Еремия
30 Ехоба Еремияға сөзін арнап былай деді: 2 “Исраилдің Құдайы Ехоба мынаны айтады: —Мен саған айтқан сөздердің бәрін кітапқа жазып қой. 3 Өйткені тұтқындағы халқымды, Исраил мен Яһуданы, жинайтын күндер келе жатыр+,— дейді Ехоба.— Мен оларды ата-бабаларына берген осы жерге алып келемін,— дейді Ехоба,— олар осы жерді қайтадан иемденетін болады+”.
4 Бұл — Ехобаның Исраил мен Яһудаға айтқан сөздері.
5 Ехоба мынаны айтады:
“Діріл қаққандардың дыбысы естіледі,
Мұнда қорқыныш жайлаған, еш тыныштық жоқ.
6 Сұрастырып көріңдерші, ер адам босана ала ма екен?
Онда босанғалы жатқан әйелдей+
Мықты еркектер неге ішін ұстайды?
Бәрінің өңі неге бозарып кеткен?
7 Бұл — не деген жантүршігерлік* күн+!
Мұндай күн болған емес,
Жақыптың басына қиын-қыстау кез туды.
Бірақ ол бұдан құтқарылады”.
8 “Сол күні,— дейді Әскербасы Ехоба,— мен мойындарындағы мойынағашты сындырамын, қайыс таспаларын екіге бөлемін. Енді жатжерліктер оларды құл етпейді. 9 Олар маған, Ехоба Құдайларына, сондай-ақ өзім тағайындаған патшалары Дәуітке қызмет ететін болады+”.
10 “Сен, қызметшім Жақып, қорықпа,
Уа, Исраил, үрейленбе+.
Мен сені алыстағы жерден,
Үрім-бұтағыңды тұтқындағы елден құтқарамын+.
Жақып қайтып оралып, тыныш та алаңсыз өмір кешеді,
Ешкім оны қорқытпайды+”,— дейді Ехоба.
11 “Өйткені мен саған жар болып, құтқарамын,
Өзіңді араларына бытыратып жіберген халықтардың бәрін құртамын+,
Ал сені жойып жібермеймін+.
Сені тиісінше жөнге саламын,
Бірақ жазасыз қалдырмаймын+”,— дейді Ехоба.
12 Ехоба мынаны айтады:
“Жарақатыңның емі жоқ+.
Жараң да еш жазылмайды.
13 Сен үшін көмек іздейтін ешкім жоқ,
Іріңді жараңа еш шипа,
Өзіңе ешбір ем жоқ.
14 Сүйікті ашыналарыңның бәрі сені ұмытты+.
Олар енді сені іздемейді.
Мен сені жауың соққы бергендей соғып+,
Қатыгез адамның жазалағанындай жазаладым,
Өйткені қылмысың тым ауыр, күнәң өте көп+.
15 Жарақатыңды айтып несіне айғайлайсың?
Ауырсынуың бәрібір басылмайды!
Қылмысың тым ауыр, күнәң өте көп болғандықтан+,
Мен саған осындай жаза тартқыздым.
Сені тонағандардың өздері тоналады,
Талан-тараж еткендердің өздерін талан-тараж еткіземін+”.
17 “Олар сені “аластатылған” деп атап,
“Іздейтін ешкімі жоқ Сион”+ десе де,
Сені өзім сауықтырып, жараларыңды жазамын+”,— дейді Ехоба.
18 Ехоба мынаны айтады:
“Міне, Жақыптың шатырларына қайта келіп, тұтқында жүргендерін жинаймын+,
Оның тұрағына мейір-шапағатымды түсіремін.
Қала өзі тұрған төбеге қайта соғылады+,
Бекініс мұнарасы өз орнына тұрғызылады.
19 Сол жақтан ризашылық пен күлкінің үні естілетін болады+.
Мен оларды көбейтемін, қатарлары сиремейді+,
Олардың санын қыруар етемін*,
Ешкім оларға немкетті қарамайды+.
20 Балалары бұрынғыдай өркендейді,
Оның қауымы менің алдымда берік орнығады+.
Оны қанаушылардың бәрін жазалаймын+.
21 Оның арасынан мәртебесі зор біреу шығады,
Билеушісі өз ішінен шығады.
Оны өзіме жақындатамын, ол маған жақындайды”.
“Әйтпесе өздігінен маған жақындауға кімнің дәті барады?— дейді Ехоба.
22 —Сендер менің халқым+, ал мен сендердің Құдайларың боламын+”.
23 Міне, Ехобаның қаһары алай-дүлей дауылдай соғып+,
Борандай ұйытқып, зұлымдардың басына түседі.
24 Жүрегіндегі ой-ниетін орындап, жүзеге асырмайынша,
Ехобаның лаулаған ашуы қайтпайды+.
Сендер мұны соңғы күндері түсінесіңдер+.