67-тарау
Олар Исаны тұтқындай алмады
ШЫБЫҚ күрке мейрамы әлі біткен жоқ. Дінбасылары Исаны тұтқындауға қызметшілерді жіберді. Иса жасырынуға әрекет жасамады. Халыққа әрі қарай да тәлім беріп, ол былай деді: “Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын. Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар”.
Бұл сөздердің астарында не жатқанын яһудилер түсінбей, өзара былай десті: — Біз оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға тәлім бермекші ме? Оның “Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар” және “Мен болатын жерге сендер келе алмайсыңдар” дегені не сөз? Иса, әрине, өзінің жақында өліп, көкте өмір сүру үшін қайта тірілетінін айтып отыр, ал ол жерге оның жаулары “бара алмайды”.
Мейрамның соңғы жетінші күні. Діни қызметкер жеті күн бойы күнде таңертең Силом хауызынан су алып, оны құрбандық шалатын орынның негізіне қарай ағатындай етіп құйып отырды. Иса, осы рәсімді естеріне салғысы келсе керек, халыққа былай деді: “Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, “ішсін”. Бұл туралы Киелі жазбаларда “Кім Маған сенсе, соның жүрегінен өмір беретін “су” тасқындап ағады делінген”.
Бұл жерде Иса келесі жылдың Сабантой мейрамында киелі рухтың төгілуі тамаша жемістер беретіндігі жөнінде айтып отыр. 120 шәкірті жұртқа уағыздауды бастағаннан кейін, өмір беретін су аға бастайды. Бірақ оған дейін рух белгілі бір мағынада жоқ, себебі Мәсіхтің шәкірттерінің ешқайсысы әлі киелі рухпен майланбаған және көктегі өмірге шақырылмаған болатын.
Исаны тыңдағандардың кейбіреулері: “Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар”,— деген тұжырымға келеді. Бұл жерде “Пайғамбар” дегенде, олар Жазбада уәде етілген Мұсадан ұлы пайғамбар туралы айтса керек. Басқалары: “Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх”,— деді. Ал енді біреулері қарсылық білдіріп: “Әлде Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді? Киелі Жазбаларда Мәсіх Дәуіт патша әулетінен, оның ата мекені Бетлехемнен шығады делінген емес пе?” — деді.
Сонымен халықтың пікірі әр түрлі. Кейбіреулер Исаны тұтқынға алмақшы болады, бірақ “Оған қарсы ешқайсысы қол көтермейді”. Қызметшілер Исасыз келген кезде, басты діни қызметкерлер мен парызшылдар:
— Неге оны алып келмедіңдер? — деп сұрады.
— Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деп жауап берді қызметшілер.
Ызасы келген дінбасылары оларды келемеждеп, қорлап, айғақтарды бұрмалай бастады. Олар мысқылдап: “Ол сендерді де алдап кеткен бе? Әлде басшылар мен парызшылдардың ішінде Оған сенетін біреу болғаны ма?! Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан халық қана сенеді!” — деді.
Осыдан кейін Нікөдем деген — парызшыл әрі яһуди басшыларының бірі (яғни Жоғарғы кеңестің мүшесі) — Исаны жақтап сөйлеуге бел байлады. Оның осыдан екі жарым жыл бұрын Исаға түн жамылып келіп, өзінің оған сенетіндігін айтқаны есіңде болар. Нікөдем былай деді: “Заңымыз бойынша біреуден жауап алып, тексермей, оған үкім шығаруға бола ма?”
Өздерінің ішінен Исаны жақтайтын адам шыққанын көріп, парызшылдар одан сайын ашулана түсті. “Әлде сен де Ғалилеялық шығарсың? — деп мұқатты олар.— Киелі жазбаларды оқы: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой!”
Жазбаларда пайғамбардың Ғалилеядан келетіндігі тікелей айтылмайды, дегенмен сол төңіректе көрінетін ғаламат нұр туралы пайғамбарлық Мәсіхтің сол жақтан келетіндігіне нұсқайды. Оның үстіне, Иса Дәуіттің ұрпағынан әрі Бетлехемде туылған. Парызшылдардың бұл туралы білетіндіктерінде күмән жоқ, сондықтан халық арасында Иса туралы жалған хабар тарап жатқанына дәл солар жауапты болса керек. Жохан 7:32—52; Ишая 9:1, 2; Матай 4:13—17.
▪ Мейрамның әрбір күнінің таңертеңгісін қандай рәсім жасалды және Иса бұған қалай көңіл аударды?
▪ Неліктен қызметшілер Исаны тұтқынға алмады және бұны дінбасылары қалай қабылдады?
▪ Нікөдем деген кім, оның Исаға деген көзқарасы қандай және басқа парызшылдар оған не деді?
▪ Мәсіхтің Ғалилеядан келуі тиіс екендігін қалай дәлелдеуге болады?