Жоханның 3-хаты
1 Қымбатты Гай, саған өзіңді шын жүректен жақсы көретін ақсақал жазып отыр.
2 Сүйікті бауырласым, Құдайдан денсаулығыңның жақсы болуын және барлық істе бұрынғыдай игілікке жете беруіңді тілеймін. 3 Бауырластар келіп, сенің шындықты берік ұстанып, шындық жолында жүргеніңді айтқанда, қатты қуандым+. 4 Мен үшін балаларымның шындық жолында жүргенін естуден артық қуаныш жоқ*+!
5 Сүйікті досым, сен өзіңе бейтаныс бауырластарға адал қызмет етіп жүрсің+. 6 Олар сенің сүйіспеншілігің жайлы қауым алдында айтып берді. Мұндайларды Құдайға ұнайтындай етіп шығарып салуыңды өтінемін+. 7 Себебі олар Мәсіхке сенбейтіндерден ештеңе алмай+, Құдайдың есімі үшін жолға шыққан. 8 Сондықтан мұндай адамдарға қонақжайлылық танытуға міндеттіміз+, сонда олармен шындық жолында қызметтес боламыз+.
9 Мен қауымға хат жазған едім, бірақ олардың арасында басшы болғысы келетін+ Диотреп айтқандарымызды сый-құрметпен қабылдамай жүр+. 10 Сондықтан, егер барсам, істерінің бәрін есіне саламын. Ол бізді жамандап* жүр екен+, мұнысымен қоймай, бауырластарды құрметпен қабылдамайды+, ал қабылдағысы келетіндерге кедергі жасауға және оларды қауымнан шығаруға тырысады.
11 Сүйікті бауырласым, жамандыққа емес, жақсылыққа елікте+. Жақсылық жасайтын адам Құдайдан+. Ал жамандық жасайтын адам Құдайды көрмеген+. 12 Деметір жөнінде болса бәрі жақсы сөздер айтады, әрі бұның рас екені оның шындыққа сай өмір сүргенінен көрінеді. Мұны біз де растаймыз, ал біздің сөзіміздің шын екенін өзің білесің.
13 Саған айтарым көп еді, бірақ мұны сия, қаламмен жазғым келмеді. 14 Сені жақында көремін деп үміттенемін, сонда жүзбе-жүз сөйлесеміз.
Саған тыныштық тілеймін!
Бұл жақтағы достарымыз сәлем айтып жатыр. Сен де сондағы достарымызға жеке-жеке сәлем айт.