Езекиел
7 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 2 “Адам ұлы, Әлемнің Әміршісі Ехоба Исраил жеріне мынаны айтады: —Бітті, жердің төрт шетінің күндері бітті! 3 Сенің күндеріңнің соңы келіп жетті. Мен саған қаһарымды төгемін! Жүрген жолдарыңа қарай үкім шығарып, жеркенішті істеріңнің қарымтасын қайтарамын. 4 Сені еш аямаймын, жаным да ашымайды+. Қайта, жүрген жолдарың мен жеркенішті істеріңнің зардабын тартқызамын+. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласың+.
5 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Міне, апат, ғаламат апат төніп келеді+! 6 Сенің ақырың келіп жетті! Бұл күн кенеттен туа қалады. Қарашы, ақырғы күнің келе жатыр. 7 Ей, жердің тұрғыны, сенің кезегің келді*! Уақытың таяды, күнің жақындап келеді+! Тау бастарындағы қуанышты дауыстардың үні өшіп, айнала аласапыран болып кетті.
8 Көп ұзамай ашуымның тиегін ағытып+, саған бар қаһарымды төгемін+. Жүрген жолдарыңа қарай үкім шығарып, жеркенішті істеріңді өз басыңа келтіремін. 9 Сені еш аямаймын, жаным да ашымайды+. Қайта, жүрген жолдарың мен жеркенішті істеріңнің зардабын тартқызамын. Сонда саған соққы беріп жатқан мен, Ехоба, екенімді білетін боласың+.
10 Қара, міне — сол күн! Сол күн келіп қалды+. Сенің кезегің келді*. Жазалайтын таяғым дайын тұр, жау да әбден менменсіді. 11 Зұлымдығың үшін таяқпен аяусыз жазаланасың+. Сонда сен өзіңді құтқара алмайсың, байлығың мен атақ-даңқың да аман алып қалмайды. 12 Уақытың жетіп, күнің келеді. Сатып алушы қуанбасын, ал сатушы қайғырмасын, өйткені менің қаһарым күллі жамағатқа төгіледі*+. 13 Сатқан адам аман қалса да, сатқан нәрсесіне оралмайды, себебі бұл аян осы жамағаттың бәріне арналған. Ешкім қайта оралмайды, заңсыздықтарының кесірінен* бірде-бірі өмірін сақтап қала алмайды.
14 Керней тартылып+, бәрі дайындалғанмен, ешкім шайқасқа бармайды. Өйткені менің қаһарым күллі жамағатқа лаулады+. 15 Қала сыртында семсер+, ішінде індет пен аштық. Даладағыларды семсер, ал қаладағыларды аштық пен індет жалмайды+. 16 Аман қалғандары аңғар кептеріндей, тау-тасқа барып тығылып, әрқайсысы өз зұлымдығы үшін аһылап-уһілейді+. 17 Қолдарынан қуат кетіп, қорыққандарынан бұттарына жіберіп қояды+. 18 Үстеріне азалы киім киеді+, зәрелері ұшып, қалтырап-дірілдейді. Бәрі де ұятқа қалады, тақыр бас болады*+.
19 Олар күмістерін көшеге лақтырып тастайды, алтындары да жеккөрінішті болып кетеді. Ехобаның қаһары лаулаған күні оларды алтындары да, күмістері де құтқармайды+. Алтын-күмістері өздеріне сүріндіретін тас болып, күнәға итергендіктен, тамақты тойғанша жей алмай, ашқұрсақ болып жүреді. 20 Олар әдемі әшекейлерін мақтан тұтып, солардан мүсіндер, жеркенішті пұттар жасап алды+. Сол үшін алтын-күмістерін өздеріне жиренішті етемін. 21 Осы алтын-күмістерін талан-тараж етсін деп шетелдіктерге, олжаласын деп зұлымдарға беремін. Олардың алтын-күмістерін солар арамдайтын болады.
22 Мен олардан теріс айналамын+, сонда жау менің жасырын жайымды* арамдайды. Сол жерге тонаушылар баса-көктеп кіріп, арамдап кетеді+.
23 Шынжырлар жасап дайында+, өйткені мына жер қанды үкімге+, ал қала зорлық-зомбылыққа толы+. 24 Мен халықтардың ең зұлымдарын әкеліп+, олардың үйлерін тартып алғызамын+, осылай мықтылардың өркөкіректігіне шек қоямын. Олардың қасиетті орындары арамдалады+. 25 Бастарына азап түскенде, олар тыныштық іздейді, бірақ тыныштық болмайды+. 26 Бір пәледен кейін екіншісіне ұшырайды, үсті-үстіне суық хабар келеді. Жұрт пайғамбарлардан босқа аян сұрайды+; діни қызметкерлер заңға негізделген тәлім, ал ақсақалдар ақыл-кеңес бермейтін болады+. 27 Патша қайғырып+, басшы аласұрып қорқады, халықтың зәресі ұшып, қолдары қалтырайды. Оларды істеріне қарай жазаға тартамын, өзгені қалай соттаған болса, өздерін де солай соттаймын. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады+”.