Елшілердің істері
18 Осыдан кейін ол Афинадан шығып, Қорынтқа келді. 2 Сол жерде Понт қаласында туып-өскен Ақила+ есімді яһудиді кезіктірді. Ол әйелі Прискиламен жуырда ғана Италиядан келген болатын. Өйткені император Клауди барлық яһудилерге Римнен кетуді бұйырған еді. Пауыл солардың үйіне барып, 3 кәсіптері бір болғандықтан, сонда тұрып, олармен бірге жұмыс істеді+. Ал кәсіптері шатыр жасау еді. 4 Пауыл әр Демалыс күні+ мәжілісханада сөз сөйлеп*+, яһудилер мен гректерді айтқандарына сендірді.
5 Сыйлас+ пен Тімөте+ Македониядан келгенде, Пауыл өзін толығымен Құдай сөзін уағыздауға арнап, яһудилерге Исаның Мәсіх екенін дәлелдеп, куәлік етіп жүрді+. 6 Алайда олар қарсы шығып, оған тіл тигізгендіктен, Пауыл киімін қағып+: “Өз қандарың өз мойындарыңда+. Мен кінәлі емеспін+. Енді басқа ұлттарға бет бұрамын+”,— деді. 7 Сөйтіп, мәжілісханадан шығып, Құдайға ғибадат ететін Титий Иусттың үйіне барды. Оның үйі мәжілісханаға іргелес тұрған еді. 8 Мәжілісхана жетекшісі Крисіп+ бүкіл үй ішімен Иемізге сенді. Ізгі хабарды естіген көптеген қорынттықтар да сеніп, шомылдыру рәсімінен өтті. 9 Түнде Пауыл аян алып, Иеміздің былай дегенін естіді: “Қорықпа, үнсіз қалмай айта бер. 10 Мен саған жар боламын+. Ешкім де саған зиян келтіре алмайды, өйткені бұл қалада менің адамдарым көп”. 11 Содан Пауыл бір жарым жыл бойы сол жерде болып, Құдай сөзін үйретті.
12 Галлион Ахая аймақ әміршісі* болған уақытта, яһудилер бірігіп, Пауылға қарсы шықты. Оны төрелік орнына апарып: 13 “Мына адам халықты заңға қайшы жолмен Құдайға ғибадат етуге үгіттеп жүр”,— деді. 14 Пауыл енді сөйлей бергенде, Галлион былай деді: “Яһудилер, бұл кісі қандай да бір жаман іс не ауыр қылмыс жасаса, сендерді сабырлықпен тыңдауыма болар еді. 15 Алайда таластарың сөздерге, есімдерге және заңдарыңа+ қатысты болса, оны өздерің шешіңдер. Мен мұндай істерге төрелік еткім келмейді”. 16 Содан оларды төрелік орнынан қуып жіберді. 17 Олар мәжілісхана жетекшісі Состенді+ ұстап алып, төрелік орнының алдында ұра бастады. Ал Галлионның бұнымен шаруасы болған жоқ.
18 Пауыл сол жерде біраз күн болған соң, бауырластармен қош айтысып, Прискила және Ақиламен бірге Сирияға жүзіп кетті. Құдайға берген антына сай, ол Кенхреяда+ шашын алғызды. 19 Ефеске жеткен соң, Пауыл оларды қалдырып, мәжілісханаға барды да, яһудилермен Жазбалардың негізінде пікір алысты+. 20 Олар Пауылдан тағы біраз уақытқа қалуын өтінгенмен, ол бұған көнбей: 21 “Ехобаның еркіне сай болса, сендерге қайта келермін”,— деп, қоштасып кетті. Содан Ефестен кемеге отырып, 22 Кесарияға жетті. Иерусалимге барған соң, қауымға сәлем беріп, Антиохияға қарай жол тартты+.
23 Сонда біраз уақыт болған соң, тағы да жолға шықты. Ол Ғалатия мен Фригия+ аймақтарындағы түрлі жерлерді аралап, барлық шәкірттерді жігерлендіріп жүрді+.
24 Сол уақытта Ефеске Александрияда туып-өскен Аполлос+ есімді яһуди келді. Ол Жазбаларды жақсы білетін сөзге шешен адам еді. 25 Ехобаның жолдары туралы ауызша білім алған Аполлос рухпен жалындап, Иса жайлы тура сөйлеп, дұрыс тәлім беріп жүрді, алайда ол тек Жақияның шомылдыру рәсімін ғана білетін. 26 Бірде ол мәжілісханада батыл сөйлей бастады. Оны тыңдаған Прискила мен Ақила+ өздерімен бірге алып кетіп, Құдай жолын дәлірек түсіндіріп берді. 27 Аполлос Ахаяға барғысы келгендіктен, бауырластар сол жердегі шәкірттерге хат жазып, оны жылы қарсы алуын сұрады. Сонда жеткен соң, Аполлос Құдайдың рақымымен сенгендерге көп көмек көрсетті: 28 ол Исаның Мәсіх екенін Жазбалардан көрсетіп+, яһудилердің жаңылысып жүргенін зор құлшыныспен жұрт алдында жан-жақты дәлелдеді.