Аян
22 Сосын ол маған мөлдір* таза өмір суының өзенін+ көрсетті. Өзен Құдай мен Тоқтының+ тағынан бастау алып, 2 қаланың басты көшесінің ортасымен ағып жатты. Оның екі жағалауында да ай сайын, жылына он екі рет, жеміс беретін өмір ағаштары өсіп тұрды. Ағаштардың жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған еді+.
3 Бұдан былай қалаға еш қарғыс айтылмайды. Қайта, Құдай мен Тоқтының тағы+ сол жерде болып, Құдайдың құлдары оған қасиетті қызмет атқармақ. 4 Олар оның бет-жүзін көреді+ және маңдайларына оның есімі жазылады+. 5 Оларға шырағдан да, күннің жарығы да қажет емес, өйткені Ехоба Құдай нұр түсіріп тұратындықтан+, қалада ешқашан түн болмайды+, әрі олар мәңгілік бойы патшалық етеді+.
6 Періште маған былай деді: “Бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы+. Иә, пайғамбарлар арқылы сөйлейтін+ Ехоба Құдай өз құлдарына жуырда болатын жайттарды көрсету үшін періштесін жіберді. 7 Міне, мен тез арада келемін+. Осы шиыршықтағы пайғамбарлық сөздерді орындайтын әркім бақытты+”.
8 Мен, Жохан, осыларды естіп, көрдім. Естіп және көргенімде, маған оларды көрсеткен періштенің аяғына жығылып табынбақ болдым. 9 Бірақ ол: “Бұлай істеме! Мен небәрі өзің және пайғамбар бауырластарың сияқты, сондай-ақ осы шиыршықтағы сөздерді орындайтындар сияқты құлмын. Құдайға ғибадат ет!”+— деді.
10 Тағы ол маған былай деді: “Бұл шиыршықтағы пайғамбарлық сөздерді құпия ұстама, себебі белгіленген уақыт жақын. 11 Әділетсіз адам әділетсіз істерін жасай берсін, арам адам арам істерін істей берсін, бірақ әділ адам әділдігінен, ал қасиетті адам қасиеттілігінен таймасын.
12 —Міне, мен тез арада келемін. Әркімге ісіне қарай қарымтасын қайтарамын+. 13 Мен Альфа және Омегамын*+, алғашқы мен соңғы, басы және аяғы менмін. 14 Шапандарын жуып+, өмір ағаштарының жемісін жеу құқығына ие болып+, қақпалар арқылы қалаға+ кіретіндер бақытты. 15 Ал иттер*, бақсы-балгерлікпен* айналысатындар, азғындар* мен кісі өлтірушілер, сондай-ақ алдауды ұнататындар және соны жасай беретіндер қаланың сыртында қалады+.
16 —Мен, Иса, қауымның игілігі үшін осылар туралы куәлік етсін деп, сендерге періштемді жібердім. Мен Дәуіттің тамыры әрі ұрпағымын+, таңғы жарық жұлдызбын+”.
17 Рух пен қалыңдық+: “Кел!”— деп жатыр. Мұны естіген әркім: “Кел!”— десін. Шөлдегендердің бәрі де келсін+. Өмір суын алғысы келгендердің бәрі оны тегін алсын+.
18 “Осы шиыршықтағы пайғамбарлық сөздерді естіген әркімге былай деп куәлік етемін: кімде-кім бұған бір нәрсе қосса+, Құдай оған осы шиыршықта жазылған пәлелерді қосып береді+. 19 Ал кімде-кім пайғамбарлық сөздер жазылған осы шиыршықтан бір нәрсе алып тастаса, Құдай оны осы шиыршықта жазылған үлесінен айырады, яғни өмір ағаштарының жемісінен жеуге+ және қасиетті қалаға+ кіруге рұқсат етпейді.
20 Осылар туралы куәлік етіп отырған: —Иә, мен тез арада келемін+,— дейді”.
“Аумин! Иеміз Иса, келе көр!”
21 Қасиеттілерге Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы жауа берсін!