Мұсаның 1-жазбасы
38 Сол күндері Яһуда бауырларының қасынан кетіп, Хирах есімді адолламдық кісінің маңына шатырын тікті. 2 Сол жерде Яһуда Шуа есімді бір қанахандықтың қызын әйелдікке алып+, онымен жақындасты. 3 Содан әйелі бала көтеріп, ұл туды. Оның есімін Ер+ деп қойды. 4 Кейін ол қайтадан жүкті болып, ұл тапты да, есімін Онан деп қойды. 5 Бұдан соң ол тағы да ұлды болып, оны Шелах деп атады. Әйелі босанғанда, Яһуда Ақзипта+ еді.
6 Кейін Яһуда баласы Ерге әйел алып берді. Оның есімі Тамар+ болатын. 7 Бірақ Яһуданың тұңғыш ұлы Ердің іс-әрекеті Ехобаға жеккөрінішті болды. Сондықтан Ехоба оны тірі қалдырмады. 8 Сонда Яһуда Онанға: “Әмеңгер болып жеңгеңе үйлен, осылай марқұм ағаңның артынан ұрпақ қалдыр”+,— деді. 9 Бірақ Онан туылатын бала өзінікі болмайтынын біліп+, жеңгесімен жақындасқанда, ағасының соңынан ұрпақ қалдырмау үшін, шәуетін жерге төгіп тастап отырды+. 10 Онанның бұл ісін Ехоба жек көріп, оны да тірі қалдырмады+. 11 Сонда Яһуда келіні Тамарға: “Ұлым Шелах ержеткенше, әкеңнің үйінде жесір болып отыра тұр”,— деді. Өйткені ол іштей: “Бұл да ағалары іспетті өліп қалмасын”+,— деген еді. Содан Тамар әкесінің үйіне барып, сол жерде тұрып жатты.
12 Біраз уақыт өткен соң, Яһуданың әйелі, Шуаның қызы+, қайтыс болды. Аза тұту күндері аяқталған соң, Яһуда адолламдық досы Хирахты+ ертіп, Тимнада+ қой қырқып жатқан қызметшілеріне кетті. 13 Тамарға “қайын атаң қойларын қырқу үшін Тимнаға бара жатыр” деген хабар жетті. 14 Сонда ол жесірлік киімін ауыстырып, орамал жамылып, бетін жауып алды да, Тимнаға бара жатқан жолдағы Енайым қаласына кіреберіс жерде отырды. Өйткені Шелах ер жетсе де, қайын атасы өзін оған қоспай қойған еді+.
15 Яһуда әйелді көргенде, жезөкше екен деп ойлап қалды, өйткені әйел бетін жауып алған еді. 16 Ол жолдан бұрылып, әйелдің қасына барды да: “Сенімен жатып шығайын”,— деді. Яһуда оның өз келіні екенін білген жоқ+. Сонда әйел: “Сізбен жатып шықсам, маған не бересіз?”— деп сұрады. 17 Ол: “Саған отарымнан бір лақ беріп жіберемін”,— дегенде, әйел: “Оны беріп жіберетініңізге кепілдік болатын бірдеңе қалдырасыз ба?”— деді. 18 Яһуда: “Кепілдікке не берейін?”— деп сұрағанда, әйел: “Мөрлі жүзігіңізді+, оның бауын және қолыңыздағы таяғыңызды беріңіз”,— деді. Сұрағанын беріп, Яһуда онымен жатып шықты. Содан әйел одан жүкті болды. 19 Кейін ол сол жерден кетіп, орамалын шешіп, жесірлік киімін қайта киіп алды.
20 Яһуда кепілдікке қалдырған заттарын қайтару үшін, адолламдық+ досы арқылы әйелге лақ беріп жіберді, бірақ ол әйелді еш жерден таба алмады. 21 Сол төңіректегі адамдардан: “Енайымда жол бойында отырған жезөкше* қайда?”— деп сұрағанда, олар: “Мұнда ешқашан жезөкше болған емес”,— деп жауап берді. 22 Ол Яһудаға қайтып келіп: “Әйелді еш жерден таппадым. Оның үстіне, жергілікті адамдар сол жерде ешқашан жезөкшенің болмағанын айтты”,— деді. 23 Сонда Яһуда: “Онда заттарым әйелде қала берсін, әйтпесе оны іздейміз деп, өзіміз масқара болармыз. Мен лақты жіберуін жібердім, бірақ сен әйелді таба алмадың”,— деді.
24 Шамамен үш айдан соң Яһудаға “келінің Тамар жезөкшелік жасап, жүкті болып қалды” деген хабар жетті. Сонда Яһуда: “Оны сырт жаққа шығарып, өлтіріңдер де, өртеп жіберіңдер”+,— деді. 25 Әйелді әкетіп бара жатқанда, ол қайын атасына мынадай хабар жіберді: “Мен мына заттардың иесінен жүкті болдым”. Сосын былай деп қосты: “Мына мөрлі жүзіктің, оның бауы мен таяқтың иесі кім екенін анықтап біліңізші”+. 26 Яһуда заттарын танып: “Ол маған қарағанда әділірек екен, өйткені мен оны ұлым Шелахқа қоспаған едім”+,— деді. Бұдан кейін Яһуда Тамармен жақындасқан жоқ.
27 Босанатын уақыты келгенде, Тамардың егіз туатыны белгілі болды. 28 Ол босанып жатқанда, алдымен біреуінің қолы шықты. Сонда босандырушы әйел: “Бұл бірінші болып шықты”,— деп, дереу баланың қолына ал қызыл жіп байлады. 29 Бірақ бала қолын қайта тартып алды да, оның сыңары бірінші болып туылды. Босандырушы әйел таңғалып: “Сен қалайша бірінші болып жарып шықтың?!”— деді. Сондықтан баланың есімін Парес*+ деп қойды. 30 Оның артынша қолына ал қызыл жіп байланған сыңары шықты. Ал оған Зарах*+ деген есім берілді.