Елшілердің істері
9 Иеміздің шәкірттеріне әлі де қоқан-лоқы көрсетіп жүрген және олардың көзін құртқысы келген Саул+ бас діни қызметкерге жолықты. 2 Сөйтіп, бұл Жолда*+ жүргендерді тапса, әйел-еркек демей тұтқындап, Иерусалимге алып келу үшін сол кісіден Дамаскідегі мәжілісханаларға* хат жазуын сұрады.
3 Саул жолға шығып, Дамаскіге жақындап қалғанда, кенеттен көктен сәуле түсіп, айналасын жарқыратып жіберді+. 4 Жерге құлап түскен ол: “Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің?”— деген дауысты естіді. 5 “Сіз кімсіз?”— деп сұрады Саул. Сонда ол: “Мен өзің қудалап жүрген+ Исамын+. 6 Тұр да, қалаға бар. Не істеуің керек екені саған сол жерде айтылады”,— деді. 7 Саулдың қасындағы серіктері үндемей тұрып қалды. Олар дауыс шыққанын естігенмен, ешкімді көрмеген еді+. 8 Ал орнынан тұрған Саулдың көзі ашық болса да, ештеңені көрмеді, сондықтан қасындағылар оны Дамаскіге жетектеп алып барды. 9 Ол үш күн бойы көзі көрмей+, еш нәр татпады.
10 Дамаскіде Анани+ есімді шәкірт болатын. Иеміз оған аян беріп: “Анани!”— деп шақырды. “Тыңдап тұрмын, Ием”,— деп жауап қатты ол. 11 Иеміз оған мынаны айтты: “Тұр да, Түзу деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен Саул есімді тарстық+ кісіні сұра. Қазір ол дұға етіп жатыр. 12 Ол жанары ашылу үшін Анани есімді бір адамның келіп, оның үстіне қолын қойғаны туралы аян алды+”. 13 Бірақ Анани: “Ием, бұл кісінің Иерусалимдегі қасиеттілеріңізге талай қастандық жасағанын көп адамнан естідім. 14 Ол мұнда сіздің атыңызды атап шақырғандарды тұтқындауға жоғарғы діни қызметкерлерден өкілеттік алып келіпті+”,— деп жауап берді. 15 Алайда Иеміз: “Жолға шық, өйткені мен оны өз атымды басқа халықтарға+, патшаларға+ және Исраил ұлдарына жариялау үшін таңдап алдым+. 16 Оған өз атым үшін қанша азап шегуі тиіс екенін білдіремін+”,— деді.
17 Содан Анани жолға шығып, әлгі үйге кірді де, Саулдың үстіне қолын қойып: “Бауырласым Саул, көзің ашылып, киелі рухқа кенелуің үшін саған жолда көрінген Иеміз Иса мені жіберді+”,— деді. 18 Сол сәтте-ақ оның көзінен қабыршаққа ұқсас бір нәрсе түсіп, көзі көретін болды. Сосын ол шомылдыру рәсімінен өтті де, 19 тамақ ішіп, әлденіп алды.
Саул бірнеше күн Дамаскідегі+ шәкірттермен бірге болды. 20 Сөйтіп, бірден мәжілісханаларда Исаның Құдай Ұлы екенін уағыздай бастады. 21 Ал оны тыңдағандардың бәрі таңғалып: “Мынау Иерусалимде осы есімді атағандарға қырғидай тиген кісі емес пе+? Мұндағыларды да тұтқындап, жоғарғы діни қызметкерлерге апару үшін келмеп пе еді+?”— десті. 22 Саул болса барған сайын нығая берді. Ол Исаның Мәсіх екенін қисынды түрде дәлелдеп+, Дамаскідегі яһудилерді таңғалдырды.
23 Бірталай күн өткен соң яһудилер Саулды өлтіруге сөз байласты+. 24 Алайда олардың зымиян жоспары Саулдың құлағына жетті. Әлгілер оны өлтіру үшін қала қақпаларын күні-түні күзетумен болды. 25 Сонда шәкірттері оны түн ішінде қала қабырғасындағы терезеден себетпен төмен қарай түсірді+.
26 Саул Иерусалимге келген соң+, шәкірттерге қосылмақ болды. Бірақ оның шәкірт болғанына сенбегендіктен, барлығы одан қорқып жүрді. 27 Сол кезде Барнаба+ көмекке келіп, оны елшілерге ертіп апарды. Оларға Саулдың жолда Иемізді көріп+, онымен сөйлескенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл сөйлегенін егжей-тегжейлі айтып берді+. 28 Содан Саул олармен бірге болды, әрі Иеміздің атынан батыл сөйлеп, Иерусалимде емін-еркін жүрді. 29 Сондай-ақ грекше сөйлейтін яһудилермен әңгімелесіп, сөз таластырды. Ал олар Саулды өлтірмек болды+. 30 Бұны біліп қойған бауырластар оны Кесарияға апарып, әрі қарай Тарсқа+ аттандырды.
31 Сөйтіп, бүкіл Яһудея, Ғалилея мен Самария+ өңіріндегі қауымдар тыныш күндерді бастан кешіріп, сенімдері нығая түсті. Барлығы Ехобаны қастерлегендіктен әрі киелі рух+ арқылы жігерленгендіктен* қатарлары көбейе берді.
32 Петір бүкіл өңірді аралап, Лидда+ қаласындағы қасиеттілерге де келді. 33 Сол жерде ол сегіз жыл бойы сал болып, төсек тартып жатқан Еней есімді кісіні көрді. 34 Петір оған: “Еней, Иса Мәсіх сені сауықтырды+. Тұр да, төсегіңді жина+”,— деді. Сол сәтте-ақ ол түрегелді. 35 Оны Лидда қаласы мен Сарон жазығының барлық тұрғындары көріп, Иемізге сене бастады.
36 Ал Иоппеде Табита* (грекше Дорка) есімді шәкірт бар еді. Ол мұқтаждық көргендерге қайырымдылық көрсетіп, көп игі істер жасайтын. 37 Петір Лиддада жүрген кезінде, Табита ауырып, қайтыс болды. Оның денесін жуып, жоғарғы бөлмеге апарып қойды. 38 Иоппе Лиддаға жақын болғандықтан, Петірдің сонда екенін естіген шәкірттер екі адамды жіберіп: “Бізге тезірек келе көр”,— деп өтінді. 39 Петір тұрып, олармен бірге еріп барды. Сол жерге жеткен соң, олар Петірді жоғарғы бөлмеге кіргізді. Барлық жесір әйелдер жылап-сықтап, Дорканың көзі тірісінде тігіп берген көптеген киім-кешектерін оған көрсете бастады. 40 Петір бәрін тысқа шығарып+, тізерлеп дұға етті. Сосын мәйітке бұрылып: “Табита, тұр!”— деді. Ол көзін ашты да, Петірді көріп, түрегеліп отырды+. 41 Петір оған қолын беріп тұрғызды да, қасиеттілер мен жесірлерді шақырып, қайта тірілген+ Табитаны көрсетті. 42 Бұл жайт бүкіл Иоппеге мәлім болып, көптеген адам Иемізге сенді+. 43 Петір сол қалада біраз күнге қалып, Шимон есімді тері илеушінің үйінде болды+.