Әйүп
8 Сонда шуахтық+ Билдад+ былай деп жауап қатты:
2 “Қашанғы бұлай сөйлей бересің+?
Сөзді дауылдай бұрқыраттың!
3 Құдіреті шексіз Құдай әділдікті бұрмалай ма?
Дұрысты бұрыс қыла ма?
4 Балаларың оған қарсы күнә жасағандықтан,
Ол бүліктерінің жазасын тартқызған ғой.
5 Бірақ Құдайға бет бұрып+,
Құдіреті шексіз Құдайдан рақым етуін өтінсең,
6 Шынымен таза да әділ болсаң+,
Ол саған назар салып,
Тиесілі орныңа қайтарып, бәрін өз қалпына келтірер еді.
7 Сонда бастапқыда бейшара болғаныңмен,
Болашақта тасың өрге қарай домалар еді+.
8 Аға буыннан сұрастырып,
Олардың әкелерінің ізденістеріне ден қойшы+.
9 Себебі біздің туылғанымыз кеше ғана, ештеңе де білмейміз,
Жер бетіндегі өміріміз болса көлеңке іспетті өткінші.
10 Ал олар саған тәлім беріп,
Көрген-білгенін үйретеді емес пе?
11 Батпақ болмаса, папирус биік боп өсе ме?
Су болмаса, қамыс өсе ме?
12 Ол бүршік жарғанда-ақ, орылмай жатып-ақ,
Басқа өсімдіктерден бұрын қурап қалмай ма?
13 Құдайды ұмытқандардың бәрінің ақыры осындай болмақ,
Себебі құдайсыздың үміті еш ақталмайды.
14 Оның сүйеніші әлжуаз,
Тіреніші өрмекшінің өрмегіндей осал.
15 Құдайсыз адам үйіне сүйенсе, ол қирап қалады,
Мықтап ұстауға тырысса, бұған да төзбейді.
16 Ол күн астында жайқалып тұрған,
Сабақтары бүкіл баққа жайылған өсімдікке ұқсайды+.
17 Тамырлары болса үйілген тастарға шырмалып,
Оларды өз үйіндей көреді.
18 Бірақ жұлынып тасталғанда,
Сол жердің өзі: —Мен сені танымаймын,— деп одан бас тартады+.
19 Міне, осылай ол жоқ боп құриды+,
Ал орнына жерден басқа өсімдіктер шығады.
20 Құдай мінсіз адамдардан бас тартпайды,
Ал зұлымдарды қолдамайды.
21 Құдай әлі де езуіңнен күлкі,
Көмейіңнен шаттық үні кетпейтіндей ете алады.
22 Ал сені жек көретіндер ұятқа қалады,
Зұлымның шатыры ойран болады”.