Самуилдің 1-жазбасы
21 Дәуіт Ноб қаласындағы+ діни қызметкер Ахимәлікке келді. Ол Дәуітті көргенде, қорқып кетіп: “Неге жалғыз жүрсің, адамдарың қайда?”+— деп сұрады. 2 Дәуіт: “Патша маған бір іс тапсырып, “Тапсырған ісімді де, берген нұсқауларымды да ешкім білмесін” деп бұйырды. Жігіттерім келісіп алған жерде күтіп тұр”,— деді. 3 Сосын: “Ал енді бес күлше наныңыз не жейтін басқа бірдеңеңіз болса, беріңізші”,— деп өтінді. 4 Діни қызметкер: “Кәдімгі нан жоқ, киелі нан ғана бар+. Жігіттерің әйел атаулыдан бойларын аулақ ұстаған болса, берейін+”,— деді. 5 Дәуіт бұған: “Біз жорыққа шыққандағы әдетіміз бойынша әйел атаулыға жолаған жоқпыз+. Жігіттер кәдімгі жорыққа шыққанның өзінде таза жүреді, ал бүгінгідей ерекше тапсырма алғанда қалай таза болмасын?!”— деп жауап берді. 6 Сонда діни қызметкер қолында Құдайға тарту етілген нан ғана болғандықтан, оған осы киелі наннан берді+. Ахимәлік оларды Ехобаның алдынан сол күні алып, орнына жаңа пісірілгендерін қойған еді.
7 Сол уақытта Саулдың малшыларын басқаратын Дойық+ деген едомдық+ кісі Ехобаның алдына келіп, сол жерде аялдап қалған еді.
8 Дәуіт Ахимәлікке: “Сізде найза не семсер табылмас па екен? Патшаның тапсырмасы шұғыл болғандықтан семсер де, басқа қару да алып шықпаппын”,— деп сұрады. 9 Ол: “Өзің Елах аңғарында+ өлтірген філістір Ғолияттың семсері бар+. Әне, ефодтың+ ар жағында матаға ораулы жатыр. Одан басқа семсер жоқ, алам десең, соны ала бер”,— деп жауап берді. Дәуіт: “Оған тең келер семсер табылмас. Маған соны бере қойыңыз”,— деді.
10 Сол күні Дәуіт Саулдан қашқан бойы+ Ғат патшасы Ахишке келді+. 11 Сонда қызметшілері Ахишке мынаны айтты: “Мынау ана елдің патшасы Дәуіт емес пе? Жұрт би билеп, оған арнап былай деп ән салған еді ғой:
Саул мыңдаған жауды қырды,
Ал Дәуіт он мыңдағанын жайратты”+.
12 Бұл сөздерді естігенде, Дәуіттің зәре-құты қалмай, Ғат патшасы Ахиштен қатты қорықты+. 13 Сөйтіп, олардың алдында есуас болғансып+, араларында есерсоқтана бастады. Ол қақпа есіктерін шимайлап, сілекейін сақалына шұбыртып жүрді. 14 Сонда Ахиш қызметшілеріне: “Мыналарың есуас қой! Оны маған неменеге алып келдіңдер? 15 Өз есуастарым аз ба еді? Жоқ әлде маған есуастығын көрсеткілерің келді ме? Мұндай адамды үйіме қалай ғана кіргіздіңдер?!”— деді.