Мұсаның 1-жазбасы
49 Кейінірек Жақып ұлдарын шақырып, былай деді: “Бәрің қасыма жиналыңдар, сендермен соңғы күндері не болатынын айтып берейін. 2 Жақыптың ұлдары, бас қосыңдар да, тыңдаңдар. Әкелерің Исраилдің сөзіне құлақ салыңдар.
3 Рубен+, сен менің тұңғышымсың+, менің күш-жігерімсің, бел қуатымның бастамасысың. Мәртебең биік, билігің асқақ еді. 4 Бірақ сен асқақтама, өйткені бассыздығың буырқанған судай тасып, әкеңнің жатқан орнын аяқасты еттің+. Сен төсегімді былғадың. Ол менің төсегіме шықты!
5 Шимон мен Леуі екеуі ағайынды+. Олардың семсері — зорлық-зомбылықтың құралы+. 6 Уа, жаным, оларға жақындама. Уа, абыройым*, олардың тобына қосылма. Өйткені ашу үстінде олар кісі өлтірді+, қызық үшін бұқаның сіңірін кесті. 7 Қарғыс атсын олардың жүгенсіз ашуын, лағынет атсын олардың қатыгез қаһарын+. Мен оларды Жақыптың жеріне бытыратамын, Исраилдің арасына шашыратамын+.
8 Яһуда+, бауырларың сені мадақтайды+. Қолың жауларыңның желкесінен түспейді+. Әкеңнің ұлдары алдыңа келіп тағзым етеді+. 9 Яһуда — арыстанның күшігі+. Ұлым, сен жемтігіңді жеп, орныңнан тұрасың. Ол арыстандай жерге жатып, керіліп-созылады. Оны мазалауға кімнің дәті барады? 10 Халықтар мойынсұнатын+ Шило* келмейінше+, Яһуданың қолынан патша асатаяғы*+, тізесінің арасынан басқарушының асатаяғы* алынбайды. 11 Есегін жүзім бұтасына, тайқарын ең жақсы жүзім бұтасына байлап, киімін шарапқа, жамылғысын жүзім шырынына жуады. 12 Шарап ішкеннен оның көздері қып-қызыл, сүт ішкеннен тістері аппақ.
13 Забулон+ теңіз жағасында, кемелер зәкір тастайтын жағалауда мекендейтін болады+. Ал қиырдағы шегарасы Сидонға қарай созылмақ+.
14 Исахар+ екі қоржынның ортасында жатқан сүйегі мықты есекке ұқсайды. 15 Ол тұратын мекенінің жайлы, жерінің шұрайлы екенін көреді. Жүк артуға иығын тосып, ауыр жұмысқа көнетін болады.
16 Дан+, Исраилдің бір руы, бүкіл халқына сот жүргізеді+. 17 Дан жол бойында жатқан жыланға, жол жиегіндегі мүйізді жыланға ұқсасын. Ол атты аяғынан шағып, салт аттыны шалқасынан құлатады+. 18 Уа, Ехоба, мен сенің құтқаратын уақытыңды күтемін.
19 Ғадқа+ тонаушылар тобы шабуыл жасайды, бірақ ол жауын өкшелеп қуатын болады+.
20 Аширдің+ наны мол болып, патшалар жеуге лайықты тағамдармен қамтамасыз етеді+.
21 Нафталим+ сымбатты да жүйрік маралдай. Оның аузынан әдемі сөздер шығады+.
22 Жүсіп+ — жемісті ағаштың өркені. Ол — бұлақ басында өсіп, бұталары дуалдан асып тұрған ағаштың өркені. 23 Бірақ садақшылар ызаланып, оған оқ атып, тіс қайрады+. 24 Алайда оның садағы үнемі керулі тұрды+, қолдары күшті әрі епті болды+. Исраилдің бағушысы әрі сүйеніш тасы — Жақыптың құдіретті Құдайының берген сыйы. 25 Оны* әкесі сиынған Құдай берді. Құдай саған көмектеседі. Құдіреті шексіз Құдай саған жар болады. Ол саған көктен бата жаудырады, жерасты суларын молынан ағызады+. Бала-шағаң мен отар-табының аса көп болады. 26 Әкеңнің баталары мәңгі тұрған таулардың баталарынан да, ғасырлар бойы тұрған қыр-төбелердің сұлулығынан да асып түседі+. Бұл баталар бауырларының арасынан таңдап алынған Жүсіптің басына қона бермек+.
27 Бениямин+ қасқыр сияқты жемтігін паршалайды+. Таңертең ол аулаған аңын жейді, кешкісін олжасын бөліседі+”.
28 Бұл — Исраилдің он екі руы тараған ұлдарына әкелерінің берген батасы. Ол әр ұлына тиісті батасын берді+.
29 Содан кейін әкесі ұлдарына былай деп аманатын айтты: “Мен ата-бабаларыма қосылғалы* жатырмын+. Сүйегімді хеттік Ефронның жеріндегі үңгірге+, әкелерімнің қасына, қойыңдар. 30 Қанахан жеріндегі Мамренің тұсындағы Махпела танабындағы сол үңгірді меншікті зират ету үшін, Ыбырайым хеттік Ефроннан сатып алған. 31 Ол жерде Ыбырайым мен әйелі Сараның, Ысқақ пен әйелі Рабиғаның сүйегі жатыр+. Мен Лияны да сол қабірге қойғанмын. 32 Сол танап үңгірімен қоса Хет ұлдарынан+ сатып алынған”.
33 Осылай Жақып ұлдарына аманатын айтып болды. Сосын аяғын созып төсегіне жатты да, соңғы демін шығарып, ата-бабаларына қосылды+.