Шәкірт дайындау үшін уағыздаңдар
“Оны [Аполлосты] тыңдаған Прискила мен Ақила үйіне шақырып, Тәңір жолын толығырақ түсіндіріп берді” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 18:26).
1. а) “Жалындаған рухпен” сөйлегенімен Аполлосқа не жетіспеді? ә) Аполлосқа рухани нәрселерді толығырақ түсіну үшін не қажет еді?
ПРИСКИЛА мен Ақила, бірінші ғасырда өмір сүрген мәсіхші ерлі-зайыптылар, Аполлостың Ефес қаласындағы мәжілісханада баяндама айтып тұрғанын байқайды. Шешендігімен әрі барынша сендіре сөйлеу қабілетімен ол тыңдаушыларының назарын жаулап алады. Аполлос “жалындаған рухпен” және “Иса туралы дұрыс үйрететін”. Алайда ол “Жақияның шомылдыру рәсімін ғана” білетін. Оның Мәсіх туралы айтқан уағызы шындық еді, бірақ шектеулі болатын. Себебі оның Мәсіх туралы білімі толық емес еді. Аполлос Иса Мәсіхтің Ехобаның еркінде алатын орны туралы көбірек білім алу керектін (Елшілердің істері 18:24—26).
2. Прискила мен Ақила қандай қиын тапсырмадан бас тартпаған?
2 Прискила мен Ақила Аполлосқа Мәсіхтің нұсқауларының “бәрін” орындаушы болуға көмектесуге даяр болғандарында сөз жоқ (Матай 28:19, 20). Киелі кітапта олардың Аполлосты ‘үйіне шақырып, Тәңір жолын толығырақ түсіндіріп бергені’ жөнінде айтылған. Алайда кейбір мәсіхшілердің Аполлосқа тәлім беруден қашқақтауына себеп болған жайттар бар. Ол не қылған жайттар болды екен? Прискила мен Ақиланың Аполлоспен Жазбаларды талқылауға күш салғандарынан қандай сабақ алуға болады? Қалай Жазбалардағы осы тарихи оқиғаны қарастырғанымыз өзгелермен үй жағдайында Киелі кітапты зерттеуді бастауға баса назар қоюға көмектеседі?
Өзгелерге көңіл қойыңдар
3. Неге Аполлостың шыққан ортасы Прискила мен Ақиланың оған тәлім беруіне кедергі болмады?
3 Яһуди отбасында туған Аполлос Ескендірияда өсіп ержеткен болса керек. Ол кезде Ескендірия Мысырдың астанасы әрі елге танымал еңселі кітапханалары бар жоғарғы білім алу орталығы болған. Онда ғалымдарды қоса алғанда, көп яһудилер тұратын. Септуагинт деген атаумен белгілі Еврей жазбаларының грек тіліндегі аудармасы да сол жерден шыққан. Сондықтан Аполлостың “Киелі жазбалардан молынан хабардар” болғаны таңқаларлық емес. Ал Ақила мен Прискиланың кәсібі шатыр жасау болған. Аполлостың шешендігі оларды шошытты ма? Жоқ. Олар сүйіспеншілікпен Аполлостың өзіне, қажеттіліктеріне және оған қалай көмектесе алатындықтарына көңіл қойған.
4. Аполлос өзіне қажетті көмекті қайдан және қалай алған?
4 Қаншалықты шешен болғанына қарамастан Аполлосқа бағыт-бағдар керек-тін. Оған қажетті көмекті ешқандай жоғарғы оқу орны бере алмайтын, оны тек мәсіхшілер қауымының мүшелері бере алатын. Аполлос Құдайдың құтқарылуға қатысты шарасы турасында анығырақ түсінік алады да. Прискила мен Ақила оны “үйіне шақырып, Тәңір жолын толығырақ түсіндіріп береді”.
5. Прискила мен Ақиланың рухани күйі туралы не дер едіңдер?
5 Прискила мен Ақила рухани берік әрі шындыққа нық орныққан болатын. Адамның бай не кедей, оқымысты не құл болғанына қарамай олардың ‘үміттерін түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын’ болғандары даусыз (1 Петір 3:15). Ақила мен оның әйелі ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрете’ білген (2 Тімотеге 2:15). Бұдан олардың Жазбаларға ден қойып зерттегендері анық көрінеді. Аполлос адамның жүрегіне жететін “тірі, әсері де күшті” Құдай Сөзіне негізделіп берілген нұсқауларға қатты риза болады (Еврейлерге 4:12).
6. Аполлостың алған көмегіне риза болғанын біз қайдан білеміз?
6 Аполлос оқытушыларының үлгісінен әсер алып, шәкірт дайындау ісінде анағұрлым білікті болып алады. Ол алған білімін ізгі хабарды уағыздау ісінде, әсіресе яһудилер арасында уағыздағанда, барынша тиімді қолданады. Аполлос яһудилерді Мәсіхке сендіруге айрықша қабілетті болған. “Киелі жазбалардан молынан хабардар” ол яһудилерге ілгерідегі пайғамбарлардың бәрі Мәсіхтің келетінін айтқандарын дәлелдеп бере алатын (Елшілердің істері 18:24). Киелі кітапта бұдан кейін Аполлостың Ахаяға барып, сонда ‘Тәңірдің рақымымен оларға үлкен көмек көрсетіп, ашық айтыстарда Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін Киелі жазбаларға сүйене отыра дәлелдеп, яһудилердің ой-пікірлерінің дұрыс еместігін әшкерелегені’ айтылған (Елшілердің істері 18:27, 28).
Өзгелердің үлгісінен сабақ алыңдар
7. Ақила мен Прискиланың шебер оқытушы болуларына ықпал еткен не?
7 Қалай Ақила мен Прискила Құдай Сөзінің шебер оқытушысы болды? Олардың барын салып жеке зерттеумен айналысқандары мен қауым кездесулерінен қалмайтындықтары, сондай-ақ Пауылмен тығыз қарым-қатынаста болғандықтарының зор көмегі тиген. Пауыл 18 ай бойы Прискила мен Ақиланың Қорынттағы үйлерінде бірге тұрған. Олар бірге жұмыс істеп, шатыр жасап не оны жамаумен айналысатын (Елшілердің істері 18:2, 3). Олардың арасында қандай терең рухани әңгімелердің болғанын ойлап көріңдерші. Пауылмен осындай қарым-қатынаста болғаны олардың рухани жақсы күйде болуларына қалай ықпал етті десеңдерші! Осыған орай, Нақыл сөздер 13:20-да: “Ақылдымен араласқан ақылды болады”,— делінген. Иә, жақсы адаммен араласқандары олардың рухани күйлеріне қатты әсер еткен (1 Қорынттықтарға 15:33).
8. Пауылдың қызметін байқап жүрген Прискила мен Ақила одан қандай сабақ алған?
8 Ақилалар Пауылды Патшалықтың жариялаушысы ретінде керемет тәлімгер екенін көре білген. Елшілердің істері кітабында Пауылдың ‘әр сенбі сайын ол [Қорынттағы] мәжілісханада сөз сөйлеп, яһудилер мен гректерді Ізгі хабарға сендіргені’ айтылған. Ал кейінірек Пауыл Сыйлас және Тімотелермен бірге ‘өзін түгелдей уағыз жұмысына арнап, яһудилерге Исаның Құтқарушы Мәсіх екеніне куәлік келтірумен болды’. Прискила мен Ақила мәжілісхана мүшелерінің қызығушылығының аз екенін сезген Пауылдың уағыздайтын орнын мәжілісханаға көршілес тұрған үйге ауыстырғанын байқаған. Сол жерде ол Крисп деген ‘мәжілісхана басшысының’ да мәсіхші болуына көмектескен. Прискила мен Ақила сондай адамды шәкірт етудің айналадағыларға өте пайдалы әрі жақсы әсер еткенін байқаса керек. Киелі кітапта бұл турасында былай делінген: “Крисп және оның үй іші түгелдей Иемізге сенді. Пауылдың уағызын тыңдаған көптеген қорынттықтар сенімді қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтті” (Елшілердің істері 18:4—8).
9. Пауылдың үлгісі Прискила мен Ақилаға қалай әсер еткен?
9 Пауылдың танаптағы қызметіне Прискила мен Ақила іспетті басқа да жариялаушылар еліктеген. Елшінің өзі мәсіхшілерді: “Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!” — деп шақырған (1 Қорынттықтарға 11:1). Пауылдан үлгі алған Прискила мен Ақила Аполлосқа мәсіхшілер ілімін анағұрлым дұрыс түсінуге көмектескен. Өз кезегінде, ол да басқаларға қолғабыс болған. Прискила мен Ақиланың Рим, Қорынт, Ефес қалаларында да шәкірт дайындауға қол ұшын бергендерінде күмән жоқ (Елшілердің істері 18:1, 2, 18, 19; Римдіктерге 16:3—5).
10. Елшілердің істері кітабының 18-тарауынан шәкірт дайындау ісінде көмектесетін қандай сабақ алдыңдар?
10 Елшілердің істері кітабының 18-тарауын қарастыру арқылы біз не нәрсеге үйрендік? Пауылдан үйренген Ақила мен Прискила іспетті шәкірт дайындау ісіндегі қабілетімізді арттыра түсу үшін Құдай Сөзінің жақсы тәлімгерлерінен үлгі-өнеге алуымызға болады. Өздерін ‘түгелдей уағыз жұмысына арнап, куәлік келтірумен болатын’ бауырластармен араласып тұруымызға болады (Елшілердің істері 18:5). Сондай-ақ қалай олардың сендіре сөйлеу шеберлігін қолданып, өзгелердің жүректеріне жол табатынын байқауымызға да болады. Мұндай шеберлік шәкірт дайындауда көмектеседі. Егер біреумен Киелі кітапты зерттеп жүрген болсақ, оған зерттеу сабағына отбасы мүшелерін не көршілерін шақыруға кеңес беруге және Киелі кітапты зерттеуге ұсыныс жасауға болатын адамдарды білетін болса, айтуын өтінуге болады (Елшілердің істері 18:6—8).
Шәкірт дайындауға мүмкіндіктер туғызыңдар
11. Жаңа шәкірттерді қайдан іздеуге болады?
11 Пауыл мен бауырластары үйме-үй жүріп, базарларда, жол жүргенде, бір сөзбен айтқанда, барлық жерде, шәкірт дайындаудың жолын іздеген. Патшалықтың құлшынысты қызметшісі ретінде шәкірт дайындаудың жолын іздеп қызметіңнің аясын кеңейте алар ма едің? Лайықтыларды іздеу мүмкіндігін тиімді пайдаланып, соларға уағыздай аласың ба? Ізгі хабарды жариялап жүрген бауырластарымыз шәкірт даярлауда қандай тәсілдерді қолданып жүр екен? Алдымен сымтетік арқылы қалай куәлік беріліп жатқанын қарастырып көрелік.
12—14. Сымтетік арқылы куәлік етудің пайдалы жақтарына қатысты өзіңмен болған немесе абзацта келтірілген мысалдардың бірін келтіріңдер.
12 Бразилияда үйме-үй уағыз айтып жүріп бір мәсіхші, оны Мария деп атайық, көп қабатты үйде тұратын бір жас әйелге трактат ұсынады. Ол ұсыныс ретінде басылымның мұқабасындағы тақырыпты қолданып: “Киелі кітап туралы көбірек білгіңіз келе ме?” — деп сұрайды. Әйел: “Иә, білгім келеді. Бірақ мен мұғаліммін. Бар уақытымды сабақ беруге сарып етемін”,— деп жауап береді. Мария Киелі кітапқа негізделіп сымтетік арқылы әңгімелесуге болатынын айтады. Содан әлгі әйел сымтетік нөмірін береді де, сол күні кешке “Құдай бізден нені талап етеді?”a брошюрасы арқылы зерттеу сабағы басталады.
13 Сымтетік арқылы куәлік беріп жатып, ефиопиялық бір толық уақытты қызметші тұтқаның арғы жағынан ер кісінің көтеріңкі даусын естіп қорқып қалады. Ол кейінірек хабарласуын сұрайды. Бауырласымыз қайта хабарласқанда, әлгі кісі кешірім сұрап, бұдан алдын әйелі екеуі қатты жанжалдасып жатқанын айтады. Жариялаушы мұны Киелі кітапта отбасы проблемаларын шешуге қатысты дана басшылық беретінін айтудың мүмкіндігі деп қарастырады. Ол көп отбасына Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Отбасы бақытының сыры” кітабының көмектескенін айтады. Содан кітап берілген соң, бірнеше күннен кейін қайта хабарласады. Әлгі кісі: “Бұл кітап отбасымды ойран болудан сақтап қалды!” — деп дауыстап жібереді. Ол отбасын жиып, аталмыш кітаптан оқыған жақсы ойлармен бөлісіпті. Үй жағдайында Киелі кітапты зерттеу басталып, көп ұзамай жаңағы кісі мәсіхшілердің кездесулеріне үзбей қатыса бастайды.
14 Сымтетікпен куәлік ету арқылы Киелі кітапты зерттеу сабағын бастаған даниялық бір жариялаушы былай деді: “Қызмет бақылаушысы маған сымтетік арқылы да куәлік етіп көруге кеңес берді. Бастапқыда мен қобалжып, оған: — Мұндай қызмет мен үшін емес,— дедім. Бірақ мен бірде бар батылдығымды жиып, бастап көрдім. Сымтетік тұтқасын Сония деген кісі алды да, қысқаша әңгімеден кейін, Киелі кітапқа негізделген әдебиетті алуға келісті. Бір күні кешке біз жаратылыс туралы әңгімелестік. Ол “Тіршілік қалай пайда болды? Эволюция жолымен бе, әлде жаратылды ма?”b кітабын оқығысы келетінін айтты. Мен кездесіп, тақырыпты бірге талқылағанымыз жақсы боларын айттым. Ол келісті. Мен келгенде, Сония зерттеуге даяр еді. Содан бері апта сайын сабақ өтіп жүрміз”. Бауырласымыз сөзін былай аяқтады: “Көп жыл бойы Киелі кітапты оқитын адам табылғанын сұрап, дұға етіп жүр едім, бірақ мен ондай адам бір рет сымтетік арқылы куәлік еткеннен кейін табылады деп күтпеген едім”.
15, 16. Әр түрлі жолдармен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастаудың пайдасын көрсететін қандай мысалдар келтіре аласыңдар?
15 Көп бауырластар адам бар жерлердің бәрінде куәлік етіңдер деген кеңеске құлақ асып, қуанышпен жемісті қызмет етіп жүр. Бір мәсіхші әйел көлігін сауда фургонының жанындағы көлікжайға қояды. Сатушы әйел оған бұрылып қарағанда, бауырласымыз Киелі кітапқа негізделген ағарту ісіміздің мәнін түсіндіре бастайды. Ол тыңдайды да, фургоннан шығып, бауырласымыздың көлігінің қасына келіп: “Тоқтап менімен сөйлескеніңізге сондай қуаныштымын. Көп уақыттан бері сіздердің Киелі кітапқа негізделген әдебиеттеріңіздің ешқайсысы қолыма тимей жүр еді. Киелі кітапты зерттеуді қайта бастасам деймін. Сіз менімен зерттей алмас па едіңіз?” — дейді. Осылайша, бауырласымыз ізгі хабарды жеткізудің мүмкіндігін пайдаланған.
16 Құрама Штаттарда бір әйел бауырласымыз қарттар үйлеріне барғанда мынадай оқиға болған. Ол қызметкерлерінің бірімен кездесіп, оған өз еркімен сондағылардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектескісі келетінін айтады. Бауырласымыз қатысқысы келгендердің бәріне қуана-қуана апта сайын ақысыз Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізетінін де айтады. Мекеме қызметкері оның әр түрлі бөлмелерге кіріп шығуға қатысты өтінішімен келіседі. Көп ұзамай бауырласымыз жалпы саны 26 адаммен аптасына үш рет Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізеді. Ал олардың біреуі үзбей кездесулерге де барып тұратын болады.
17. Киелі кітапты зерттеу сабағын бастау үшін жиі қандай тәсіл тиімді?
17 Кейбір жариялаушылар тікелей Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынып, мұның нәтижесі жақсы болған. Бір күні таңертең 105 жариялаушысы бар бір қауым өздері кездестірген әрбір үй иесіне Киелі кітапты зерттеуді ұсынуды мақсат етеді. Сексен алты жариялаушы қызметке шығып, екі сағат уағыздап, кем дегенде 15 кісімен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды.
Лайықты адамдарды іздей беріңдер
18, 19. Біз Исаның қандай маңызды нұсқауын есте ұстауымыз және ол үшін не нәрсеге бел бууымыз керек?
18 Патшалықтың жариялаушысы ретінде сендердің осы мақалада аталып өтілген кеңестерді қолданғыларың келетін болар. Әрине, уағыздау тәсілін қолдануға қатысты жергілікті әдет-ғұрыпты ескерген абзал. Ал, ең бастысы, әрқашан Исаның лайықтыларды іздеп, олардың шәкірт болуларына көмектесуіміз керектігіне қатысты берген нұсқауын есте ұсталық (Матай 10:11; 28:19).
19 Ал ол үшін, ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретейік’. Біз бұны Жазбаларға берік негізделіп, сендіре сөйлеу арқылы жүзеге асыра аламыз. Бұлай еткеніміз шындықты қабылдауға бейім адамдардың жүректеріне жол тауып, әрекет етуге талпындыруымызға көмектеседі. Егер дұға арқылы Ехобаға арқа сүйер болсақ, адамдардың Иса Мәсіхтің шәкірті болуларына қолғабыс ете аламыз. Қандай батасы мол жұмыс десеңші! Сондықтан шәкірт дайындау мақсатымен уағыздайтын Ехобаның құлшынысқа толы жариялаушылары ретінде даңқын арттыра беру арқылы ‘Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыла берелік’ (2 Тімотеге 2:15).
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Естеріңде ме?
• Неге Аполлосқа Тәңір жолы туралы толығырақ білім алу қажет болған?
• Қандай жайттарда Прискила мен Ақила Пауылдан үлгі алған?
• Елшілердің істері кітабының 18-тарауынан шәкірт дайындау ісіне қатысты не нәрсеге үйрендіңдер?
• Қалай шәкірт дайындаудың жолдарын іздеуге болады?
[17-беттегі сурет]
Прискила мен Ақила Аполлосқа ‘Тәңір жолын толығырақ түсіндіріп берген’
[18-беттегі сурет]
Аполлос шебер шәкірт дайындаушы болған
[19-беттегі сурет]
Пауыл жүрген жерінің бәрінде уағыз айтқан