Жохан
7 Бұдан кейін Иса Ғалилеяны аралап жүрді. Ал Яһудеяға барғысы келмеді, өйткені яһудилер* оны өлтірудің жолын іздеуде еді+. 2 Яһудилердің Күркелер мейрамының*+ қарсаңы болатын. 3 Сондықтан інілері+ оған былай деді: “Яһудеяға бар, істеріңді шәкірттерің де көрсін. 4 Жұртқа әйгілі болғысы келген адам істерін жасырын істемейді. Осындай істер жасап жүрсең, өзіңді әлемге таныт”. 5 Шын мәнінде, інілері Исаға сенбейтін+. 6 Сонда Иса былай деді: “Менің уақытым әлі келген жоқ+, ал сендер мейрамға кез келген уақытта бара аласыңдар. 7 Осы дүниенің сендерді жек көруіне еш себеп жоқ. Ал мені жек көреді, себебі мен оның істерінің зұлым екені жайлы куәлік етемін+. 8 Сендер мейрамға бара беріңдер. Мен әзірше бармаймын, өйткені уақытым әлі келген жоқ+”. 9 Осыны айтып, Иса Ғалилеяда қалып қойды.
10 Інілері мейрамға кеткен соң, Иса да жұрт көзінен тасаланып жолға шықты. 11 Мейрамда яһудилер: “Ол қайда?”— деп, оны іздей бастады. 12 Жұрт арасында ол туралы көптеген сыбыр-күбір сөздер айтылып жатты. Біреулері: “Ол жақсы адам”,— десе, өзгелері: “Жоқ, ол халықты адастырып жүр”,— деді+. 13 Бірақ яһудилерден қорыққандықтан, ешкім ол туралы ашық айтпады+.
14 Мейрамның жартысы өткенде Иса ғибадатханаға барып, жұртқа тәлім бере бастады. 15 Яһудилер таңғалып: “Арнайы діни тәлім* алмаса да, ол Жазбаларды қалай жақсы біледі?”+— десті. 16 Иса оларға былай деп жауап берді: “Ілімім — менікі емес, мені жібергендікі+. 17 Оның еркін орындағысы келетін әркім осы ілім Құдайдан ба+, әлде оны өз ойымнан айтып тұрмын ба, соны білетін болады. 18 Өз ойынан айтатын адам өзіне даңқ іздейді. Ал кім өзін жібергенді даңқтауды ойласа+, оның шыншыл болғаны әрі онда еш әділетсіздік жоқ. 19 Мұса сендерге Заң бермеп пе еді+? Бірақ бірде-біреуің оған мойынсұнбайсың. Мені не үшін өлтірмексіңдер+?” 20 Жұрт болса: “Сенің бойыңда жын бар. Кім сені өлтірейін деп жатыр?”— деді. 21 Ал Иса былай деді: “Мен бір ғана нәрсе жасадым. Бұған бәрің таңғалудасыңдар. 22 Мына жайтты ойлап көріңдерші, Мұса сүндеттелуге қатысты заң берді+, бірақ бұл рәсім Мұсадан емес, ата-бабамыздан қалған+. Соған сай, сендер Демалыс күні болса да сүндеттей бересіңдер. 23 Мұса Заңы бұзылмасын деп Демалыс күні сүндеттесеңдер, онда Демалыс күні біреуді құлантаза айықтырғаным үшін+ маған неге сонша ашуланасыңдар? 24 Адамға сырт көрінісіне қарап үкім айтуды қойыңдар, әділ үкім айтыңдар+”.
25 Сонда Иерусалимнің кейбір тұрғындары былай десті: “Олар өлтірейін деп жүрген кісі осы емес пе+? 26 Қараңдар, ол ел алдында ашық сөйлеп тұр, ал олар оған ештеңе демейді. Басшылардың оның Мәсіх екеніне шынымен көздері жеткен бе? 27 Біз бұл адамның қайдан келгенін білеміз ғой+, бірақ Мәсіх келгенде, оның қайдан екенін ешкім білмейді”. 28 Ғибадатханада тәлім беріп жатқанда, Иса дауыстап былай деді: “Сендер менің кім екенімді де, қайдан екенімді де білесіңдер. Мен өз бетіммен келген жоқпын+. Мені жіберген шынымен бар, бірақ сендер оны білмейсіңдер+. 29 Ал мен оны білемін+, өйткені соның атынан келдім, мені жіберген — сол”. 30 Сонда яһуди дінбасылары оны қолға түсірудің жолын іздестірді+, бірақ ұстай алмады. Себебі оның уақыты әлі келмеген еді+. 31 Жұрттың көбі оған сеніп+: “Мәсіх келгенде, бұл кісіден де көп керемет жасайды деймісің?”— десті.
32 Парызшылдар жұрт арасында ол туралы осындай сыбыр-күбір сөздер жүргенін білді. Сондықтан жоғарғы діни қызметкерлер* мен парызшылдар оны ұстап әкелуге сақшыларды жіберді. 33 Сол кезде Иса былай деді: “Араларыңда тағы шамалы уақыт боламын, сосын өзімді жібергенге қайта ораламын+. 34 Сендер мені іздейсіңдер, бірақ таппайсыңдар, мен баратын жерге бара алмайсыңдар+”. 35 Яһудилер болса өзара: “Біз оны таба алмайтындай, ол қайда бармақшы? Гректердің арасына тарап кеткен яһудилерге барып, гректерге де тәлім бермекші ме? 36 “Сендер мені іздейсіңдер, бірақ таппайсыңдар, мен баратын жерге бара алмайсыңдар” деуімен ол не айтпақшы?”— десті.
37 Мейрам соңындағы ең ұлы күні+ Иса орнынан тұрып, дауыстап: “Кім шөлдесе, маған келіп, су ішсін+. 38 Кім маған сенсе, Жазбада айтылғандай, “соның жүрегінен өмір суы тасқындап ағады”+,— деді. 39 Ол өзіне сенгендер алатын рух туралы айтқан еді. Иса әлі ұлылыққа бөленбегендіктен+, оларға әлі рух берілген жоқ болатын+. 40 Мұны естігенде, кейбіреулер: “Мынау — шынымен пайғамбар екен!”+— десе, 41 өзгелері: “Бұл — Мәсіх”+,— деп жатты. Тағы біреулері: “Мәсіх Ғалилеядан келуші ме еді+? 42 Жазбаларда Мәсіхтің Дәуіт әулетінен+ және Дәуіт тұрған+ Бетлехем+ ауылынан шығатыны айтылған емес пе?”— деді. 43 Осылай ел арасында Иса туралы әртүрлі пікір туды. 44 Оны ұстап алғысы келгендер де болды, бірақ ешкім ұстай алмады.
45 Сақшылар қайтып келгенде, жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар: “Оны неге әкелмедіңдер?”— деп сұрады. 46 Олар: “Ешкім ол сияқты сөйлеген емес!”+— деп жауап берді. 47 Бұған парызшылдар: “Сендер де алданып қалғансыңдар ма? 48 Жоқ әлде басшылардың не парызшылдардың біреуі оған сеніп пе еді+? 49 Ал Мұса Заңын білмейтін мына халықты қарғыс атқан”,— деді. 50 Бұрынырақта Исаға келген парызшылдардың бірі Нікөдем оларға: 51 “Заңымыз бойынша, алдымен адамды тыңдап, не істеп жүргенін біліп алмай, үкім айтуға бола ма?”+— деді. 52 Олар болса: “Сен де Ғалилеядан шығарсың? Жазбаларды зертте, сонда Ғалилеядан ешқандай пайғамбар шықпайтынын көресің”,— деп жауап берді.*