Естер
8 Сол күні Ахашверош патша Хаманның+ бар меншігін Естер патшайымға берді. Естер патшаға Мардохай өзіне кім болып келетінін+ айтқан соң, Мардохай оның алдына келді. 2 Сонда патша Хаманнан алып қойған мөрлі жүзігін шешіп+, Мардохайға берді. Ал Естер Мардохайды Хаманның бар меншігінің үстінен қараушы етіп қойды+.
3 Естер қайтадан патшамен сөйлесті. Ол патшаның аяғына жығылып, еңіреп жылап, Агагтың ұрпағы Хаманның яһудилерге қарсы жасаған зұлымдығы мен құрған жоспарының+ бетін қайтаруды сұрап жалбарынды. 4 Патша алтын асатаяғын Естерге қарай созды+, сонда ол түрегеліп, патшаның алдында тұрды да, 5 оған: “Егер патшам мақұл көрсе, маған ықыласы түссе, әрі бұл істі дұрыс деп тапса, сондай-ақ көңіліне жаққан болсам, Агагтың+ ұрпағы Хамедат ұлы Хаманның, сол қаскүнемнің, патшаның бағынышты аймақтарындағы яһудилердің көзін құрту жайлы жазған құжаттарының күшін жоятын жарлық шығарылса екен+. 6 Халқым апатқа ұшырайын деп жатса, бұған қалай қарап тұрамын? Туыстарым қырылып жатса, қалай шыдап тұрамын?”— деді.
7 Ахашверош патша Естер патшайым мен яһуди Мардохайға былай деді: “Міне, мен Хаманның бар меншігін Естерге бердім+, ал өзін яһудилерге қаскүнемдік жасамақ болғаны үшін бөренеге ілгіздім+. 8 Яһудилердің игілігі үшін нені дұрыс деп тапсаңдар, соны патшаның атынан жазып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітіңдер. Өйткені патшаның атымен жазылып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітілген жарлықты өзгертуге болмайды+”.
9 Осы айтылғанға сай, патшаның хатшылары үшінші айдың, яғни сиван* айының, жиырма үшінші күні шақырылды. Олар Мардохайдың яһудилерге, сатраптарға+, әміршілерге және Үндістан мен Эфиопияға дейінгі жерді алып жатқан 127 аймақтағы әкімдерге+ бұйырғандарының барлығын, әрбір аймаққа өз қарпінде, әрбір халыққа өз тілінде, сондай-ақ яһудилерге өз қарпі мен өз тілінде жазды.
10 Ол бұны Ахашверош патшаның атынан жазып, патшаның мөрлі жүзігімен+ бекітті. Сөйтіп, жазылған құжаттарды жүйрік аттарға мінген шабармандар арқылы жан-жаққа жіберді. Олардың мінген аттары патша қорасындағы хат-хабар жіберуге арналған сәйгүліктер еді. 11 Сол құжаттарда патша барлық қалалардағы яһудилерге бас қосып, өз өмірлерін қорғауға және өздеріне шабуылдаған кез келген халықтың не аймақтың жасағын күл-талқан етуге, тіпті әйелдері мен бала-шағасын қырып-жоюға, сондай-ақ дүние-мүлкін олжалауға рұқсат еткен болатын+. 12 Мұның бәрі Ахашверош патшаға бағынышты аймақтардың бәрінде бір күнде, яғни он екінші айдың, адар* айының, он үшінші күні жүзеге асырылу керек еді+. 13 Барлық аймақтарда бұл құжаттың көшірмесі заң ретінде қабылдануы, сондай-ақ яһудилер жауларынан өш алуға дайын болу үшін, барша жұртқа жариялануы керек еді+. 14 Патша қорасындағы хат-хабар жіберуге арналған сәйгүліктерге мінген хабаршылар, патшаның бұйрығына сай, тездетіп жан-жаққа аттанып кетті. Бұл жарлық Сузы+ бекінісінде де жарияланды.
15 Мардохай үстіне көк және ақ матадан тігілген патша киімін, басына үлкен алтын тәж киіп, күлгін жүннен әдемілеп тоқылған шапан жамылып+, патшаның алдынан шықты. Сузы қаласында жұрттың қуанышты дауыстары естіліп жатты. 16 Яһудилер азаттыққа жетіп, мәз-мейрам болып, сый-құрметке бөленді. 17 Патшаның жарлығы әрі заңы жеткен аймақтар мен қалалардың бәрінде яһудилер шат-шадыман болып, той-думан құрып, мерекелеп жатты. Елдегі халықтардың ішінен көп адам яһудилердің сенімін қабылдады+, өйткені оларды яһудилердің алдында қорқыныш биледі.