Римдіктерге
14 Сенімі әлсіз адамнан теріс айналмаңдар+ және түрлі көзқарастарға қатысты* үкім айтпаңдар. 2 Біреудің сенімі барлық тағамды жеуге жол береді, ал сенімі әлсіз адам тек көкөніс жейді. 3 Барлық тағамды жейтін адам олай етпейтін адамды менсінбей жүрмесін. Бәрін бірдей жемейтін адам болса барлық тағамды жейтін адамды айыптамасын+, өйткені Құдай оны да қабылдаған. 4 Өзгенің қызметшісін айыптайтындай сен кімсің+? Қызметшісі тұра ма, құлай ма — қожайыны шешеді+. Ехобаның өзі көмектесетіндіктен, қызметшісі оның алдында нық тұрады.
5 Біреу бір күнді екіншісінен маңызды санайды+, ал өзге біреу күндердің бәрі бірдей деп есептейді+. Әркім өз ойына сенімді болсын. 6 Бір күнді екіншісінен маңызды санайтын адам мұны Ехоба үшін істейді. Барлық тағамды жейтін адам Ехоба үшін жейді, өйткені соған ризашылық білдіреді+. Барлық тағамды жемейтін адам да одан Ехоба үшін бас тартады, әрі ол да бұл үшін Құдайға ризашылық білдіреді+. 7 Ешқайсысымыз өзіміз үшін ғана өмір сүрмейміз+, өзіміз үшін ғана өлмейміз. 8 Өйткені өмір сүрсек, Ехоба үшін өмір сүреміз+, ал өлсек, Ехоба үшін өлеміз. Сондықтан өмір сүрсек те, өлсек те Ехобаның меншігіміз+. 9 Мәсіх өлілердің де, тірілердің де Иесі болу үшін өліп, қайта тірілді+.
10 Олай болса, неге бауырласыңа үкім айтасың+? Неге бауырласыңа менсінбей қарайсың? Бәріміз де Құдайдың төрелік тағының алдында тұрамыз ғой+. 11 Өйткені Жазбаларда былай делінген: “Менің алдымда әрбір адам тізе бүгеді, әрбір тіл Құдай екенімді ашық мойындайды+. Бұл сөзім — менің тірі екенімдей хақ+,— дейді Ехоба”. 12 Демек, әрқайсысымыз өз іс-әрекетіміз үшін Құдай алдында есеп береміз+.
13 Ендеше бұдан былай бір-бірімізді айыптамайық+. Оның орнына, бауырластарыңның алдына сүріндіретін тас қоймауға не оны сенімнен тайдыратын ештеңе істемеуге бекініңдер+. 14 Иеміз Исамен байланыста жүрген мен ештеңенің өздігінен арам емес екенін білемін+, әрі бұған сенімдімін. Ал адам қандай да бір нәрсені арам деп есептесе, ол сол адам үшін арам. 15 Бірақ сенің жеген тамағың үшін бауырласың қорланса, сүйіспеншілікпен әрекет етуді қойғаның+. Жеген тамағыңа бола оның құрып кетуіне жол берме, өйткені Мәсіх ол үшін де өмірін қиды ғой+. 16 Игі деп жасаған істерің үшін жұрт сендерді даттап жүрмесін. 17 Өйткені Құдай Патшалығына кіру ішіп-жеуге емес+, киелі рух арқылы әділдікке, татулық пен қуанышқа ие болуға байланысты. 18 Мәсіхке осылай қызмет ететін адам Құдайға да, адамдарға да ұнамды.
19 Олай болса, өзара тату болуға+ және бір-бірімізді нығайтуға ықпал ететіннің бәрін істейік+. 20 Тамаққа бола Құдайдың ісін құртуды доғар+! Рас, бәрі де таза, бірақ біреудің жеген тамағы өзгенің сенімнен таюына себепші болғаны жаман+. 21 Ендеше ет жемегенің, не шарап ішпегенің, не бауырласыңды сүріндіретін басқа да нәрселерді істемегенің жақсы+. 22 Сенімің Құдай мен сенің араңда болсын. Дұрыс деп тапқан ісі үшін өзін айыптамайтын адам бақытты. 23 Ал күмәндана тұра жесе, онда айыпты, өйткені сеніммен жеген жоқ. Сеніммен істелмеген нәрсенің бәрі — күнә.