Рут
1 Халықты билер+ басқарған заманда елді ашаршылық жайлады. Сонда бір кісі әйелі мен екі ұлын ертіп, Моаб+ жерінде жатжерлік ретінде тұру үшін, Яһуданың Бетлехем+ қаласынан көшті. 2 Оның есімі — Елимелек*, әйелінікі — Нағима*, ал екі ұлының есімі Махлон* мен Килион* болатын. Олар ефраталықтар, яғни Яһуданың Бетлехем қаласының тұрғындары еді. Сөйтіп, олар Моаб жеріне келіп қоныстанды.
3 Біраз уақыт өткен соң, күйеуі Елимелек қайтыс болып, Нағима екі ұлымен қалды. 4 Кейін ұлдары моабтық қыздарға үйленді. Олардың есімі Орпа және Рут+ еді. Отбасы сол жерде он жылдай тұрғаннан кейін, 5 Нағиманың ұлдары Махлон мен Килион да қайтыс болды. Осылай ол екі баласынан да, күйеуінен де айырылып қалды. 6 Моаб жерінде жүрген Нағима Ехобаның* өз халқына шапағатын түсіріп, нан бергені жайлы естіді. Сонда ол Моаб жерінен еліне оралу үшін, екі келінімен жолға шықты.
7 Осылай Нағима тұрып жатқан жерінен Яһуда еліне бет алды. Оған екі келіні де ілесті. 8 Жолда ол келіндеріне: “Барыңдар, аналарыңның үйіне қайта ғойыңдар. Марқұм күйеулеріңе де, маған да айнымас сүйіспеншілік танытқандарың үшін Ехоба да сендерге лайым айнымас сүйіспеншілік танытсын+. 9 Ехоба сендерге жақсы күйеу мен жайлы баспана сыйлай көрсін+”,— деді де, беттерінен сүйді. Олар болса еңіреп жылап қоя берді. 10 Келіндері оған: “Олай дей көрмеңіз, біз де сізбен бірге ел-жұртыңызға барайықшы”,— деп тұрып алды. 11 Бірақ Нағима былай деді: “Қайта ғойыңдар, қыздарым. Маған несіне ересіңдер? Сендерге күйеу болатын ұл бала енді бойыма бітеді дейсіңдер ме+? 12 Кері қайтыңдар, қыздарым, мен күйеуге шығатын жастан өттім. Тіпті күйеуге шығып, бүгін түнде бойыма бала бітеді деген күннің өзінде, 13 олар есейгенше күтер ме едіңдер? Соларға бола күйеуге шықпай жалғыз жүре бересіңдер ме? Жоқ, қыздарым, бұл дұрыс болмас. Ехоба менің басыма жіберген қайғы сендерді қандай күйге түсіргенін ойласам, қабырғам қайысады+”.
14 Сол кезде олар тағы да еңіреп қоя берді. Сосын Орпа енесінің бетінен сүйіп, кері қайтып кетті. Ал Рут енесінен ажырамады. 15 Нағима оған: “Міне, абысының өз еліне, өз құдайларына оралды. Сен де онымен бірге қайт”,— деді.
16 Сонда Рут былай деді: “Сізді тастап, кері қайт деп мені қинай көрмеңіз. Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын, сіз қайда түнесеңіз, мен де сонда түнеймін. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады+. 17 Сіз қайда өлсеңіз, мен де сонда өлемін, менің сүйегім сіз жатқан жерге жерленеді. Көзімнің тірісінде сізден ажырасам, Ехоба мені жазалаған үстіне жазалай түссін!”
18 Руттың алған бетінен қайтпайтынын көргенде, енесі оны әрі қарай көндіруге тырыспады. 19 Сөйтіп, екеуі Бетлехемге+ қарай жүріп кетті. Бетлехемге келгені сол еді, бүкіл қала халқы дүрлікті. Әйелдер: “Мынау шынымен Нағима ма?!”— десті. 20 Ал ол әйелдерге былай деді: “Енді мені Нағима* емес, Мара* деп атаңдар. Өйткені Құдіреті шексіз Құдай маған өмірдің ащысын татқызды+. 21 Кеткенде берекелі едім, қайтқанда Ехоба құралақан қалдырды. Несіне мені Нағима дейсіңдер? Ехоба маған қарсы шығып, Құдіреті шексіз Құдай басыма бақытсыздық түсірді ғой+!”
22 Осылай Нағима моабтық келіні Рутпен Моаб жерінен+ қайтып оралды. Олар Бетлехемге арпа жинау науқаны басталғанда келген болатын+.