Елшілердің істері
14 Иқонияда екеуі яһудилердің мәжілісханасына кіріп, сөз сөйледі. Мұның керемет болғаны сонша — көптеген яһудилер мен гректер* сенді. 2 Алайда сенбеген өзге яһудилер басқа ұлт адамдарын үгіттеп, бауырластарға қарсы қойды+. 3 Пауыл мен Барнаба сол жерде бірталай уақыт болып, Ехоба берген билікпен батыл сөйледі. Құдай олар арқылы белгілер мен кереметтер көрсетіп, өзінің рақымы жайлы хабарды растады+. 4 Алайда қала халқы екіге бөлініп, біреулері яһудилерді, ал екіншілері елшілерді жақтады. 5 Билеушілерімен біріккен яһудилер және басқа ұлт адамдары елшілерді жәбірлеп, таспен ұрмақ болды+. 6 Бірақ олар мұны біліп қойды да, қашып кетіп, Ликаонияның қалалары Листра мен Дербеге және сол төңіректегі жерлерге барды+. 7 Олар сол жақта да ізгі хабарды жариялады.
8 Листрада туылғанынан кемтар, жүре алмайтын бір кісі бар еді. 9 Ол Пауылды тыңдап отырды. Ал Пауыл оған қадала қарап, сауығу үшін сенімі бар екенін көрді де+: 10 “Аяғыңа тік тұр!”— деп қатты дауыстады. Сонда әлгі кісі секіріп тұрып, жүре бастады+. 11 Пауылдың не істегенін көрген жұрт ликаон тілінде: “Құдайлар адам кейпіне еніп, бізге түсті!”+— деп айқайлай бастады. 12 Олар Барнабаны Зевс*, ал Пауылды Гермес* деп атады, өйткені сөз тізгіні Пауылда еді. 13 Қалаға кіретін жерде Зевске арналған ғибадатхана бар болатын. Сондағы діни қызметкер қала қақпаларының алдына бұқалар мен гүлдестелерді алып келіп, халықпен бірге құрбандық шалмақ болды.
14 Алайда мұны естігенде, екі елші Барнаба мен Пауыл киімдерін жыртып, қалың тобырға қарай ұмтылды. Олар қатты дауыстап, 15 былай деді: “Бұларыңыз не? Біз де сіздер сияқты пендеміз ғой+. Осы түкке тұрмайтын нәрселерді тастап, көк пен жерді, теңізді және сондағылардың бәрін жаратқан тірі Құдайға бет бұруларыңыз үшін, сіздерге ізгі хабарды жариялауға келдік+. 16 Бұрынырақта Құдай барлық халықтардың өз бетімен жүруіне жол берген+, 17 сөйтсе де игі істерімен өзі жайлы куәлік беруін тоқтатпады+: аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді+ және көл-көсір ас-су сыйлап, жүректеріңізді қуанышқа толтырып келді+”. 18 Осы сөздерге қарамастан оларға арнап құрбандық шалмақ болған жұртты елшілер әрең дегенде тоқтатты.
19 Алайда Антиохия мен Иқониядан яһудилер келді де, жұртты үгіттеп+, Пауылды таспен ұрғызды. Содан оны өлді екен деп ойлап, қала сыртына сүйреп шығарып тастады+. 20 Қасына шәкірттер жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қайтадан қалаға кірді. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге барды+. 21 Екеуі сол қалада ізгі хабарды жариялап, біраз адамды шәкірт еткеннен кейін, Листра, Иқония мен Антиохияға қайта оралды. 22 Олар шәкірттерді нығайтып+, сенімдерінде берік тұруға шақырды да: “Біз Құдай Патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек”+,— деді. 23 Бұған қоса, олар әр қауымға ақсақалдар тағайындады+, сондай-ақ дұға айтып, ораза тұтуларымен+ оларды өздері сенген Ехобаның қамқорлығына тапсырды.
24 Содан олар Писидиядан өтіп, Памфилияға келді+. 25 Перге қаласында Құдай сөзін жариялағаннан кейін, екеуі Атталияға қарай бет алды. 26 Сол жерден олар Антиохияға жүзіп кетті. Бұл қалада олар бір кездері істерін атқару үшін Құдайдың рақымына сеніп тапсырылған болатын. Ал енді осы істерін атқарып біткен еді+.
27 Елшілер Антиохияға жеткен соң, қауымды жинап, оларға Құдайдың өздері арқылы көп нәрсе істегенін және басқа ұлттардың сенімді қабылдауына жол* ашқанын+ айтып берді. 28 Сөйтіп, олар шәкірттермен бірталай уақыт бірге болды.