ехоба сириялықтарға ‘Ғалақадты темір мала таспен бастырғаны’ үшін үкім шығарған (Амос 1:3). Сириялықтар Ғалақадтың бір бөлігін — Иордан өзенінің шығысындағы Исраилдің аумағын — жаулап алып, ондағы Құдай халқына қатты қысым көрсеткен. Ал Філістір мен Тир туралы не деуге болады? Філістірлер исраилдіктерді қаңғытып жібергендері, яғни тұтқынға алып, едомдықтарға құлдыққа сатқаны үшін айыпты болған, ал кейбір исраилдіктер Тирдің құл сатушыларының қолына түскен (Амос 1:6, 9). Көз алдарыңа елестетіп көріңдерші: Ехобаның халқын құлдыққа сатуда! Олай болса, Ехобаның Сирияға, Філістір мен Тирге қасіретке ұшырайтынын жариялағанына таңғалуымыз керек пе?
7. Едом, Аммон және Моабтың Исраилмен қандай байланысы бар, бірақ олар исраилдіктерге қалай қараған?
7 Едом, Аммон және Моаб үшеуінің де Исраилмен өзара ортақ нәрселері бар. Үшеуі де исраилдіктердің туысы болған. Едомдықтар Ыбырайымның үрім-бұтағынан шыққан, әрі Жақыптың сыңары Есаудың ұрпағы болған. Олай болса, олар қандай да бір мағынада исраилдіктердің бауырлары болған. Аммондықтар мен моабтықтар Ыбырайымның немере інісі Луттан тараған. Бірақ Едом, Аммон және Моаб исраилдіктерге бауыры ретінде қарады ма? Жоқ! Едом қатыгездікпен “өз бауырын семсермен қудалаған”, ал аммондықтар исраилдік тұтқындарға ерекше жауыздықпен қараған (Амос 1:11, 13). Амос Моабтың Құдай халқына жасаған жамандықтары туралы тікелей айтпаса да, моабтықтар да көп жылдар бойы Исраилге қарсылық көрсеткен. Бұл үш туысқан мемлекеттің тартатын жазасы қатаң болмақ. Ехоба оларды отпен құртатынын уәде еткен.
Құдайдың жазасы іске аспай қалмайды
8. Неге алты халықтың жазадан қашып құтылуы мүмкін емес еді?
8 Сөз жоқ, Амостың пайғамбарлығында бірінші аталған бұл алты мемлекет Құдайдың жазалауына лайық еді. Оның үстіне, олар үшін жазадан құтылу мүмкін емес болған. Амос 1:3-тармағынан бастап 2:1 дейінгі тармақтарда Ехоба алты рет: “Аямаймын”,— деп қайталайды. Ехоба өз сөзінде тұрып, бұл халықтарға шығарған қатаң үкімін орындаудан бас тартпады. Бұл алты мемлекеттің де ақыр соңында апатқа ұшырағанын тарих көрсетіп отыр. Ақырында, олардың төртеуі — Філістір, Моаб, Аммон және Едом — жер бетінен тіпті із-түзсіз жойылып кетті.
9. Яһуданың тұрғындары неге лайық болған және не себептен?
9 Амос енді жетінші мемлекетке, яғни өз отаны Яһудаға, қатысты пайғамбарлық етеді. Солтүстік Исраил патшалығындағы тыңдаушыларға Амостың Яһуда патшалығына Құдайдың үкімін жариялағанын есту таңғаларлық жайт болса керек. Неліктен Яһуданың тұрғындары қатаң жазаға лайықты болды? Амос 2:4-те: “Себебі Тәңірдің заңдарынан бас тартты”,— делінген. Ехоба олардың Заңды әдейі ескермегендеріне көз жұмған жоқ. Амос 2:5-ке сәйкес, ол: “Яһудаға от жіберем, ол Иерусалимнің үйлерін жалмайды”,— деп алдын ала айтады.
10. Неге Яһуда жазадан қашып құтыла алмады?
10 Құдайдан безген Яһуда төніп келе жатқан бұл апаттан құтыла алмайды. Себебі Ехоба жетінші рет те: “Аямаймын”,— деп айтты (Амос 2:4). Алдын ала айтылғандай, Яһуда б. з. б. 607 жылы бабылдықтар келіп талқандағанда, сазайын тартқан. Бұл зұлымдардың Құдайдың жазасынан қашып құтыла алмайтындығын тағы да көрсетеді.
11—13. Амос бірінші кезекте қандай елге қарсы пайғамбарлық еткен және онда қысымшылықтың қандай түрлері етек алған еді?
11 Амос пайғамбар Ехобаның жеті халыққа шығарған үкімін жариялады. Амос осымен пайғамбарлық етуін аяқтады деп ойлаған адам қателескен болар еді. Амостың айтатыны әлі көп! Амос бірінші кезекте қатаң үкімді жариялауға он рулы солтүстік Исраил патшалығына жіберілген болатын. Исраил Құдайдың жазасына лайық болды, себебі қанша өкінішті болғанымен, халық құлықтылық жағынан да, рухани жағынан да бұзылған еді.
12 Амостың пайғамбарлығы Исраил патшалығындағы кеңінен етек алған қысымды әшкерелейді. Ол туралы Амос 2:6, 7-тармақтарда былай жазылған: “Исраилді үш қылмысы үшін де, төрт қылмысы үшін де аямаймын, өйткені әділді күміске, кедейді бір жұп аяқ киімге сатады. Кедейлердің бастарына топырақ шашылғанын аңсап, момындардың жолын бұрмалайды”.
13 Әділдерді “күміске” сатқаны билердің пара алып, кінәсіздерді жазалағанын білдірсе керек. Несие берушілер кедейді “бір жұп аяқ киімге” құлдыққа сатқан, бәлкім, осылай өздерінің болмашы қарыздарын қайтарса керек. Қатыгез адамдардың кедейлерге жәбір көрсетуді “аңсағаны”, яғни барынша тырысқаны соншалық, олар мұңайып, қайғы-қасірет пен жәбір көргендіктерінің белгісі ретінде бастарына топырақ сепкен. Жемқорлықтың етек алғаны сонша, момын адамдардың әділеттік табуға титтей де болса үміті қалмаған.
14. Он рулы Исраилде жәбір көрушілер кімдер болған?
14 Жәбір көрушілердің кім болғанына назар аударыңдаршы. Бұлар әділдер, кедейлер және елдің момындары еді. Ехобаның Исраилмен жасаған Заң келісімі әлсіздер мен мұқтаждарға жанашырлық көрсетуді талап ететін. Алайда он рулы Исраилде мұндай адамдардың халі, расында да, мүшкіл болған.
“Құдайыңмен кездесуге дайындал”
15, 16. а) Неліктен исраилдіктерге: “Құдайыңмен кездесуге дайындал”,— деген ескерту берілген? ә) Амос 9:1, 2-де зұлымдардың Құдайдың жазасынан құтыла алмайтыны қалай көрсетілген? б) Б. з. б. 740 жылы он рулы Исраил патшалығымен не болды?
15 Исраил елі азғындық пен басқа да күнәға белшесінен батқандықтан, Амос пайғамбардың: “Құдайыңмен кездесуге дайындал”,— деп бүлікші халыққа ескертуі өте орынды болған (Амос 4:12). Жолдан тайған Исраил төніп келе жатқан Құдайдың жазасынан қашып құтыла алмайды, себебі Ехоба сегізінші рет: “Аямаймын”,— деп жариялаған (Амос 2:6). Өзінен жасырынып қалуға тырысатын зұлымдар туралы Құдай былай дейді: “Қашқанның ешқайсысы да құтыла алмайды, аман қалғысы келгеннің ешбірі де аман қалмайды. Олар көрге тығылса да, Менің қолым оларды алып шығады; көкке шықса да, ол жерден құлатам” (Амос 9:1, 2).
16 Зұлымдар “көрге”, басқаша айтқанда, жердің ең терең үңгіріне тығылса да, Ехобаның жазасынан құтыла алмайды. Сондай-ақ олар “көкке шықса да”, биік тауға шығып қорған табуға тырысса да, Құдайдың жазасынан қашып құтыла алмайды. Ехоба анық айтып ескерткен еді: одан жасырынып қалу мүмкін емес. Құдайдың әділдігі солтүстік патшалықтың өз зұлым әрекеттеріне жауап беру керектігін талап етті. Бұл уақыт келді де. Амостың пайғамбарлығы жазылғаннан кейін шамамен 60 жылдан соң, б. з. б. 740 жылы Исраилдің солтүстік патшалығын ассириялықтар жаулап алады.
Құдай іріктеп жазалайды
17, 18. Амос кітабының 9-тарауында Құдайдың рақымы жайында не айтылады?
17 Амостың пайғамбарлығы Құдайдың әрқашан лайықтыларды жазаға тартатынына әрі үкімінің іске аспай қалмайтынына көзімізді жеткізді. Алайда Амостың кітабынан Құдайдың іріктеп жазалайтыны да көрінеді. Құдай зұлымдарды қай жерге тығылса да тауып алып, жазаға тартады. Ол сондай-ақ рақым етуге лайықты, яғни күнәларына өкінген, адал адамдарды да таба алады. Бұл ой Амос кітабының соңғы тарауында керемет ашылған.
18 Амос кітабындағы 9-тараудың 8-тармағында Ехоба былай дейді: “Жақыптың үйін түгелімен қырып салмаймын”. 13—15 дейінгі тармақтарға сәйкес, Ехоба өз халқын ‘тұтқыннан қайтаратынын’ уәде етеді. Қайтып келгендерге рақым етіліп, олар қауіпсіздікте, тарықпай өмір кешетін болады. Ехоба ‘жер жыртушының егін орушыны қуып жететінін’ уәде етеді. Көз алдарыңа елестетіп көріңдерші: егіннің мол болатыны соншалық, жер жыртып, дән себу мерзімі қайта келгенде де, былтырғы егінді әлі жинап жатады!
19. Яһуда мен Исраилден қалған тамтықтың жағдайы қандай болды?
19 Ехоба Яһуда мен Исраилді іріктеп жазалады деуге болады, өйткені ол күнәларына өкінген және адал адамдарға рақымын көрсетті. Амос кітабының 9-тарауында жазылған қайта қалпына келтіру туралы пайғамбарлыққа сәйкес, халқының күнәсіне өкінген тамтығы Бабыл құлдығынан б. з. б. 537 жылы қайтып келді. Сүйікті отандарына қайтып оралған исраилдіктер таза ғибадатты қалпына келтірген. Сондай-ақ олар қауіпсіздікте жүріп, қайтадан үйлер соғып, жүзімдіктер мен бақшалар отырғызған.
Ехобаның қаһарлы соты сөзсіз келеді!
20. Амос жариялаған үкімдер туралы ой жүгірткеніміз не нәрсеге сенімімізді арттыру керек?
20 Амос жариялаған Құдайдың үкімдері туралы ой жүгірте отырып, біздің күнімізде де Ехоба зұлымдықты жоятынына сенімді болсақ болады. Неліктен бұған сенуге болады? Біріншіден, бұрын Ехобаның зұлымдарға не істегені оның бүгінде қалай әрекет ететінін көрсетеді. Екіншіден, жолдан тайған Исраил патшалығына шығарған үкімін жүзеге асыруы Құдай ‘Ұлы Бабылдың’, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясының, жазаға ерекше лайық бөлігі христиан әлемін жоятынына да көзімізді жеткізеді (Аян 18:2).
21. Неге христиан әлемі Құдайдың жазалауына лайық?
21 Христиан әлемі Құдайдың жазалауына лайық екенінде сөз жоқ. Христиан әлемінің діни және құлықтылық жағынан құлдырауынан олардың қандай екені анық көрінеді. Христиан әлемі мен Шайтанның дүниесінің қалған бөлігі Ехобаның үкіміне лайық. Бұл үкім іске асқанда, Амос кітабының 9-тарауының 1-тармағындағы сөздер орындалады: “Қашқанның ешқайсысы да құтыла алмайды, аман қалғысы келгеннің ешбірі де аман қалмайды”. Иә, зұлымдар қай жерге жасырынса да, Ехоба оларды тауып алады.
22. 2 Салониқалықтарға 1:6—8 дейінгі тармақтарда Құдайдың үкіміне қатысты қандай ерекшеліктер анық көрсетілген?
22 Құдай әрқашан лайықтыларды жазалайды, оның жазасы іске аспай қалмайды және ол іріктеп жазалайды. Мұны елші Пауылдың сөздерінен де көруге болады: “Сендерді қинағандарды Құдай қинамақ, ал қиыншылық көріп жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық бермек — Құдайдың әділдігі осындай. Бұл, Иеміз Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түсіп келгенде болады. Сонда Ол Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ” (2 Салониқалықтарға 1:6—8). Оның майланғандарына қиыншылық көрсеткендері үшін жазаға лайықты болғандарды Құдай жазаламақ, себебі “Құдайдың әділдігі осындай”. Бұл жаза міндетті түрде іске асады, себебі “Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түсіп келгенде”, зұлымдар құтылып кетпейді. Сондай-ақ Құдай іріктеп жазалайды, себебі Иса ‘Ізгі хабарға құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерден’ кек алмақ. Құдайдың үкімінің жүзеге асуы қиыншылық көріп жүрген Құдайдан қорқатын адамдарға жұбаныш әкеледі.
Әділ адамдар үшін үміт
23. Амос кітабы қандай үміт пен жұбаныш береді?
23 Амостың пайғамбарлығында таза ниетпен қызмет еткісі келетін адамдар үшін жұбаныш пен үміт беретін керемет хабар бар. Амос кітабында алдын ала айтылғандай, Ехоба ежелде өз халқын түгелімен жойып жіберген жоқ. Ақыр соңында, ол тұтқындағы Исраил мен Яһуда халқын өз отанына қайтарып, молынан тыныштық сыйлап, өркендетті. Бүгінгі таңда бұл нені білдіреді? Үкімін жүзеге асырған кезінде, Ехоба зұлымдарды қай жерде жасырынса да тауып алады және рақым етуге лайықтыларды да, қай жерде өмір сүрмесін, таба алады.
24. Ехобаның бүгінгі қызметшілері қандай баталарға ие болуда?
24 Ехобаның зұлымдарды жазалайтын уақытын күте отырып, оның адал қызметшілері ретінде біз нені сезінудеміз? Ехоба бізді рухани өркендетіп, батасын үйіп-төгіп беріп жатыр! Біз христиан әлемінің жалған және бұрмаланған ілімдерінен арылған таза ғибадатты ұстанып жүрміз. Оның үстіне, Ехоба бізді рухани ас-судың молдығымен жарылқауда. Алайда Ехобадан осы көл-көсір батаны алу бізге үлкен жауапкершілік жүктейтінін есте сақтайық. Құдай бізден таяп келе жатқан жаза туралы басқаларға ескертеді деп күтеді. Біз ‘мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандарды’ іздеп табуға қолымыздан келгеннің бәрін істегіміз келеді (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Иә, біз мүмкіндігінше көп адамдардың қазіргі рухани өркендеудің рақатын көргенін қалаймыз. Сонымен бірге олардың алдағы Құдайдың зұлымдарды жазалайтын сотынан аман қалғанын қалаймыз. Әрине, мұндай баталарға ие болу үшін жүрек күйіміз дұрыс болу керек. Келесі мақаладан көретініміздей, Амостың пайғамбарлығында осы ой да анық байқалады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Амостың пайғамбарлығы Ехобаның әрқашан жазаға лайықтыларды жазалайтынын қалай көрсетеді?
• Амос Құдайдың жазасы іске аспай қалмайтынын қалай көрсетеді?
• Амос кітабынан Құдайдың іріктеп жазалайтыны қалай көрінеді?