Лұқа
19 Бұдан соң Иса Иерихонға кіріп, қала ішімен өтіп бара жатты. 2 Қалада Зақай есімді салықшылардың басшысы бар болатын. Ол бай адам еді. 3 Зақай Исаны қатты көргісі келді, бірақ халықтың көптігінен көре алмады, өйткені бойы аласа еді. 4 Сондықтан оны көру үшін алға жүгіріп барып, бір інжір* ағашына шығып алды. Себебі Иса сол жолмен өту керек болатын. 5 Сол жерге келгенде, Иса жоғарыға қарап, оған: “Зақай, тез төмен түс! Бүгін сенің үйіңде тоқтауым керек”,— деді. 6 Ол тездетіп ағаштан түсті де, оны үйіне қонақ етті. 7 Мұны көргендердің бәрі: “Ол күнәкардың үйіне қонаққа барды”,— деп күңкілдесті+. 8 Зақай орнынан тұрып, Иемізге: “Ием, дүние-мүлкімнің жартысын кедей-кепшіктерге беремін. Жала жауып, тартып алғандарымды төрт есе артығымен қайтарамын+”,— деді. 9 Бұған Иса: “Бүгін мына кісі мен оның үй іші құтқарылды, өйткені ол да Ыбырайымның ұрпағы. 10 Адам Ұлы жоғалғандарды іздеп, құтқаруға келді+”,— деді.
11 Мұны тыңдап отырған шәкірттеріне ол бір мысалды қоса айтып берді, өйткені Иерусалимге жақындап қалған болатын. Ал шәкірттері Құдай Патшалығы бірден көрінеді деген ойда еді+. 12 Сондықтан ол былай деді: “Патша болып оралу үшін, бір ақсүйек алыс елге аттанғалы жатыр екен+. 13 Содан он құлын шақырып, оларға он мина* күміс беріп жатып: —Мен келгенше, мыналарды айналымға жіберіңдер+,— дейді. 14 Бірақ жерлестері оны жек көретін, сондықтан артынан өкілдерін жіберіп: —Бұл адамның бізге патша болғанын қаламаймыз,— деп айтқызады.
15 Ақырында, патша болып қайта оралған әлгі кісі күміс берген құлдарының қанша табыс тапқанын білу үшін өзіне шақыртады+. 16 Біріншісі келіп: —Мырза, мен үстінен он мина күміс пайда түсірдім+,— дейді. 17 Патша оған: —Жарайсың, жақсы құл! Кішкене істе сенімді екеніңді көрсеттің, енді он қаланың үстінен билік ет+,— дейді. 18 Артынан екіншісі келіп: —Мырза, сіздікінің үстінен тағы бес мина күміс пайда түсірдім,— дегенде+, 19 патша оған: —Сен бес қаланы басқар,— дейді. 20 Сосын басқа біреуі келіп: —Мырза, мінеки, сіздің бір мина күмісіңіз. Мен оны шүберекке орап сақтап қойдым. 21 Сізден қорықтым, өйткені қатал адамсыз: өзіңіз салымға бермеген қаржыны иемденіп, екпеген жерден орасыз+,— дейді. 22 Сонда патша: —Зұлым құл, сені өз аузыңнан шыққан сөздеріңмен айыптаймын! Менің салымға бермеген қаржыны иемденіп, екпеген жерден оратын қатал адам екенімді білдің емес пе+? 23 Онда неге күмісімді айналымға жібермедің? Сонда қайтып келгенімде, өсіммен қайтарып алар едім ғой,— дейді.
24 Сөйтті де қасындағыларға: —Одан бір мина күмісті алып, он мина күмісі барға беріңдер,— деп бұйырады+. 25 Бірақ олар: —Мырза, оның он мина күмісі бар ғой!— дегенде, 26 патша: —Сендерге мынаны айтамын: кімде бар болса, соған тағы беріледі. Кімде жоқ болса, өзінде бары да алынып қойылады+. 27 Ал патша болғанымды қаламаған жауларымды алдыма әкеліп, қырып салыңдар!— дейді”.
28 Осыны айтқаннан кейін, Иса Иерусалимге қарай сапарын жалғастырды. 29 Зәйтүн деп аталатын таудың+ беткейіндегі Бетфаге мен Бетанияға жақындағанда, ол екі шәкіртін жұмсап+, 30 былай деді: “Алдарыңда жатқан ауылға барыңдар. Оған кіргеннен кейін, әлі ешкім мінбеген байлаулы тұрған тайқарды көресіңдер. Соны шешіп әкеліңдер. 31 Егер біреу: —Оны неге шешіп жатырсыңдар?— десе, сендер: —Бұл Иемізге қажет,— деңдер”. 32 Содан екеуі барып, Иса айтқандай, тайқарды тауып алды+. 33 Оны шешіп жатқанда, мал иелері: “Тайқарды неге шешіп жатырсыңдар?”— деді. 34 Олар: “Бұл Иемізге қажет”,— деп жауап қатты. 35 Сосын шәкірттер тайқарды әкеліп, үстіне жамылғыларын жапты да, Исаны мінгізді+.
36 Иса келе жатқанда, жұрт жолға жамылғыларын жайып жатты+. 37 Ол Зәйтүн тауынан төмен түсетін жерге жете бергенде, көптеген шәкірттер қуанып, көрген барлық құдіретті істері үшін Құдайды қатты дауыспен мадақтап: 38 “Ехобаның атынан Патша ретінде келе жатқан жарылқанған! Көкте татулық болсын, заңғар көктегі Құдай мадақталсын!”— деп жатты+. 39 Сонда халық арасынан кейбір парызшылдар Исаға: “Ұстаз, шәкірттеріңізге тыйым салыңыз!”— деді+. 40 Ал Иса: “Сендерге мынаны айтамын: егер олар үндемесе, тастар айғайлар еді”,— деп жауап берді.
41 Иерусалимге жақындағанда, Иса қалаға қарап, жылап жіберді де+, 42 былай деді: “Саған ненің татулық әкелетінін бүгін ұқсаң ғой... Алайда қазір бұлар сен үшін жасырын+. 43 Себебі жауларың айналдыра үшкір бөренелер орнатып, сені қоршауға алып, жан-жағыңнан қыспақтайтын күндер басыңа туады+. 44 Сені жермен-жексен етіп, ішіңдегі балаларыңды да қырып тастайды+. Бірде-бір тасыңды қалдырмай күл-талқаныңды шығарады+. Өйткені Құдайдың өзіңді тексеруге келген кезін ұқпадың”.
45 Бұдан кейін Иса ғибадатханаға кірді. Ондағы сатушыларды қуып шығарып жатып+, 46 былай деді: “Киелі жазбада “менің үйім дұға ететін үй деп аталады” делінген+, ал сендер оны қарақшылардың ордасына айналдырдыңдар+!”
47 Ол күн сайын ғибадатханада тәлім берді. Ал жоғарғы діни қызметкерлер, дін мұғалімдері мен ел басшылары оны өлтірудің жолын іздеумен болды+, 48 бірақ бұны жүзеге асырудың ретін таппады. Себебі жұрттың бәрі қасынан кетпей, Исаны тыңдайтын+.