Езекиел
37 Маған Ехобаның құдіреті қонып, Ехобаның рухы мені аңғардың ортасына апарып қойды+. Ал аңғар сүйекке толы екен. 2 Ол мені солардың арасымен алып жүрді. Мен аңғардағы сүйектің өте көп екенін әрі қатты қурап қалғанын көрдім+. 3 Сонда ол: “Адам ұлы, мына сүйектер тіріле ала ма?”— деп сұрады. Мен: “Әлемнің Әміршісі Ехоба, бұл өзіңе ғана аян”+,— деп жауап бердім. 4 Ол маған мынаны айтты: “Осы сүйектерге былай деп пайғамбарлық ет: —Ей, қурап қалған сүйектер, Ехобаның сөзіне құлақ асыңдар!
5 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен сендерге дем кіретіндей етемін, сонда тірілесіңдер+. 6 Сендерге сіңір мен ет бітіріп, үстеріңді терімен қаптаймын да, бойларыңа дем кіргіземін. Сол кезде тіріліп шыға келесіңдер. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар”.
7 Мен өзіме бұйырылғанға сай пайғамбарлық еттім. Сол кезде сақырлаған дыбыс шығып, сүйектер рет-ретімен біріге бастады. 8 Сосын оларға сіңір мен ет бітіп, үстері терімен қапталғанын көрдім. Бірақ әлі бойларында дем жоқ болатын.
9 Бұдан кейін ол маған былай деді: “Желге пайғамбарлық ет. Адам ұлы, пайғамбарлық етіп, желге сөзімді жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, жел*, төрт бағыттан келіп ес, өлтірілген мына адамдар тірілу үшін келіп солардың үстіне ес!”
10 Мен өзіме бұйырылғанға сай пайғамбарлық еткенде, олардың бойына дем* кіріп, жан бітті де, аяқтарына тұрды+. Олар жер қайыстырған қалың қолды құрады.
11 Бұдан кейін ол маған былай деді: “Адам ұлы, бұл сүйектер — күллі Исраил үйі+. Олар: —Сүйектеріміз қурап, үмітіміз өшті+, мүлдем жалғыз қалдық,— дейді. 12 Сондықтан пайғамбарлық етіп, оларға хабарымды жеткіз. Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, халқым, мен қабірлеріңді ашып+, сендерді тұрғызып аламын да, Исраил жеріне әкелемін+. 13 Ей, халқым, қабірлеріңді ашып, сендерді тұрғызып алғанымда, менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+. 14 Сендерге өз рухымды дарытып, тірілтемін де+, өз елдеріңе әкелемін. Сонда мұны айтқан да, жүзеге асырған да, мен, Ехоба, екенімді білетін боласыңдар. Мұны айтып отырған — Ехоба”.
15 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 16 “Адам ұлы, бір таяқ алып, оған “Яһуда мен қасындағы Исраил халқына”+ деп жаз. Сосын тағы бір таяқ ал да, оған “Жүсіпке, яғни Ефрем таяғына, сондай-ақ қасындағы күллі Исраил үйіне+” деп жаз. 17 Содан соң таяқтарды бір-бірімен қосып, біртұтас етіп ұста+. 18 Ал халқыңның ұлдары “Бұның мәні неде?” деп сұраса, 19 оларға: —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен Ефремнің қолындағы Жүсіптің таяғы мен қасындағы Исраил руларын аламын да, Яһуданың таяғымен қосамын. Сөйтіп, екеуі менің қолымда біртұтас таяқ болады+,— деп жауап бер. 20 Жазулары бар таяқтарды олар көретіндей етіп ұстап тұрып, 21 хабарымды жеткіз. Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Мен исраилдіктерді тарап кеткен халықтардың арасынан алып шығамын, жан-жақтан жинап, өз елдеріне қайтарамын+. 22 Мен оларды сол жерде, Исраил тауларында, бір халық етемін+. Олардың үстінен бір патша билік етеді+. Бұдан былай олар екі халық не екі патшалық болып бөлінбейді+. 23 Енді қайтып олар жеркенішті пұттарымен, жиренішті істерімен және күллі қылмыстарымен өздерін арамдамайтын болады+. Мен оларды опасыздықпен жасаған барлық күнәларынан құтқарып, тазартамын. Осылай олар менің халқым, ал мен олардың Құдайы боламын+.
24 Қызметшім Дәуіт олардың патшасы болып+, барлығының бағушысы біреу болады+. Олар менің шешімдерімді ұстанып, жарлықтарымды да мұқият орындайды+. 25 Сондай-ақ қызметшім Жақыпқа берген жерге қоныс тебеді. Ата-бабалары тұрған сол жерді+ өздері де, немерелері мен шөберелері де мәңгі бақи мекендейді+. Ал қызметшім Дәуіт мәңгілікке олардың басшысы болады+.
26 Мен олармен татулық келісімін жасасамын+, бұл мәңгілікке ұласатын келісім болады. Оларды орнықтырып, өсіріп-өндіремін+, әрі араларында ғибадатханамды мәңгіге орнатамын. 27 Менің киелі шатырым* солардың үстінде болып, өзім олардың Құдайы, ал олар менің халқым болмақ+. 28 Ғибадатханамды араларына мәңгіге орнатқанымда, халықтар Исраилді киелі еткен мен, Ехоба, екенімді білетін болады+”.