Көзге көрінбейтінді көріп тұрғандай берік болыңдар!
“[Мұса] Көзге көрінбейтінді көріп тұрғандай берік болды” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11:27, СА).
1. Иса Таудағы уағызында Құдай туралы қандай көңіл қоярлық сөздер айтты?
ЕХОБА — көзге көрінбейтін Құдай. Мұса одан салтанатты ұлылығын көрсетуін сұрағанда, Ехоба былай деп жауап берді: “Бет-жүзімді көруіңе болмайды, өйткені оны көрген пенде тірі қалмайды” (Мысырдан шығу 33:20). Ал елші Жохан былай деп жазған: “Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес” (Жохан 1:18). Тіпті Иса Мәсіх те адам ретінде жер бетінде болған кезінде Құдайды көрмеген. Алайда Таудағы уағызында ол былай деген: “Жүректері пәк тазалар бақытты: олар Құдайды көретін болады!” (Матай 5:8). Бұлай деуімен Иса не айтқысы келді екен?
2. Неге біз Құдайды тура мағынада көре алмаймыз?
2 Киелі кітапқа сәйкес, Ехоба — көзге көрінбейтін Рух (Жохан 4:24; Қолостықтарға 1:15; 1 Тімотеге 1:17). Демек, Иса адамдардың Ехобаны тура мағынада көре алатынын айтқысы келмеген болатын. Рас, майланған мәсіхшілер рухани жаратылыс ретінде қайта тірілгенде көкте Ехобаны көреді. Сөйтсе де, жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенетін “жүректері пәк” адамдар да Құдайды ‘көре’ алады. Қай мағынада?
3. Адамдар Құдайдың кейбір қасиеттерін қалай түсіне алады?
3 Ехоба туралы кейбір нәрселерді біз оның жаратылыстарын мұқият бақылау арқылы білеміз. Оның құдіреті бізді қайран қалдырып, біз оны Жаратушы Құдай ретінде мойындаймыз (Еврейлерге 11:3; Аян 4:11). Осыған қатысты елші Пауыл былай деп жазған: “Өйткені Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік кұдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап, түсінуге болады” (Римдіктерге 1:20). Сонымен, Құдайды көруге болатындығы туралы Исаның айтқан сөздері Ехобаның кейбір қасиеттерін түсінуге қатысты болатын. Мұндай көру мүмкіндігі тура білімге негізделген және рухани мағынада, яғни “көкірек көзімен”, көруге мүмкіндік береді (Ефестіктерге 1:18, ЖД). Сонымен қатар Исаның сөздері мен істері де Құдай туралы көп нәрсені паш етеді. Сол себепті Иса: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— деген (Жохан 14:9). Иса Ехобаның тұлғасын мүлтіксіз көрсеткен. Сондықтан Исаның өмірі мен ілімі туралы білу Құдайдың кейбір қасиеттерін көруімізге, немесе түсінуімізге, көмектеседі.
Руханилықтың маңызы зор
4. Бүгінгі күні өздерінің руханисыздықтарын адамдар қалай көрсетеді?
4 Бүгінде сенім мен нағыз руханилық некен-саяқ. Пауыл: “Жұрттың бәрі бірдей сенуші емес”,— деген (2 Салониқалықтарға 3:2). Көп адамдар өмірлерін толықтай жеке бастарының мүдделеріне арнайды да, Құдайға тіпті сенбейді де. Олардың күнәлы жүріс-тұрысы мен руханисыздығы көкірек көзімен көруге мүмкіндік бермейді; Жохан жазғандай, “жамандық жасаушы Құдайды білмейді” (3 Жохан 11). Құдайды тура мағынада өз көздерімен көрмегендіктен, олар өздерінің не істеп жатқанын Құдай көрмей тұрғандай әрекет етеді (Езекиел 9:9). Олар рухани нәрселерді жек көреді, сондықтан ‘Құдай туралы білім’ ала алмайды (Нақыл сөздер 2:5, СА). Пауыл әбден дұрыс айтқан: “Өз еркімен жүретін адам [“Тәндік адам”, ЖД] Құдай Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан [“рухани тұрғыдан”, ЖД] бағалау керек” (1 Қорынттықтарға 2:14).
5. Рухани тұрғыдан қарайтын адамдар нені мойындайды?
5 Ехоба біздің бойымыздан кемшілік іздемейтін болғанмен, егер біз рухани тұрғыдан қарауға бейім болсақ, біздің жаман ойлар мен құмарлықтың жетегінде жүргенімізді оның біліп отыратынын әрқашан мойындайтын боламыз. Иә, “адамның жолы Тәңірдің көз алдында, және Ол оның басқан ізінің бәрін өлшеп отырады” (Нақыл сөздер 5:21, СА). Егер күнәкарлық бойымызды билеп алса, біз өкініп, Құдайдан кешірім іздеуге талпынамыз, өйткені біз оны сүйеміз, әрі оның жүрегін ауыртатын әрекеттер істегіміз келмейді (Забур 77:41; 129:3).
Бізді берік ететін не?
6. Берік болу деген нені білдіреді?
6 Ехоба біздің көзімізге көрінбейтін болса да, оның бізді көретінін әрқашан есте ұсталық. Оның шын мәнінде бар екенін есте ұстағанымыз, сондай-ақ ол Өзін шақырғандардың бәрінен алыс емес екеніне сенімді болғанымыз берік болуымызға, яғни Ехобаға деген адалдығымыздың берік болуына, көмектеседі (Забур 144:18). Біз Мұсаға ұқсай аламыз, ол туралы Пауыл былай деп жазған: “Мұса Тәңірге сенгендіктен патшаның қаһарынан қаймықпай, Мысырды тастап кетті. Көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болды [“Өйткені ол Көзге көрінбейтінді көріп тұрғандай берік болды”, СА]” (Еврейлерге 11:27).
7, 8. Перғауынның алдына қайта-қайта бару үшін Мұсаға батылдық берген не?
7 Құдайдың исраилдіктерді мысырлықтардың құлдығынан алып шық деген тапсырмасын орындау барысында Мұса жиі патша сарайына қатал перғауынның алдына баратын, сонымен қатар онда көптеген діни және әскери басшылар болатын. Сарайдың қабырғалары жалған тәңірлердің суреттеріне толы болған болса керек. Алайда Мұса үшін, көзге көрінбейтін болса да, Ехоба — Мысырдың жансыз құдайларын білдіретін барлық пұттарына қарағанда — расында да бар, тірі Құдай болатын. Сондықтан перғауынның алдында Мұсаның қорықпағаны таңғаларлық нәрсе емес!
8 Перғауынның алдына қайта-қайта бару үшін Мұсаға батылдық берген не? Киелі жазбаларда “Мұса... жер бетіндегі барлық адамдардың арасындағы ең жуасы болатын” делінген (Руларды санау 12:3, СА). Мысырдың қатыгез патшасының алдына ‘Көзге көрінбейтіннің’ өкілі ретінде баруына Мұсаға рухани берік болғандығы мен Құдайдың өзімен бірге екендігін білгендігі күш бергені сөзсіз. Бүгінгі күні көзге көрінбейтін Құдайды “көріп” жүргендер қалай оған сенім білдіруде?
9. Қалай мызғымас беріктік танытуға болады?
9 Көзге көрінбейтінді көріп тұрғандай сенім мен мызғымас беріктік танытудың бір жолы — қудалауға қарамастан батыл уағыз айту. Иса шәкірттеріне былай деп ескерткен: “Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады” (Лұқа 21:17). Сондай-ақ ол шәкірттеріне былай деді: “Құлдың жолы қожайынынан үлкен емес”. Күнәкар адамдар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды” (Жохан 15:20). Иса айтқандай-ақ, өзі өлгеннен кейін көп ұзамай, оның ізбасарлары қудалауға ұшырады: оларға қоқан-лоқы салатын, түрмеге жабатын, соққыға жығатын (Елшілердің істері 4:1—3, 18—21; 5:17, 18, 40). Бірақ елшілер мен Исаның басқа да шәкірттері батыл уағыздай берді (Елшілердің істері 4:29—31).
10. Ехобаның қамқор болатынына деген сенімділігіміз қызметімізде қалай көмектеседі?
10 Мұса іспетті, Исаның ертедегі ізбасарлары да көптеген көзге көрінетін жауларынан қорықпаған. Исаның шәкірттері Құдайға сенді, әрі соның арқасында олар аяусыз қуғын-сүргінге төтеп бере алды. Иә, олар Көзге көрінбейтінді көріп тұрғандай берік болудан таймаған. Бүгінгі күні, Ехобаның бізді қорғайтынын әрқашан есте ұстайтын болсақ, Патшалық туралы уағыздау ісін еш қорықпастан батыл атқаратын боламыз. Құдай Сөзінде “пендеден қорыққан тұзаққа түседі, ал Жаратқанға сенуші аман жүреді” делінген (Нақыл сөздер 29:25). Сондықтан біз қудалауға кезіккенде табанды боламыз; атқарып жүрген қызметіміз үшін еш ұялмаймыз. Сеніміміз бізді көршілерімізге, қызметтестерімізге, сыныптастарымызға, сондай-ақ басқа да адамдарға батыл куәлік етуге талпындыратын болады (Римдіктерге 1:14—16).
Көзге көрінбейтін Өзінің халқына бағыт беруде
11. Петір мен Яһуданың айтуынша, мәсіхшілердің қауымындағы кейбіреулер руханисыздықтарын қалай көрсеткен?
11 Сеніміміз Ехобаның өзінің жердегі ұйымына бағыт беріп отырғанын көруімізге көмектеседі. Осыны түсінетін болғандықтан, біз қауымда жауапкершілік тапсырылған бауырластарға сынап қараудан аулақ боламыз. Елші Петір де, Исаның аналас інісі Яһуда да, кейбіреулердің руханисыз болғандықтары соншалық, мәсіхшілердің арасында жетекшілікті қолына алғандарды балағаттап жүргенін айтқан болатын және олардың әсерінен сақ болуды ескерткен (2 Петір 2:9—12; Яһуда 8). Осы сыншылар Ехобаны өз көздерімен көрген болса, оның көзінше сондай нәрселер айтар ма еді? Олай етуі екіталай! Алайда Құдай көзге көрінбейтін болғандықтан, сол руханисыз адамдар оған есеп беретінін ойламаған.
12. Қауымда жетекшілікті қолына алғандарға біз қалай қарауымыз керек?
12 Мәсіхшілердің қауымы кемелсіз адамдардан тұратыны рас. Ақсақалдар қателіктер жібереді, кейде олар тікелей бізге қатысты болар. Сөйткенмен де, Ехоба оларды өзінің отарына бақташы ретінде қолданып отыр (1 Петір 5:1, 2). Рухани тұрғыдан қарайтын адамдар Ехобаның өзінің халқына ақсақалдар арқылы да бағыт беретінін түсінеді. Сондықтан мәсіхшілер ретінде біз сыншыл, күңкілшіл рух танытпауға тырысамыз, қайта Құдайдың теократиялық құрылымын сыйлаймыз. Жетекшілерімізге мойынсұнуымызбен біз Көзге көрінбейтінді көріп жүргенімізді паш етеміз (Еврейлерге 13:17).
Құдайды Ұлы Ұстаз ретінде көру
13, 14. Жеке сендер үшін Ехобаны Ұлы Ұстаз ретінде көру деген нені білдіреді?
13 Рухани нәрселерді көре білу қабілеті бізге тағы бір нәрсе үшін қажет. Ишая былай пайғамбарлық еткен: “Көздерің Ұлы Ұстазыңды көретін болады” (Ишая 30:20, ЖД). Өзінің жердегі ұйымы арқылы Ехобаның бізді өзі үйретіп отырғанын түсіну үшін сенім қажет (Матай 24:45—47). Құдайды Ұлы Ұстаз ретінде көру Киелі кітапты үнемі терең зерттеу мен мәсіхшілердің кездесулеріне үздіксіз қатысуды ғана емес, бұдан да көп нәрсені білдіреді. Бұл — Құдайдың рухани сыйларын мүмкіндігінше көбірек пайдаға асыруды білдіреді. Мысалы, рухани бағыттан ауып кетпеу үшін, біз Ехобаның Иса арқылы жүзеге асырып отырған басшылығына мейлінше мұқият болуымыз керек (Еврейлерге 2:1).
14 Рухани асты мүмкіндігінше пайдаға асыру үшін кейде ерекше күш салу қажет. Мысалы, бізде Киелі кітаптағы өзімізге түсініксіз болып көрінген жерлерін апыл-құпыл үстіртін оқып кете салатын әдет пайда болуы мүмкін. Өзге біреулеріміз “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын оқығанда өзімізді қызықтырмайтын тақырыптарды тіпті оқымай тастап та кететін болармыз. Немесе мәсіхшілердің кездесуінде отырып қиял қуып кетерміз. Ал егер талқыланып жатқан мәлімет жөнінде терең ой жүгіртер болсақ, назарымыз басқа жаққа аумайды. Рухани басшылығына деген үлкен ризашылығымыз Ехобаны Ұлы Ұстазымыз ретінде мойындайтындығымызды көрсетеді.
Біз есеп береміз
15. Қалай кейбіреулер Ехоба көрмей тұрғандай әрекет еткен?
15 Көзге көрінбейтінге сену өте қажет, өйткені қазір, ‘заманның ақырында’, бұрын-соңды болмағандай зұлымдық жайлап кетті (Даниял 12:4, СА). Арамдық пен азғындық үйреншікті нәрседей қабылданады. Ехобаның біздің іс-әрекетімізді тіпті бізді адамдар көрмей тұрған жағдайларда да бақылап отыратынын есте ұстағанымыз даналыққа жатады. Кейбіреулер бұл жайында ұмытып кетеді. Өзгелер көрмей тұрғанда олар Киелі кітапқа қайшы келетін әрекеттер жасауы мүмкін. Мысалы, әлдекім Интернеттен, теледидардан немесе қазіргі техниканың басқа бір түрінің көмегімен зиянды нәрселер мен порнографияны көруден бас тарта алмайды. Мұндай істер жалғыз болған кезде ғана істелетіндіктен, кейбіреулер Ехоба көрмей тұрғандай әрекет етеді.
16. Ехобаның жоғары талаптарын орындауымызға не көмектеседі?
16 Елші Пауылдың сөздерін есте ұстаған абзал: “Әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз” (Римдіктерге 14:12). Күнә жасаған сайын, Ехобаға қарсы күнә жасап жатқанымызды түсінуіміз керек. Мұны білгеніміз Оның жоғары талаптарына сәйкес әрекет етуімізге және арамдалған істерден аулақ болуымызға көмектеседі. Киелі кітап былай деп ескертеді: “Құдайдан жасырын жатқан ешбір жан иесі жоқ, Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Оның алдында есеп беруге тиіспіз” (Еврейлерге 4:13). Құдайдың алдында есеп беретініміз рас, бірақ бізді Ехобаның еркін орындауға және оның әділ талаптарына мойынсұнуға оған деген терең сүйіспеншілігіміз талпындырады. Көңіл көтеру әдісін таңдағанда және қарама-қарсы жынысты адамдармен қарым-қатынасымызда мұқият болғаймыз.
17. Қай мағынада Ехоба бізді бақылап отырады?
17 Ехоба бізді мұқият бақылап отырады, алайда бұл — ол біздің қателесіп қалғанымызды асыға күтіп, бізді жазалағысы келіп тұрады дегенді білдірмейді. Керісінше, тілалғыштығы үшін балаларына игі сый бергісі келетін әке іспетті, ол бізді біздің игілігіміз үшін бақылап отырады. Көктегі Әкемізді біздің сеніміміздің қуантатыны, сондай-ақ Оның ‘Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді... жарылқайтыны’ көңілімізге қандай жұбаныш береді десеңші! (Еврейлерге 11:6). Ехобаға барынша сеніп, ‘Оған шын жүректен және жан-тәнімізбен қызмет’ етелік (1 Шежірелер 28:9, СА).
18. Ехобаның бізді бақылап отыратындығына және біздің адалдығымыздың оның назарынан тыс қалмайтынына қатысты Киелі кітап бізді не нәрсеге сендіреді?
18 Нақыл сөздер 15:3-те (СА) былай делінген: “Тәңірдің көзі барлық жерде. Оның көзі жамандарды да, жақсыларды да көріп тұр”. Иә, Ехоба жаман адамдарды бақылап отырады, сөйтіп олардың жүріс-тұрысына сай әрекет етеді. Ал егер біз ‘жақсылардың’ қатарында болсақ, адал істеріміздің Ехобаның назарынан тыс қалмайтынына күмәнданбасақ та болады. ‘Иемізбен жүріп атқарған еңбегіміздің бекер еместігін’, сондай-ақ Көзге көрінбейтіннің біздің ‘игі істерімізді... Өзіне де [“Оның есімі үшін”, ЖД] көрсеткен сүйіспеншілігімізді ешқашан есінен шығармайтындығын’ білгеніміз қалайша сенімімізді нығайтады десеңші! (1 Қорынттықтарға 15:58; Еврейлерге 6:10).
Бізді Ехоба тексерсін
19. Ехобаға деген берік сенімнің қандай пайдасы бар?
19 Ехобаға адал қызмет ететін болғандықтан, біз ол үшін қымбатпыз (Матай 10:29—31). Ол көзге көрінбейтін болса да, біз оның бар екендігіне сенімді болып, онымен теңдесі жоқ қарым-қатынасымызды бағалай аламыз. Көктегі Әкемізге деген көзқарасымыздың осындай болғаны біз үшін өте пайдалы. Сеніміміздің берік болғаны жүрегіміздің пәк және Ехобаның алдында ар-ұжданымыздың таза болуына көмектеседі. Сонымен қатар шынайы сенім бізді екі жақты өмір сүруден сақтайды (1 Тімотеге 1:5, 18, 19). Құдайға деген берік сеніміміз өзгелер үшін үлгі болып, жақсы әсер қалдырады (1 Тімотеге 4:12). Оның үстіне, мұндай сенім мінез-құлқымыздың Ехобаның жүрегін қуантатындай оған ұнамды болуына ықпал етеді (Нақыл сөздер 27:11).
20, 21. а) Ехобаның бізді мұқият бақылап отыратындығы неге біз үшін пайдалы? ә) Забур 138:23, 24 тармақтардағы принциптерді қалай қолдануымызға болады?
20 Парасатты болсақ, Ехобаның бізді бақылап отырғанына қуанатын боламыз. Біз оның бізді көргенін ғана емес, ойымыз бен іс-әрекетімізді мұқият тексергенін қалаймыз. Дұға еткенде Ехобаның бізді ‘тексеріп’, бойымыздағы жағымсыз нәрсеге деген кез келген бейімділікті көрсеткенін сұрағанымыз абзал. Оның біздің проблемаларымызды шешіп, қажетті өзгерістер жасауымызға көмектесетіндігінде күмән жоқ. Забур жыршысы Дәуіт былай деп дұға еткен: “Уа, Құдай, жүрегімді тексере гөр, мазалаған ойларымды біле гөр, қауіпті жолдамын ба, сынап шығып, мәңгі өмірдің жолымен жүргізе гөр!” (Забур 138:23, 24).
21 Дәуіт Ехобаның оны ‘тексеріп’, ‘қауіпті жолда ма’ — соны көруін жалбарынып сұраған. Забур жыршысы іспетті, Ехобаның жүрегімізді тексеріп, жаман пиғылдарымыздың бар-жоғын көруін біз де қалаймыз ғой, солай емес пе? Олай болса, сеніммен Ехобадан бізді тексеруін сұралық. Қандай да бір қателігіміз бізді мазалай беретін болса немесе бойымызда жағымсыз бейімділік бар екендігі анықталса ше? Мұндай жағдайда сүйіспеншілікке толы Ехоба Құдайымызға үздіксіз дұға етіп, оның киелі рухына, сондай-ақ оның Сөзіндегі өсиеттерге кіші пейілділікпен мойынсұнайық. Оның бізге қолғабыс болып, мәңгілік өмірге апаратын жолмен жүруімізге көмектесетініне күмәнданбасақ та болады (Забур 39:12—14).
22. Көзге көрінбейтінге қатысты біз не нәрсеге бел бууымыз керек?
22 Иә, Ехобаның талаптарын орындайтын болсақ, ол бізге батасын беріп, мәңгілік өмір сыйлайды. Әрине, елші Пауыл сияқты, біз де оның құдіреті мен билігін мойындауымыз керек, ол былай деп жазған: “Мәңгілік Патша — өлмес, көзге көрінбес бірден-бір Құдай мәңгі құрметтеліп, ұлылығы мадақтала берсін! Аумин” (1 Тімотеге 1:17). Біз де Ехобаны осылай терең қастерлей берелік. Сондай-ақ, қандай жағдайда болмасын, әрі қарай да Көзге көрінбейтінді көріп тұрғандай берік болайық.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қай мағынада адамдар Құдайды көре алады?
• Ехобаның бар екендігіне сенер болсақ, қудалауға ұшырағанда біз қалай әрекет етеміз?
• Ехобаны Ұлы Ұстазымыз ретінде көру деген нені білдіреді?
• Неге біз Ехобаның бізді тексергенін қалауымыз керек?
[12-беттегі сурет]
Мұса перғауыннан қорыққан жоқ, ол көзге көрінбейтін Құдай Ехобаны көріп тұрғандай әрекет етті
[15-беттегі сурет]
Ешқашан да Ехоба көрмей тұрғандай әрекет етпелік
[17-беттегі сурет]
Құдай туралы білім алу үшін біз бар күшімізді саламыз, өйткені біз оны Ұлы Ұстазымыз ретінде көреміз